Желтоқсанның 19 күні Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карлов Анкараның өнер көрмесінде өлім құшты. «Түріктер көрген Ресей» атты галереяның ашылу салтанатында сөз сөйлеп тұрған сәтінде Елшіге ту сыртынан оқ атылған. Бұл оқиға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан «теракт» деп танылған. Екі елдің ынтымағын арттырушыға мұндай қастандықтың жасалуын сан-саққа жорушылар да аз емес. Бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі ресми өкілінің мақсатты түрде өлтірілуі екі тараптың арасындағы байланысты қалай өрбітпек? Қастандықтың астарында не жатыр? Кім ұйымдастыруы мүмкін? Осы және басқа да сауалдар басты сұрақтарға айналып шыға келді. Бәрі уақыт еншісінде десек те, әзірге екі тарап: «Елшіге жасалған қастандық Түркия мен Ресей арасын арандату» дегенді басшылыққа алып, екі арада байланысты бұзбауды құптап отыр.
Түркия билігінің мәлімдеуінше Ресей елшісі А.Карловқа тапаншадан оқ атқан 22 жастағы жігіт Мевлут Мерт Алтынташ осының алдында Анкарада полиция құрамында істеген екен. Елшіні атқан жігіт “Аллаһу әкбар!” деп айғайлап:”Сирия мен Алепподағы жағдай үшін кек алғанын” мәлімдеген. Қандықол сол оқиға барысында полициялармен қарсыласу кезінде оққа ұшқан.
Дипломаттың қауіпсіздік жағдайының олқы соққаны Түркия үкіметін де әбден ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны анық. Өздерінің де өкініштері зор екенінің белгісі ретінде болса керек, Анкара билігі елші қаза болған жердегі көшені Андрей Карлов атымен атауға ұйғарым жасауда.
Қалай десек те, дипломат тұлғаның мұндай жағдайға ұшырауы жаһанды дүрліктірген оқиға болып тұр. Аталмыш қастандықты АҚШ, Ұлыбритания, Германия мен Франция бастаған Батыс елдері жаппай айыптау үстінде. Сарапшылар мұның астарында қандай құйтырқы жатуы мүмкін деген болжам да жасап жатқан болар. Одан бөлек, Ресей елшісінің қазасы әлемдегі және Орталық Азиядағы геосаясатқа қалай әсер етпек? Сирия келіссөзі қалай жалғасады? Деген сұрақтар да бөй көтеруде.
Әлемжеліні шарлаған ақпараттардың тағы бір легі былай дейді: Ресей мен Түркия – Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан елдер. Бес жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадты қолдап, былтыр оппозициялық көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізді. Түркітілдес аз санды этностардың қауіпсіздігін сақтау деген желеумен Түркия да Сирияға әскер кіргізіп, шекараның екі бетіндегі күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Елден екі миллион сириялық босып кетті. Олардың бір бөлігі Батыс Еуропаға жетуге тырысқанымен көпшілігі Түркиядағы босқындар лагерін паналап жатыр.
Былтыр Сириядағы ресейлік ұшақты түркиялық әскер “шекара бұзды” деген айыппен атып түсірген соң Мәскеу мен Стамбулдың арасы күрт суыған. Ресей бірқатар Түркия тауарларын импорттауға тыйым салған болатын.
Биылғы маусымда Тайып Ердоған ұшақты атып түсіруге байланысты “өкініш білдіріп”, Путинге хат жазған. Шілденің 15-інде Түркияда “болмай қалған әскери төңкерістен” соң 230 адам қаза тауып, билік Ердоғанның қарсыластарын жаппай қудалай бастаған. Бұл әрекетті Батыс елдері сынап шыққан. Соңғы жылдары Түркияның экономикалық дамуы да баяулап қалды. Бұдан соң Анкара “әскери төңкерісті жасаушылар мен ұшақты атып түсірушілер Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын әдейі нашарлатпақ болды” деп мәлімдеген.
Тамыздың 9-ында Санкт-Петербургте кездескен Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Тайып Ердоған “ұшақ дауына” байланысты жеті айға созылған дипломатиялық теке-тірестен соң қайтадан қарым-қатынастарын жақсарту туралы уағдаласқан. Содан бері Анкара мен Мәскеудің арасы салыстырмалы түрде жақсарып, екі тарап тек Сирия президенті Башар Асадқа қатысты келіспей қалып жүрді. Ресей Асадтың билік басында қала беруіне мүдделі болса, Түркия Асад тұрғанда елдегі азамат соғысы мен жікшілдік бітпейді деп санайды.
Сондай-ақ, Елші қазасынан бір күн бұрын Түркияда Ресейдің Сирия президенті Башар Асадты қолдағанын айыптаған қоғамдық наразылық акциясы өткені айтылуда.