8-наурыз «Халықаралық әйелдер» күні
Өткізілетін орын:
Жауапты қызметкер:
Жүргізуші:
Қайырлы күн, құрметті әріптестер, аяулы да ардақты аналар, қызғалдақтай құлпырған қарындастар!
Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана. Балапанын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – ана. Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана – отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді.
Бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мекеме басшысына сөз береміз.
Жүргізуші:
Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Адам бойындағы барлық қасиеттер – Күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен даритыны сөзсіз.
Олай болса, келесі кезекте аналар қауымының құрметіне тамаша ән тарту етпекпіз. Қалалық, облыстық ән байқауларының жүлдегері … орындауында «Ана-әке» әні. Қабыл алыңыздар!
Жүргізуші:
Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған Айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.
Бұл өлең жолдары – қазақ қызының көрікті ғана емес, әдепті болғанын аңғартады. Дана халқымыз қыз баланы ардақтап, оған ауыр сөз айтпай мәпелеп өсірген. Оларға ең әдемі сөздер мен ең әдемі гүлдерді сыйға тартқан. Өйткені сол құрметке қазақ қыздары әбден лайық деп ойлаймыз.
Ендеше, ұжымымыздың жігіттері сіздерге арнап өлең шумақтарын оқиды. Қошеметпен қарсы алайық!
Жүргізуші:
Бабаларым қыздарды қадірлеген,
Қыз баладан басталар өмір терең.
Ауыл көркі қыз болып, ән айтылып,
Күн болмаған сазды күй төгілмеген.
Аяулы аналар мен күміс күлкісі сыңғырлаған аруларымызға тағы да бір ән тарту етпекпіз. Қалалық, облыстық ән байқауларының жүлдегері, … орындауында «Асылым» әні. Қабыл алыңыздар!
Жүргізуші:
Текті жұртымыз «Қыздың қабағында құт бар», «Қыз – елдің көркі» дейді. Қыз табиғатының өзі гүлге ұқсауы бекер емес. Әу бастан-ақ нәзіктіктен нәр алған олардың отбасындағы орны бөлек. Еңліктей ерке, Жібектей жұмсақ, Әйгерімдей әдемі қыздарымыз жасай берсін деп тілейміз!
Келесі кезекте, махаббат диалогін тамашалаңыздар.
(Қыз бен жігіт)
Жүргізуші:
Мекке менен Медине – жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
Шал ақынның бұл өлең жолдары үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен қазақ жігіттерінің бойтұмарына айналды. «Ананың табанының астында жұмақ бар» деп бекерге айтпаса керек.
Келесі кезекте, тағы бір талантты өнерпазымыздың көңілге шаттық сыйлайтын тамаша әніне бір билеп алайық.
(Вальс)
Жүргізуші:
Көрік дегенді тек әсемдік, әдемілік деп түсінсеңіз, онда олар жансыз бұйымдар ғана болар еді. Қадыр Мырза Әлінің қанатты сөздерінде: «Әдемі қыз – көзіңе жақын, әдепті қыз – көңіліңе жақын», – дегені бар.
Ал Мұхтар Шаханов: «Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел есте, Шын сұлулық – тереңдікте емес пе?» деп жырлайды. Осынау асыл қасиеттер сіздердің бойларыңыздан табылып жатқанына қуанамыз.
Ойын.
Жүргізуші:
Дүниедегі ең бай адам кім?
Жиғаны бар емес – Иманы бар адам бай,
Ақшасы бар емес – Ата-анасы бар адам бай,
Ордасы емес – отбасы бар адам бай,
Алтыны емес – ақылы бар адам бай.
Осымен бүгінгі кішігірім кешіміз аяқталды. Алтын құрсақты аналардың, сұлулық тұнған қыздарымыздың мекесі тағы бір мәрте құтты болсын!