Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді…
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым бұл күнде мен.
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар,
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген.
Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен,
Жеткізіп айту қиын құр тілменен.
Бүгін маған жиырма керек боп тұр,
Алдында хор қызының іркілмеген.
Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз, аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын.
…Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім – бүлдіргенім).
Жарқ етіп жайдың оты шашылғанда,
Жалт беріп, қарауға да үлгірмедім…
* * *
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады…
Жанымды жаралады.
Шәміл-ау!
Білесің бе?
Шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады.
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін!
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің…
Дайындаған: Біржан Ахмер