Табиғаттың жаратылысы керемет. Дана да, дара да дүние есігін ашқан құтты мекен, құт мекен Баянаула көркі тіптен ғажап. Баянауыл – Павлодар облысының туристік айнасы. Тау бөктеріне барып, аспанмен таласқан таулар, тау мүсінді тұлғалар, жасыл шырша, жайнаған ну орман, жаны жайсаң жарқын халық көкірегіңе көк нұрын төгетіндей әсерде қаласың. Бұл мекен тұрғындар үшін ғана емес, жалпақ жұртқа аян. Келушілер саны толастамайды. Жаз болса мөлдір суға шомылып, бар «қайғысы» мен қалтарысын көлдің жағасында қалдырады. Қыс келсе ақ ұлпа қармен, жарқыраған күн нұрының сәулесімен шағылыса ерекше түске, нұрға бөленетін айналаны тамашалауға ағылып келіп жатады. Бұл да болса туризм саласының жанданғанының айқын көрінісі болса керек. Туризм ел экономикасының ілгері басуына һәм тұралап қалмауына тың серпін береді.
27-ші қыркүйек – Бүкілдүниежүзілік туризм күні. Бұл мереке 1979 жылы Испанияның Торремолинос қаласында Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясымен бекітілді. Атаулы күн жыл сайын 27-ші қыркүйек күні атап өтіледі. Меркенің мақсаты – туризмді насихаттау, оның әлемдік қауымдастықтың экономикасына қосар үлесін айту, әртүрлі елдер халықтарының арасындағы байланысты дамыту. Осы ретте аудандағы туризм саласының «жағдайы» қалай, қарқыны қандай екенін аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Әбеуовпен әңгімеден білдік.
– Биылғы жылы туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Жасыбай көлінің инфрақұрылымы жаңартылды. Осының арқасында көл жағалауының құмы жаңадан төселіп, түрлі-түсті жарық шашатын субұрқақ, демалыс аллеясы, жаяу жүргіншілерге арналған жол мен ойын алаңы салынып, жабдықталды. Жарықтандыру жұмыстары да жүргізіліп, абаттандыру да тұралап қалмады. Одан бөлек, демалушылар үшін басқа да қызмет көрсету түрлері мен орындары бой көтерді. Демалушылардың көңілін марқайтқан тағы бір игі іс – ұялы байланыс қызметі де жолға қойылды. Туризм кластерін дамыту мақсатында атпен серуендеу маршруты да іске қосылды. Жазғы демалыс маусымында серуеннің бұл түріне ниет білдіргендер қатары көп болды. Оларға Жасыбай аумағы мен Торайғыр маңына қатынар жолдар жасалды, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Қазақстан алпауыт мемлекет. Туризм саласы көш бастамаса да өзге елдермен тең түсе алатындай дәрежеде. Соның ішінде, Кереку өңірінің айбары мен айнасы, құты мен қазынасы саналатын Баянаула да Қазақстанның жұртқа аса зор мақтанышпен көрсетер құтты орны. Демалыс орнының ажарына сән қосу үшін де қарқынды қадамдар жасалды. Жасалатын да болады. Қызмет көрсету деңгейінің жоғары болуы себебінен жазғы маусымда өңірімізге келушілер саны толастамады. Аймақтан жиналғандармен қатар, өзге облыс, шекара асып, көлігімен ағылғандар да жетерлік.
– Биылғы жазғы маусымда Жасыбай көлінің жағасына демалуға, саф ауамен тыныстауға келгендер саны өткен жылғы есептен асып түсті. Ағымдағы жылы демалыс аймағы 160 мың туристерді қабылдады. Жасыбай көлі мен Әулиебұлақ маңында шоғырланған этноауыл да туристер үшін қызмет етті. Халықтың бай мәдени мұрасы – дәстүр мен салты да қазақ үйлерінде көрініс тапты. Ұлттық тағамдар дастарханның сәнін келтірді. Ендігі кезекте қысқы туризмді дамыту да қолға алынып отыр. Мырзашоқы тауында инфрақұрылымдық жұмыстар жасалынып, бүгінгі таңда 70 кабиналы арқан жолдар әкелінді. Мұнда сағатына 550 адамды тасымалдауға мүмкіндік жасалған. Биылғы қыста туристерді қабылдаймыз деп күтілуде.
Ағымдағы жылы туризм нарығындағы игі беталыстар жоғарыда санамалап берілді. Туризмнің көрігі қызған Жасыбайға келушілер санының аз еместігі де сөз болды. Осы ретте ішкі туризмнің ауданға тигізген пайдасы мен оң әсері де толассыз.
– Этноауылдарда туристерге үйлерін жалға беріп, ұлттық тағамдар мен естелік бұйымдарын судаға шығарған жергілікті тұрғындар туризмнен табыс тапты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы рухани жаңғыруды көздейді. ол дегеніміз, өткенімізді жаңғырту, санамызда жақсылыққа сілкініс жасап, игілікті істерді іркілтпеу. Рухани өрлеудің алтын алқасы – ұлттық құндылығымды құрдымға жібермей, керісінше, қайта жаңғырту екені ақиқат. Елбасы мақаласында «ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар» деген болатын. Осы тұрғыда өткенімізді жаңғыртып, ұлттығымызды ұлық ету үшін қандай жұмыстар жасалды? Келер күннің еншісіне не қалды?
– Баянауыл – тамаша табиғатымен ғана емес, мәдени тарихи мұрасымен де бай өлке. Ертедегі үңгірлер мен қойнаулардың қабырғасындағы жұмбаққа толы суреттер, балбал тастар мен қорғандар ежелгі мәдениеттің сайрап жатқан ізіндей. Құнды деректер. Солардың бірі – «Мұртты қорғандар». Бұл құнды жәдігерлерді қальпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Енді бір тарихы мекен – Қоңыр әулие үңгірі. Баянауыл ұлттық паркі Қоңыр әулие үңгірін туризм бағыты бойынша он бірінші маршрут ретінде қарастырылған. Көлік тоқтайтын жерден биіктігі 820 метрді құрайды. Оның 220 метріне осыдан он жыл бұрын тұрғындар бірігіп ағаштан баспалдақтар жасаған. Алайда, жауын-шашын мен аптап ыстықтан нысанның тозығы жеткен. Сондықтан, биыл ұлттық парктің директоры Сүйіндік Ахметжанов пен қызметкерлері жаңартуды қолға алып, тақтайлары мен темірден таяныштарды ауыстырды, екі демалатын күрке тәрізді орын жасалды.
Аудан халқының әлеуетін жақсартып, мәртебесін асқақтатар орнымызбен біз мақтанамыз, марқаямыз. Елдігіміздің еңселі болуы жолында талай мардымды жұмыстар атқарылып, іргелі ілгерілеушілік байқалады. Ендігі кезекте тек жазғы маусымда ғана емес, қалың қар жамылған қыс мезгілінде де туристердің төріне айналмақ өңіріміздің өрелі істері баянды болғай.
Әлия ТАУКЕНОВА.