Атажұртқа көшіп келе жатып, ақпан айында Майқапшағай кеден бекетінде 50 мың доллар шамасында ақшасынан айырылған, кеденшілер тарапынан «контрабандамен» айналысты деп айыпталған Гүлжан Мәуітханның ісін прокуратура қысқартты деп жазады Qamshy.kz.
Бұл туралы аталған істің басы-қасында болып, жесір анаға жалпықазақстандық ақпараттық қолдау көрсетуге мұрындық болған қоғамдық өкілі Ұларбек Дәлейұлы өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
«Ағайындар, сүйінші сұрай беруге болар, Шығыс прокуратурасынан жақсы хабар жетті. Шекарада бар қаржысынан айырылған Гүлжан апайдың ісі қысқарыпты бұйырса!
Прокуратураның арнайы қаулысын ертең аламыз. 4 ай бойы төккен тер, еткен еңбек далаға кетпеген сыңайлы. Ақшасы қолына тисе өшуге айналған үміті қайта жанып, көңілі орнына түсіп, Қазақ Еліндегі тірлігін жалғастыра береді бұйырса.
Бұл іске атсалысқан ағалар Erlan Sairov, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Aizhan Daribaeva қатарлы кісілерге, заңгерлерге, азда болса қаржылай қол ұшын созған Рысбек Мәуіт сияқты азаматтарға, өзге де мыңдаған тілеулестерге айтар алғыс мол!», – деп жазған Ұларбек Дәлейұлы қуанышын жұртпен бөлісіп.
Еске сала кетейік, 8 ақпан күні Қытайдан Қазақ еліне оралу мақсатында көшіп келе жатып, ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 49,900 АҚШ доллары тәркіленген Мәуітхан Гүлжан есімді жесір ананың тағдыры қыл үстінде еді. Күйеуінен жастай жесір қалып, екі баласын өмірдің небір тауқыметін тарта жүріп ер жеткізген Гүлжан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан үй алуды көздеген екен. Алайда, қиын жағдайға тап боламын деп ойламаған.
«Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 49900 АҚШ долларынан айырылған жесір анаға байланысты бірінші сот отырысы 17 наурызда Зайсан қаласында өткен болатын. Сот үкімі 234-бап бойынша Гүлжан Мәуітханқызын айыпты деп таныған. Сонымен қатар, 68 мың теңге айыппұл салып, қалған 40 мың долларды мемлекетке кіріс ретінде аударған еді. Алайда, бірінші сот шешімін әділетсіз деп наразы болған жұрттың қарасы көп болды. 10 сәуір күні Гүлжан Мәуітханқызы Зайсан аудандық сотының шешіміне келіспей, ШҚО сотына апелляциялық шағым түсірген болатын. Осы шағым бойынша 1 маусымға сот белгіленген. Оған байланысты 23 мамырда Астанада кезекті мәрте баспасөз мәслихаты өткен еді. Маусым айында өткен сот Зайсан қаласының шығарған сот шешімінің түгелдей күшін жойды.
Ұларбек Дәлейұлы атап жазғандай, Ерлан Сайыров, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Айжан Дәрібаева сияқты қоғамдық тұлғалар зардап шеккен анаға құқықтық, заңдық көмек көрсеткен еді. Сондай-ақ, аталған іс дұрыс нәтижемен аяқталмаса көші-қон саясатына да салқыны тиетінін билік пен заң орындаушы органдарға ескерткен болатын.
Майқапшағай кеден бекетінде контрабанда деген күдікпен ақшасы алынып қойған Гүлжан Мәуітханның ісі кедендік заңның солқылдақ екенін паш етті. Ақшасынан айырылып қалған ананы қоғам жалғыз қалдырған жоқ, қалың ел болып демеп, әлеуметтік желіде де үлкен қолдау көрсетті. Алайда ол кісінің басындағы жағдай тағы да қайталанбайды деп айту қиын. Осыған байланысты Qamshy.kz Атажұртқа бет түзеген қандастарға Құқықтық кеңес жариялаған еді.
Опубликовано Ұларбеком Дәлейұлы 16 июля 2017 г.