Жұма, Желтоқсан 22, 2017
Негізгі > Бас баған > АКМЕҚОҒАМ – ІЗГІЛІК МЕКЕНІ немесе қазақ елінің бейбітшіл болмысы

АКМЕҚОҒАМ – ІЗГІЛІК МЕКЕНІ немесе қазақ елінің бейбітшіл болмысы

Негізгі анықтама: Акмеологияны – адамның шығармашылық ғұмырына, кәсіптік шыңға жетуіне ықпал ететін факторлар мен заңдылықтарды зерттейтін ғылым, жаратылыстану, қоғамдық және гуманитарлық пәндер тоғысында пайда болған, белгілі бір іс-әрекет сферасында адамның жоғары дәрежеде акме дамуы жөніндегі ғылым. Кемелденуді өздігінен білім алу, өзін-өзі түзету, өзін-өзі басқару құралдары арқылы өзін-өзі жетілдіруге қабылеттілік деп қарастырады.

Акмеқоғам – адамзаттың бағзы замандардан арман етіп келе жатқан қоғамы. Адамзат тарихындағы ақыл-ой алыптары Сократ, Аристотель, Құңфудзы, өз топырағымыздан шыққан Әбунасыр Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім сынды даналарымыз адам бойында болуы тиіс асыл қасиеттерді дәріптей келе адам өмірінің мән-мағанасы мен асыл мұрат, мақсатын айқындап бергені мәлім. Жалпы, өткен замандардағы барлық ғұламалардың өмірге деген көзқарастары сайып келгенде бір арнаға – адам бойындағы ізгілікті қасиеттер арнасына келіп тоғысып жатады. Солардың барлығы да адамзаттың бақытқа жету жолын осы ізгілік арнасынан көреді. Данышпан бабамыз Әбунасыр Әл-Фараби «Бақытқа жету жайында» трактатында: «Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халықтар мен қала тұрғындары қол жеткізсе олар бұл өмірде дүние бақытына, басқа өмірде алыс бақытқа жетеді. Бұлар теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер» деп жазған.

Әлемдегі әрбір халық сияқты біздің қазақ халқы да бостандық пен бақыт жолында ғасырлар бойы күресумен келгенін тарихтан білеміз. Бақытты заман – қазақ ұғымында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман. Сол бақыт жолындағы күресте халқымыз қаншама қасыретті тағдырды бастан кешкенін өкінішпен еске ала отырып, енді міне, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, бабалар арманының орындалып, шынайы бостандыққа қол жеткізгеніміз үшін бүгінгі ұрпақ Тәңірге  мың да бір тәубе айтамыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында білім, оқыту саласының алдына акме-қоғам туралы ілім – акмеологияны жастар арасында насихаттау туралы тапсырма берілген. Нақтырақ айтсақ, «ҚР Білім және ғылым министрлігі орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын» деген.

Сонымен, акме-қоғам деген не?Жалпы, қоғам туралы әңгіме көп. Біз, кешегі социализм тұсында өмір сүрген ұрпақ, марксизм-ленинизм іліміне сүйеніп, таптық тұрғыдан мынадай жіктеу жасадық: алғашқы қауымдық қоғам, құлдық қоғам, феодалдық қоғам, капиталистік қоғам, социалистік қоғам, коммунистік қоғам тағысын тағылар. Кейінде, төрт құбыламыз түгел ашылған тұста, қоғамды таптық тұрғыдан емес, өркениеттің өлшемімен өлшей бастағанымызда: дәстүрлі қоғам, азаматтық қоғам, тоталитарлық қоғам, демократиялық қоғам, ашық қоғам, жабық қоғам, тағысын тағылар деп тани бастадық. Мақсат осы қоғамдарға анықтама беруімізде емес, акме-қоғам туралы білетіндерімізді ортаға салу, бүгінгі тіршілігімізге, оның ішінде Семейге қатысты жағын тілге тиек етуде болып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев акме-қоғам мәселесін неге көтеріп отыр?

Жалпы Елбасының осы мақаласында бұрын бізге етене жақын емес көптеген сөз қолданыстар мен терминдер самсап жүр. Бұл жаңа дүниенің жаңғырған идеяларынан туса керек.

Акме-қоғамның, яғни «үлгілі қоғамның» кейбір өлшемдері мынаған саятын көрінеді: ол капиталға қарағанда білім ролінің артуы, шағын және орта бизнестің күшеюі, ғылыми зерттеулер қарқынының күшеюі, ой еңбегінің артып, қол еңбегінің азаюы, білім жетілдіруге шығынның ұлғаюы, әкімшілік орнына интеллектуалдар класы дәрежесінің және кеңесшілер, сарапшылар ролінің артуы. Міне, осындай жағдайда жұмыс берушілерге қызметкерлердің тым тәуелді болу мәселесі азаймақ.

Әрине, акме-қоғам туралы әртүрлі ойлар, сан түрлі көзқарастар болып жатуы заңдылық. Арман мен үміт жүрген жерде күдік те қоса жүрмек. бірақ, ол қоғамның басты мұраты –  ізгілік. Ізгілік мұратынсыз берген білім адамзатты катастрофаға, тығырыққа тіреді. Тәрбиесіз берген білім – қатер (Әл-Фараби). Айталық, осы қоғамдық ілімнің көрінекі өкілі Владимир Вернадский қоғам өмірінен соғыс ұғымын жою керектігін айтқан. Алайда мәселе күн өткен сайын ушығып барады. Немесе, адамдар нәсілі діні жағынан тең болуы керек деген. Ал, қазіргі заманда осы екі мәселеде адамзаттың жауығуы өршімесе, өшпей тұр.

Евроцентристер ежелден ізгіліктің бәрі европада, тағылықтың бәрі шығыста деп келген болатын. Білім, ғылым, өркениет ордасы деп аталатын  Батыс Еуропада өткен ғасырдың отызыншы жылының соңында соғыс өрті бұрқ ете түсті. Ол бірте-бірте әлемдік қырғынға апарып соқтырды. Гитлер бастаған неміс фашизмі жаңа әлемдік тәртіп орнатпақшы болды. Олардың айтуынша, ол мың жылдық болу керек еді. Бұл идея  1945 жылдың  9 мамырында тас-талқаны шықты. Фашизм түп-тамырымен жойылды. Керісінше, Шығыс Еуропада өзгеше мәндегі жаңа тәртіп орнады. Югославия, Германия, Чехословакия, Венгрия, Польша, Болгария, Албания, Румыния, оларға қоса Прибалтиканың үш елі – Латвия, Литва, Эстонияда социализм орнады. Шығыста Қытай Халық Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы социалистік жолға түсті. Бұл әрине, АҚШ пен Англияға ұнамады, сонымен, екі система арасында «қырғиқабақтық» басталды. Сталин «жолдас» Черчилльді Гитлермен қатар қойды, Гитлерді неміс тілінде сөйлейтіндерді ғана толыққанды нәсіл десе, Черчилльді тек ағылшын тілінде сөйлейтіндерді дәріптейтін нәсілшіл деді. Бұның алдында АҚШ Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастап, адам баласы бұрын-соңды естіп-көрмеген сұмдық – жүздеген мың жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратқан болатын. Әйтеуір әлем шиеленіске толып кеткен, бұл адамзаттың дағдарысы еді.

Осы кезде ары шыдамаған ғалымдар әлемге жар салды. Ол тарихқа Рассел-Эйнштейн Манифесі деген атпен кірді. Бұл адамзат ақыл-ой иелері армандаған Акме-қоғамға қарай жасалған ізгілік қадамының алғашқысы болатын.

Осы Манифест 1979 жылы КСРО-да «Мир науки» журналының үшінші санында жарияланды. Бұл, әрине сол кездегі партия және үкімет тарапынан қолдау табуы мүмкін  емес болатын, сондықтан  жұртшылыққа да насихатталмады. Мұндай жаңалық ол кездегі, әсіресе, партия басшылары үшін  аса қауіпті.  Себебі, оларға Ауған еліне әскер енгізу, әсіресе, Семей Атом полигонында жарылыстарды үсті-үстіне жүргізу тіпті де мүмкін болмас еді.

Айтар ойымызды аша түсу үшін осы Манифестке қол қойған он бір ғалымның бірі, әйгілі философ Бертран Расселдің  Ұлыбритания радиосынан сөйлеген сөзінен үзінді келтіргенді жөн көріп отырмыз. «Мен сіздердің алдарыңызда ағылшын да, европалық та емес, Батыс демократиясының өкілі де емес, бұдан әрі өмір сүруіне қатер төнген адамзат ұрпағының өкілі ретінде сөйлеп тұрмын. Бүкіл әлем қайшылықтарға толы: дүниеде арабтар мен еврейлер, үнділер мен пәкістандықтар, Африкада ақ нәсілдер мен негрлер, қала берді, коммунизм мен антикоммунизм арасындағы алапат тартыстар жүріп жатыр. Әрбір саяси саналы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік болғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жағына шығып кетпей, тамаша биологиялық тарихы бар жан иесінің өкілі ретінде іс-әрекет жасап,өзінің жойылып кетпеуіне  күш жұмсауы керек. Жер бетіндегі барша халыққа біркелкі қауып-қатер төніп тұр. Тек соны түсіну қажет. Сол үшін бәріміз бірігіп, тізе қосып, күш жұмсап, апаттан аман сақтаудың жолын іздестіргеніміз жөн»  деген болатын.

Әлем мойындаған, осы он бір қайраткерінің тағы бірі, осы қозғалыстың президенті, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Ротблат: «В своих дискуссиях мы, как ученые, стремились находить пути ликвидации конфликтов, приостановки гонки вооружений, которая, в случае ее продолжения обязательно имела бы катастрофические последствия для всего человечества»,- дейді.

Осы Рассел-Эйнштейн манифесі қаулысының елу жылдығын   әлемнің бейбітшіл жұртшылығы атап өтті. Оны нақтылы іске асыруды бастаған  КСРО-ның лидері Михаил Горбачев болды. Бұл акмеқоғамға бет алудың екінші кезеңі еді. М. Горбачев әлемдік ядролық соғыс қаупін күн тәртібінен түсірді. Никита Хрущев бастаған әйгілі «Кариб дағдарысы» сияқты оқиғалар тарих қойнауына кетті.

Сексенінші жылдардан бастап әлемдік социалистік жүйе шайқала бастады. Ескі тәртіпке көнгісі жоқ жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Алып қытай елінде өзгерістер басталды. КСРО деп аталатын алып империя құлады, одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін заңды түрде жариялай бастады.

Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев бірден батыл қадамға барып, ядролық державаға айналған Семей поигонынан бас тартты. Ол   әлемде осындай қуатты қарудан  саналы түрде бас тартқан бірінші патша!  Бұрын-соңды әлемде мұндай қадам жасалмаған. Бұл тарихи шешімді құптамағандар да болған. Бірақ бұл істің дұрыстығын төреші-уақыт  дәлелдеді. Айтулы тарихи шешім Қазақ елінің бейбітшіл болмысын әлемге танытты.

Бұл – акме-қоғамға қарай адамзат көшінің беталысы Нұрсұлтан Назарбев арқылы бұрылған үшінші қадам еді!

Сол үшінші қадамның алғашқы баспалдағы Семейден, яғни, Елбасымыздың Семей ядролық сынақ полигонын жабудан басталып тұр. Соның белгісіндей  Семей қаласының Түйемойнақ-Алаш аралында 2001 – жылы «Өлімненде күшті» монументі орнатылды. Ядролық сынаққа қарсы қауымның республикалық, халықаралық жиынын өткізу орталығына айналған осы жерде 2009 жылы КР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен халықаралық конференцияда аса маңызы үндеу қабылданды. Әлем елдерін бейбіт өмір ұстанымын бұзбауға шақырған Үндеу мазмұны – 29 тамыз – ядролық поигон жабылған мезгілді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде тану. Қазақстан Президендінің парасатты бастамасымен дүниеге келген Үндеу БҰҰ-ның қарауына ұсынылып, бірден халықаралық деңгейде қолдау тапты. Сол жылдары Вашингтонда өткен самитте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсы күрестегі қозғалыстың басшысы болуға шақырып, оған Қазақстан басшысының моральдық, этикалық құқық тұрғысынан әбден лайық екенін ашық жеткізді.

Халықаралық сипатқа ие болған Үндеудің де тұғыры Семей топырағында тұр. Ол жаңағы әлемдік деңгейдегі Бейбітшілік алаңына айналған Түйемойнақ аралы. Жыл сайын осы аралда, осы алаңда бүкіл әлемнің бейбітшіл елдерінің өкілдері жиналып, бас қосып, жұмыр Жер тағдырын сөз еткенде тағы бір тарихи сабақтастыққа тәнті боламыз. Дәл осы тұғырлы орынның арғы тарихына бармай-ақ бір ғасыр бұрынғы көрінісіне ой жүгіртіп көрелік. Ұлтының тағдыры мен ұрпағының болашағына алаңдаған Алаш арыстары осы аралда сан қайтара бас қосып, кеңес өткізген. Азаттық аңсаған Алаш Серкелерінің арманы да халқына бейбіт күн орнатып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман тудыру еді.

Алаш арыстарының арман-мұраттарының Қазақстанның бүгінгі даму үрдісімен үндесуі де бір заңдылықты байқатады. Алаш қозғалысының бүкіл саяси платформасындағы мақсат та – ұлтымызды терезесі тең, керегесі кең елдер қатарына қосу болды. Мұндай мұрат-мүддені ұлт лидерлеріне ортақ көзқарастар жақындығы, мүдделер, арман-тілектер ортақтастығы тудырды. Оған алаштықтар арасында осы аралда өткен сандаған басқосулар, пікірталастар, дискуссиялар да себеп болды деп есептейміз.

Басы Асан Қайғыдан басталатын ізгілік жолын алаш қозғалысы кешегі жиырмасыншы ғасырдың басында жалпы ұлттық сипатқа ұластырды. Ол «Қарқаралы петициясынан» бастау алып, Семейде өркен жайды. Алаш партиясының екінші құрылтайы «Алашорда Үкіметін» жариялап, оның астанасы Семей қаласы болып белгіленді. Алаш қайраткерлері гуманистер ретінде адамның адамға жасайтын қысастығын, зорлығын жан-тәндерімен жек көрді. Ал нағыз ойшылдар ретінде «ізгілік» дегеніміз әуейі түсінік емес, әлеуметтік ұғым екенін терең бағамдады.

Алаш қозғалысына қатысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» деген еңбегінде әділ бағасын беріп, бұл қозғалыстың және оның қайраткерлерінің негізгі мақсат-мүддесі тәуелсіздікке қол жеткізу және демократиялық-ізгілік бағыттағы мемлекет құру болғанын атап көрсетті: «…Осыдан тоқсан жыл бұрын қазақ конституциялық демократтары – кадеттердің өз бағдарламасында заң шығару билігін дума арқылы жүзеге асыруды, елде президенттік институтты енгізуді, тегіне, ұлтына, діни нанымына және жынысына қарамастан барлық азаматтарға сайлауға қатысу құқын беруді, делегаттар сайлауды төте, тең және жабық дауыс беру арқылы жүзеге асыруды ұсынғанын біреу білер, біреу білмес. Байқасаңыз, осыдан тура бір ғасырдай бұрын біз бүгін жүзеге асырып жатқан дүниелер көзделген екен. Бұл – қазақ халқының ұлттық ой-санасының толысуындағы аса бір буырқанысты кезең» деген болатын.

Міне, қазақ халқының сол булығып қалған буырқанысты кезеңі Елбасының ерен еңбектерінің арқасында қайта жаңғырып отыр. Жаңғыру жаһандық деңгейге ұласып – адамзат баласын яддролық қауіптен құтқару бастамасына жалғасты. Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл әрекеті маштапты дәстүрге айнала түсуде.

Бұл ядролық қарусыз әлем қалыптастыруға бел буған Қазақ елінің бейбітшіл болмысына өзгелердің тәнті болып келе жатқандығының белгісі.

Ядролық қарусыз әлем – ол бүкіл адамзат ұмтылуға тиіс ізгілік мұраты, біздің ортақ мақсатымыз, ата-бабаларымыз аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманы», бүгінгі ғылым тілінде – акме-қоғам.

Құсмілия Нұрқасым,
мәдениеттанушы.
Қайрат Сабырбаев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Семей қаласы.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation