Топан су ойран салып жатқанда құр ескерту жасаумен құтылатын шенеуніктерді министр сынға алды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Топан судан көз ашпаған Қарағанды облысындағы жағдай қазір адам шошырлық. Қызыл су Нұркен, Ағадыр , Ынталы, Ақшоқы және Жарлы секілді 8 ауылды шайып кетті. Тіпті, қарқыны қатты тасқын электр бағандарын да құлатқан. Соның кесірінен Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарына қарасты 20-ға жуық ауыл жарықсыз қалды.
Павлодар облысының жұрты да жандарын шүберекке түйіп отыр. Әсіресе, Баянауыл мен Май ауданындағы жағдай қиын. Қызыл су жер үйлерге жайылып, дүние мүлік бетінде қалқып жүр. Халық құм толы қапты қорған қылғанымен, одан пайда жоқ.
Ал премьер-министр топан су ойран салып жатқанда құр ескерту жасаумен құтылатын шенеуніктерді қатаң сынға алды.
“Кезекшілік қойып, бір адамды шығармаңдар. Тұрғындардың көбі өзіне ештеңе болмайды деп ойлайды. Өйткені психология сондай. Сондықтан қауіп төнсе адам түгілі, көлікті шығармау қажет. Өйткені жоқ жерден азаматтарымыздан айрылып жатырмыз”, – дейді премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаевтың бұлай алаңдауы бекер емес. Өйткені, қызыл су Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Павлодар облыстарында 40-тан астам тас жолды шайып үлгерген. Сондықтан осы 4 аймақта қазір автожолдар уақытша жабық тұр.