Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шұңғыл, сай-саласы.
Ішегін өлген жанның иттер сүйреп,
Домалап, қарға шоқып жатыр басы.
Барсаңдар Үрімжінің қаласына,
Көзің сал қалтарыс сай-саласына.
«Ұмытпа өле-өлгенше осыны» деп,
Тапсырып кет балаңның баласына.
– І –
Қанша шамшыл, қанша қиямпұрыс, қанша қол апартпас, бет қаратпас асау болғанымен, қапыда торға түскен көк еркесі қыран да кісі қолына қараған кіріптарлық халіне бірте-бірте көндігер еді. Сол түз қыраны тектес, өмір бойы бостандық үшін алысқан дала серісі Оспан да өзінің басқа түскен тұтқындық тағдырына амалсыз бойсұнды. Соғыс өнерінен мол хабары бар, атыс-шабысқа жастайынан машыққан батыр жеңіс бар жерде жеңілістің де болатынын, адам басындағы бақ та, сор да алма-кезек ауысып тұратын дүние екенін бұрыннан білетін-ді. Қолға түскеннен кейінгі алғашқы долы ашу, өзекті өртеген өкініш, дәрменсіздіктен туған ыза-нала да біртіндеп тарай бастады. Сабыр-тағат тауып, сабасына түсуіне батырдың Хаққа сенген діндар тақуалығы да септігін тигізген секілді. Осының бәрі жазмыш, Алланың бұйрығы деп қараған. «Бұл да – Жаратушысының өз құлына жіберген сынағы шығар. Егер сен нағыз мұсылман болсаң, қас жауыңның мейманасы тасыған астамдығына, көрсеткен қорлық-зорлығына шыдауың керек» деген өзіне-өзі.
Соңғы жылдары бастан жыға қисайып, бақ қайтып, тағдырдың тайғақ тартқаны біртіндеп біліне бастаған. Оспанның күші – Алтайда екен. Бұларға Алтайдың әр бұтасы пана, әр жартасы қалқан еді-ау шіркін! Көрмеген жердің ой-шұқыры көп, Алтайдан түстікке қалай ауды, солай, сарбаздар жер жадысынан жаңыла берді. Жаңа ортаны адам да, мал да жерсінбеген. Бұрын Бәйтік-Қаптық тауларына бекінгенде, моңғолы, орысы, үш аймағы бар, үш жақтап жабылғанда бой бермей-ақ кетіп еді. Кейін Жемсары, Баркөл, Құмылды басып, Гансу жеріне ауғанда, енді қызыл қытаймен бетпе-бет келді. Баяғы кең қолтық, бөксесі бос, ат үстінде қопаңдап әрең жүретін қара қытайдай емес, қызыл қытайың тіпті өлермен екен. Арғы ішкі жақтан тұяқтарын тас қақпай кілең жеңіспен келе жатса керек, екпіндері тым қатты. Бір шетінен атып, қырып жатсаң да алған беттерінен қайтпайды… Амал не, көптің аты – көп, соңғы Дуңхуаң маңындағы соғыста сарбаздардың көбі оққа ұшып, батырдың төңірегі селдіріп-ақ қалып еді.
Ал, Бақайдағы ақырғы айқаста сарбаздар үш тәулік бойы нәр тартпады ғой. Құрсауда қалған жерінен жарым-жартысы қоршауды әрең жарып шыққан. Бір түсінбейтіні, қан майданнан шыға салып, қасындағы серіктерінен бөлініп, Оспан өз ауылына неге келді сонда? Сусын ішіп, жүрек жалғайын деді ме, әлде нақсүйер әйелі Баянмен қоштасайын деп келді ме?! Әйтеуір, «шығасыға иесі басшы» деп, қырсыққа бастаған жүріс болды сол сапары. Алтайда жолы болып, қол бастап жүргенде маңайын баса алмаған сайқал ажал жат жерде батырдың иығына шығып, жездесіндей қылжақтап, ойнай бастамады ма… Сөйтсе, қыр соңына түскен қуғыншы әскер де тақау екен, алдындағы бір кесе шайды ішер-ішпестен ауылды жау басып қалды. Әйелі Баян да үйден жүгіре шығып, белдеуде тұрған ақбозды көлденең тарта берген.
Бірақ, қырсыққанда істің оңға баспайтыны белгілі ғой, әншейінде құстай ұшатын ақбоз көктемгі жылымықта тоңы енді жіби бастаған саздауыт жерде толарсақтап, барбаңдап шаба алсашы. Ақырында ақбоз оққа ұшты. Осының алдында ғана сақылдап тұрған маузері жез шайнап атылмай қалды… Арғы жағы белгілі ғой, қалың шерік сол арада шегірткедей жабылып жүріп, батырды лезде байлап алды.
Оспанды ұстауға тұтас бір полк келген екен. Сондағы қытай шеріктерінің қуанғанын айтпа! Қауқылдасып шулаған айғай-сүрені көпке дейін басылмай тұрды. Әлдебір кіші командир мен солдатты көп адам аспанға лақтырып, қақпақылдап жүр. Сөйтсе, кіші командир – ақбозды атып түсірген мерген екен де, солдат – Оспанды ту сыртынан келіп бассалған «батыр» екен. Бұл екеуін алда үлкен марапат күтіп тұрғаны айдан-анық. Әсілі, Оспанды қолға түсіру – Қытай армиясының талайдан бергі зор жеңісі болса керек.
Олар қолға түскен бандыны Гансу өлкесінің шеткі қалаларының бірі Дуңхуан абақтысында екі күн ұстады да, қатаң күзетпен Үрімжіге қарай алып жүрді. Оспанды үсті ашық жүк машинасына отырғызып, автомат асынған он шақты шерік оны қоршай орналасты. Сақал-шашы қауғадай боп өсіп кеткен, басында төбесі шошақ керей тымағы, үстінде қалың күпісі бар Оспан кілең шолақ етек шеріктердің ортасында төбедей болып, көзге ерекше шалынады. Бұлардың алды-артында келе жатқан екі жүк машинасында да лық толы әскер бар. Соған қарағанда, жол-жөнекей бандылар шабуылдап, Оспанды құтқарып әкете ме деп қауіптенетін секілді.
Обалы кәнеки, алғашқы жан алып, жан беріскен айқастан кейін тұтқынға соқтыққан, жәбірлеген ешкім болған жоқ. Күтімі жақсы, тамағы тоқ. Сірә, соған қарағанда, жоғарыдан «Оспанның бір тал шашын түсірмей әкелу» жөнінде бұйрық болған тәрізді. Жолдағы бір бекеттен шеріктер бірнеше газет сатып әкеліп, жабырлап оқып жатқан. Осындағы топтың бастығы «мынаны көрдің бе» дегендей бір газетті тұтқынның көзіне тосты. Мәссаған, газеттердің бірінші бетіне Оспанның суреті басылыпты. Бадырайған ироглифтермен бандының қолға түскені жайында хабар беріліпті. Демек, күллі Қытай елі бір-бірінен шүйінші сұрап, дүрлігіп жатыр деген сөз. Бежінге, Мәскеуге, Ұланбаторға қуанышты жеделхаттар кеткен шығар. Бір есептен, Оспанда тіпті арман жоқ. Оның қолға түсуін қанша ел, қаншама мемлекет төрт көзбен күтіп отырған десейші?!
Тұтқынды қорғап-қоршаған машиналар тізбегі әлдебір сақтықпен түнде бекеттерде аялдап, тек күндіз жүріп отырды. Олар жол-жөнекей Құмылды, Баркөлді басып, Тянь-Шаньның түстік жағымен Үрімжіге қарай тура тартып келеді. Оспан бұл өңірде жортып көрмеген. Жер құйқасы жұқа, сортаңды, шөлейтті болып келеді екен. Қазір наурыз айының орта шені, күн жылынып, жер көктей бастапты. Егіс алқаптарында диқандар жер жыртып жүр. Сонау бұлдырап көрінген – Боғда тауы болар. Теріскей жағынан қарағанда, тым тігіл боп көрінетін Боғда сілемдерінің күнгей жағы бірден жатаған тартып, аласа адырлы боп кете ме, қалай? Міне, әйгілі Тұрпан ойпаты, Еренқабырғаның Боғдамен түйісетін тұсындағы Дауаншың асуы. Алтайға барып, сауда істеп жүретін бір ұйғыр жігіті ойын-тойда «Дауаншыңда бір жарым бар Қамбархан атты» деп өлеңдетіп қоя беруші еді. Сол «Дауаншыңы» осы екен-ау!
Бұл күнде моторлы көлікке жер алыс па. Баяғыда атпен, түйемен айлап жүретін жерге бұлар екі-үш күнде жетіп келді. Бүгін 1951-жылдың 15-наурызы. Қарауында айырықша қорғаудағы «қастерлі» жолаушысы бар машиналар тізбегі Үрімжінің түстік жағынан қалаға қарай еніп келе жатты. Ал, Үрімжі бұл жолаушыларды бейне келін түсіретін ауылдай күні бұрын тағатсыз күтіп отырса керек. Машиналар тізбегі Ұланбайдан өте бере бұларға тағы бір салтанатты топ қосылды. Машина толы музыканттар, күмпілдеген оркестр… Оспанның таңғалғаны: әлгілер бірден жеңіс маршын ойнай жөнелді. Кәдімгідей мереке алдында ойналатын жеңіс маршы. Бұл ненің құрметі? Ненің қуанышы? Әлде тұтқынды мазақ еткен түрлері ме? Жоқ, ешқандай да мазақ емес. Бұл – Қытай армиясының әлдебір жорықтан зор жеңіспен оралған кезде ойналатын салтанат жыры, мадақ маршы болатын. Демек, бұл – Оспанға көрсетілген құрмет емес, бандыны қолға түсірген жеңімпаз армияны қарсы алу сәті. Енді қалай? Он жыл бойы бүкіл Шыңжаңды қан қақсатып, орысты, қытайды, моңғолды ит әуіреге салған қандыбалақ бандыны тұтқындап әкеле жатса! Ондай ерлерге дәл бүгін қандай құрмет көрсетсе де артық емес.
Көше толы халық. Оспан таныс-білістен біреулер көріне ме деп жан-жағына қарап еді, ондай ешкім көзіне түспеді. «Дөңгеленген дүние-ай! – деді батыр іштей күңіреніп. – Бір күн бетіңді, бір күн сыртыңды беріп, кінәмшіл қатынша осылай қырық құбылатының бар-ау!». Олай дейтіні, осыдан төрт жыл бұрын, 1947-жылдың жазында өлкелік Қытай үкіметінің шақыруымен осы Үрімжіге қонаққа келгені есіне түсіп еді. Онда Оспаннан қадірлі адам жоқ. Гоминдаң өкіметімен коммунизмге қарсы Одақ құрып жатқан кезі. Бұлар батыр-билері, ер-әйелі аралас қырықтай адам болатын. Қыр қазақтары «там үйде тынысымыз тарылып кетеді» деген соң, Үрімжінің іргесіндегі Шу Могу аңғарына аппақ жұмыртқадай көп киіз үйлер тігіп, қонақтарды сонда түсіріп еді-ау! Қарсы алу кезінде дәл бүгінгідей мереке маршы ойналған. Айырмасы, қазіргідей қызыл қытайдың желпінген жеңіс маршы емес, Гомин қытайдың салиқалы салтанат әуені. Өлке қарулы күштерінің бас қолбасшысы Суң Шилиян бастаған қытай генералдары сапта тұрып қарсы алған. Көрсетіліп жатқан сый-сияпатта есеп жоқ. Ағыл-тегіл дастарқан… Келесі күні қаладағы үкімет сарайында өлкелік өкімет бастығы Жаң Жы жұң арнайы қонақасы берген. Көпірме сөз, Оспан атына айтылған мақтау-мадақ… Оның ертеңінде Үрімжі аймағының губернаторы Хадуаң ханым, Әлен Уаң, Үкімет мүшелері Сәліс, Зәкәрия бастатқан осы қалада тұратын қазақтар күтіп алып еді. Оның ертеңінде Мәметимин Айса бастатқан ұйғырлардың сый-сияпаты… Осындағы әр ұлт өкілдері кезекке тұрып, Оспанға сый көрсеткенше асығып еді-ау!.. Үрімжідегі Америка консулы Пакстонмен, вице консул Макернанмен де сол сапарда танысып, пікірлескен-ді. Оспанның өтініші бойынша, Америка консулымен генерал Суң Шилиянның өзі жолықтырған… Міне, содан бері төрт-ақ жыл өтті ғой. Қайда соның бәрі?! Бақайшағына дейін қаруланған Гоминьдан армиясы қайда? Қызыл тілдің майын тамызып, өлке қамын, ұлт қамын ойлаған шешендер қайда? Коммунистер келіп еді, бәрі соған жол босатып, сабынның көбігіндей ыдырады да кетті…
Оркестр ойнаған марштар, бір жағы, бүгінгі жеңісті тойлау болса, екінші жағынан, халықты жинау, құлақтандыру міндетін қоса атқарып келе жатқан секілді. Мына қызыл қытайың үгіт-насихат жағына мәттақым көрінеді. Үгіт айтуға орайлы сәтті құр жібермейді-ақ. Машиналар тізбегі үлкен көшеге ілінісімен әр жерге тоқтап, «міне, көрдіңдер ме» дегендей, атақты бандыны қолға түсіргенін үзбей айтып, жариялап келеді. Қай кезде дайындап үлгіргенін кім білсін, көшеде халық дегенің симайды. Кейбір топтар қызыл матаға жазылған плакат-ұрандар көтеріп алған. Қала халқы шұбар аттың жүніндей ала-құла. Ала тақиялы ұйғырлар, қара шапанды, ақ кепешті дүнгендер, ара-арасында жұлма тымақты қазақтар да ұшырасады. Жәй тамашаға жиналса ештеңе емес, жұдырығы түйілген оң қолдарын жоғары көтеріп, өңештері жыртылғанша ұран шақыратынын қайтерсің. «Оспан бандысын арамыздан аластайық», «Америка шпионы Оспанға өлім жазасы берілсін», «Жеңімпаз халық азаттық армиясы жасасын» деген айғай-ұран дүниені жаңғырықтырады… Міне, сен азат етем деп жүрген көп ұлтты Шыңжаң халқы! Міне, ислам туын көтерсем-ақ соңымнан ереді деп сенген Шығыс Түркістан мұсылмандары!..
Осындай айғай-шулы дүрмекпен, Оспан батырды Үрімжідегі атақты екінші түрменің ауласына да енгізді-ау. Төрт тарабында төрт қақпасы бар, бұрыш-бұрыштағы атыс ұяларына мықты күзет қойылған, биік қорғанды қалалық жамбыл. Екінші түрме сол жамбылдың ішінде екен. Оспан бұрын мұнда келмесе де естуі бар. Бір кезде Шәріпхан төре, Бұхат бейсі, Ақыт қажылар жатқан түрме ғой бұл. Атақты Таңжарық ақын осында жатып, өзінің өлмес жырларын шығарған… «Абақтыдағы арыстарымызды қамаудан босатсын» деген талаптан тумады ма 1940-жылғы Алтай қазақтарының алғашқы көтерілісі… Рас, ол кезде Оспан әлі көтеріліс басшысы ретінде танылмаған. Басында бұл жәй қатардағы мергендердің бірі болатын. Көтерілісті бастаған – Есімхан мен Ырысхан Үкірдайлар, Ноғайбай мен Ақтеке билер… Аттаныс аяқ астынан халықтан қару жинауға шығып, ел басына әңгіртаяқ ойнатқан Көктоғай ауданының әкімі Шүй Шыңды қасындағы бір взвод әскерімен бірге Есімханның бір түнде қырып салғанынан басталмады ма. Бұл жалғыз Есімхан емес, көп жылдан бері көкіректе запыран болып жиналған халықтың ашу-ызасы болатын. Қалың ел көтерілісті бірден қолдап кетті. Қаптаған жау әскерін сойыл-шоқпармен-ақ жапырып өтті-ау! Ақтеке, Ноғайбайлар сол алғашқы шайқаста-ақ оққа ұшты. Шіркін, Есімхандар да көзсіз ер еді-ау! Амал не, Шың Сы сәй үкіметінің бұлаң құйрық алдауына сеніп, қапыда қолға түсті де, Ырысхан екеуі де осы Үрімжі түрмесінде өлтірілді.
Оспан сондағы жалған бітімге сенбей, қолындағы қаруын тапсырмай, соңына ерген қырық-елу жолдасымен қоршауды бұзып шығып, Құбының құмына сіңіп кеткен болатын. Кейін алданған жұрт Оспанның төңірегіне қайта келіп топтасты. Бұл, сөйтіп, ойламаған жерден көтерілісші халықтың басшысына айналды… Басында өр Алтайдың өзінде, кейін Бәйтік, Қаптық тауларында, ол жерлер де қоныс болмаған соң, Баркөл, Құмыл аймақтарында өзінен күші басым жаумен жиыны он жыл соғысты. Орыс, қытай, монғол, үш аймақ қазақтары болып, төрт жақтан жабылды ғой. Келер ұрпақ кешірсін, Оспан қанша батыр болғанмен, өзінен он есе, жүз есе күшті жауға төтеп бере алмай, міне ақыры жеңілді. Батыр бол, бағлан бол, оқымысты ғұлама бол, түбі, қазақтың баратын жері түрме екен ғой. Міне, өмір бойы азаттық үшін алысқан түз қыраны Оспан да торға түсті.
– ІІ –
Бұрын Оспан бұлардың қолына түспей жүреді екен. Енді оны қоярға жер тапсашы. Бұл – қытайлар үшін жәй банды, қарақшы ғана емес, кәдімгідей үгіт құралына айнала бастады. Күн сайын маза береді деген не, қарулы күзетпен үсті ашық жүк машинасына тік тұрғызып қояды да, күні бойы көше аралатады. Әскери бөлімдерге, жоғары мектептерге, кейде халық көп жиналған алаңдарға апарады. Бір-біріне айна қатесіз ұқсас жиындар, шағым айтулар, көшелерде көлденең керіп тастаған плакат-ұрандар. Құлақ тұндырған айғай-шу… Басында Оспан өзінің қажетсіз, мазақ көрмеге айналғанына ызасы келіп, көндіге алмай жүр еді, бірер күннен соң оған да еті өліп, үйреніп алды. Мұндайда жалған жалаға, өтірік шағымға жауап беріп, айтысып жатудың қажеті жоқ екен. Сөз қайтарып, уәж айтар болсаң, жабайы тобыр тіпті құтырып кетеді екен. Ең жақсысы, құлақ қойған кісі сияқтанып, үнсіз мүлгіп тұра беру…
Алдын ала әзірлеген болар, алаңда бір егделеу ұйғыр әйелі мінбеге шығып сөйлеп тұр. Жалғыз ұлы үш аймақ әскерінің сапында Оспан бандысымен күресу үшін Алтайға барған екен, сондағы бір ұрыста оққа ұшыпты. Соны әлгі байқұс Оспаннан көреді… Содан кейін балдаққа сүйенген қазақ шықты ортаға. Соғыста ортан жілігін оқ үзіп кеткен екен. Дәрігерлер гипске салғанда сүйегі теріс бітіпті. Ол да аяғының кемдігін Оспаннан көреді… Ал, әскери бөлімшеге барғанда, бір подполковник ұйғыр азаматы Бурылтоғайдағы соғыста қол астындағы полктің қақа жарымы қырылып қалғанын айтып шағымданды. Оған да Оспан кінәлі… Не дейсің, уәжге жүгініп, дауласатын жер емес. Бірдеме десең, арты – айғай-шу. Әйтпесе, айтар сөзі тіл ұшында сайрап-ақ тұр. Мәселен, жаңағы әйелдің баласын өзі туып көрмеген Алтай жеріне, кім айдап апарып ұрысқа салды? Баласының құнын Оспаннан емес, солардан сұрауы керек емес пе. Ал, балдақты жігіт аяғын жоқтамай-ақ, ондай қырғыннан тірі қалғанына шүкірлік етуі керек қой. Мына подполковниктің шағымы тіпті сорақы. Өзі басқарған полктың қырғын табуын өзінің олақтығынан көрмей, неге Оспаннан көреді ол? Соғыс өнерінің әліппесі танауына бармайды екен, сонша адамның обалына қалып, әскер бастап несі бар. Сол қылмысы үшін подполковникті кезінде атып тастау керек еді, қалай тірі жүргені белгісіз!
Осылай көше аралатып, арыз-шағым айтқызу бір аптаға созылды. Соның өзі-ақ жүйкеге тиіп болған. Кейде батырдың күлкісі келеді. Баяғыда ұзатылатын қызды тойы болар қарсаңда ел аралатып, «қыз таныстыру» дейтін рәсімнен өткізуші еді. Қыздың мұнысы – ел-жұртпен қоштасу, әрі тойға шақыру… Қылмыскерді көше аралатуы да соған ұқсас бірдеңе. Соған қарағанда, Оспанның, «тойы» да таяп қалған сияқты ма, қалай? Заң орындары да көшедегі жиындарда жаңа бір пәктілер ашылар деп күтпейтін секілді. Шағым айтқызудағы мақсат – бұқара халықты Оспанға өшіктіру. Сөйтіп, өздері күні бұрын әзірлеп қойған сот үкіміне жұртшылықты дайындау.
Көше аралатып, халыққа арыз-шағым айтқызу науқаны аяқталысымен, енді тергеп-тексеру, сұраққа алу кезеңі басталды. Қанша дегенмен, бес мың жылдық тарихы бар ел емес пе, сот ісін жүргізуі майдан қылшық тартқандай, тәртіппен-ақ өтіп жатыр. Оспанға алғашқы күні-ақ сот құрамын таныстырған. Бұл жолғы тергеу ісіне төрт бірдей сот қатысады екен. Жоғарғы әскери трибунал, жоғарғы сот, аймақтық орта сот, қалалық сот. Жиыны жетпістей адам. Оспанның бір аңғарғаны, әскери трибуналдан басқа жерде ішкеріден келген қытай адамдары көп араласпай қалтарыста қалуға тырысыпты. Негізгі құрам – Шыңжаңның жергілікті өз халқының өкілдері: ұйғырлар, қазақтар, дүнгендер, қырғыздар, моңғолдар… Тіпті, Оспан бұрын беті-жүзін көрмеген сібе-солаң дейтін ұлттың да өкілдері жүр. Мақсат белгілі: кейін халық аралық деңгейде сөз бола қалса, «Оспанды соттаған біз емес, Шыңжаңның өз халқы соттады» демек қой… Тек, бір таң қалатының: осылардың бәрі – кілең айыптаушы, араларында бірде-бір ақтаушы адвокат жоқ екен. Бұл елдің сот жүйесіне ақтаушы дейтін ұғым енбеген көрінеді.
Тергеушілер Оспанды әр алуан қырға салып көрді. Топтасып тергеу, кезектесіп, ұтылап тергеу, оңаша жекелеп тергеу, қалжыратып, шаршатып, болдыртып тергеу… Алайда, Оспан соларға қалай жауап берем деп қиналған жоқ. Ақталуға тырысып, тер төгіп те жатпады. Өзін барынша байсалды ұстап, сұрақтарына қысқа, әрі нақты жауап беріп отырды. Тергеушіні қисыннан жеңіп, орынсыз сұрақтарды кері қағып тастаған кездері де аз болған жоқ.
Оспан қамалған түрме ғимаратында тергеушілер бөлмесі бар. Үстел, орындықтар қойылған, тергеушілер, хатшылар, тілмаштар отыратын кең, жарық бөлме. Сұрақ-жауаптар көбіне осында өтеді. Баяғы Шың Сы сәй заманында тұтқындарды неше түрлі әдіспен соққыға жығып, қинайды деуші еді. Мына қызыл қытайлар ондайға тиым салса керек. Оның есесіне, сөзбен тұқыртуға, жертезек етіп қорлауға, рухыңды таптап жасытуға шебер-ақ.
Тергеу Оспанның талап етуі бойынша, тілмаш арқылы жүріп жатқан. Бір күні Жоғарғы әскери трибуналдан болса керек, бір дүңген келіп жауап алды. Оның дүңген екені «Ма»-дан басталатын аты-жөнінен ғана емес, құлу бастау келген қушық шекесінен, шошақ төбесінен байқалып тұр. Дүнгеннің тілі қытайша, діні – ислам, мұсылманға жатады. Баяғы Құтайба бастаған араб әскері шығысқа жорық жасағанда, арғы ішкі Қытайға өтуге мұршалары болмай, бергі Гансу мен Шыңхай өлкелерінен қайтқан ғой. Дүнгендер – сол жылдары мұсылман болып үлгірген қытайлар мен таңғұттар… Мына дүнгенді дін жағынан жақынсың деп, Оспанға әдейі жіберіп отыр ма, кім білсін?!
– Сіз, Оспан мырза, Шыңжаңда қанша қазақ бар екенін білесіз бе? – деді ол бір сөздің кезегінде.
– Жарты миллиондай десіп жүр ғой білетіндер…
– Ал, Ханзу ше? Біздің Жуңхуа мемлекетінде қанша ханзу бар деп ойлайсыз?
– Ит біліп пе! Әйтеуір, хисапсыз көп дейді ғой өздерін…
– Білмесеңіз, мен айтайын, бес жүз миллион ! – деді тергеуші өзінің білімдарлығын көрсетіп. – Демек, қазақтан мың есе көп деген сөз. Бір қазаққа – мың ханзу тура келеді. Осыны біле тұра, сіз сондай ұлы халықты жеңемін деп ойладыңыз ба?
Мына сөзді естігенде, Оспан сапсиып өсіп кеткен сақал-мұртын тулатып, кеңкілдей күлді. Сонан соң:
– Кешіріңіз, тергеуші мырза, ұлттардың жайы сөз болып қалды ғой. Сіз түр-әлпетіңізге қарағанда дүңген боларсыз? – деді бірден байсалды қалыпқа көшіп.
– Иә, мен Шыңжаңдағы он үш милләттің бірі – дүңген ұлтының өкілімін.
– Ендеше, аз ұлттар ішінде қытай үстемдігіне қарсы ең көп бас көтерген ұлт қайсы, соны білесіз бе?
Әлденеден секем алған тергеуші қипақтап қалды.
– Мақтануыңызға болады, қытай билігіне қарсы ең көп көтерілген ұлт – дүңгендер! – деді Оспан тергеушіге қадала қарап. – Санының аздығына қарамастан дүңген ағайындар қытай қарсы уақ-уақ ғадауат жариялап отырған. – Оспан соны айтып, соңғы бірнеше ғасырдағы дүңген көтерілістерін санап шықты. – Өткен 19-ғасырда Үрімжі маңында уақытша құрылған дүңген мемлекеті өз алдына, ең соңғысы – 1933-жылғы Ма Жиың мен Ма Буфаң көтерілісі әлі есімізде. Амал не, сол тұста Шың Сы сайға болысқан орыс әскері дүңгендерді ту сыртынан қапыда соғып, қытайға жығып берді ғой… Демек, азаттық жолында алысу үшін, шешуші нәрсе ұлттың саны емес, тергеуші мырза. Кейде өш алу үшін жеке бір адам да күреске аттанады. Адамды күреске бастайтын – кек пен намыс. Адамдар кейде құлдықта өмір сүргенше, азаттық жолында алысып өлгенді артық көреді…
Мына сөздерді естігенде, тергеушінің көзі бақырайып кетті. Оспан сияқты өнебойы ат үстінде жүрген көшпенді қазақ не білер дейсің деп келген ғой. Сөйтсе, алдында оқымаған академик отыр… Осыдан кейін тергеушінің сөзінде мән қалмады. Уақыт өткізу үшін әрнені бір сұрап отырды да, түске таман бүгінгі әңгіменің біткенін мәлімдеді. Әйткенмен, ол да мұсылман әулеті емес пе, тергеу барысында көңілге түйген сөзін ішке бүгіп қала алмады.
– Оспан батыр, мен бұрын сізді құралайды көзге атқан мерген деп естуші едім. Алла-тағала сізді ақыл-ойдан да құр алақан қалдырмаған екен! – деді орнынан көтеріле беріп.
Күн сайын жалғасатын тергеу, сұрақ-жауап – жәй уақыт өткізудің, хаттама қағаз толтырудың амалы екені, үкімнің әлдеқашан шығарылып қойылғаны екі жаққа да мәлім болатын. Оспанның іс-әрекеті, арадағы соғыстар, қытайдың азаттық армиясы мен үш аймақ әскерінің адам шығыны баяғыда есептеліп, қағазға түсіп болған-ды. Ендігі қалғаны қылмыскерді өз аузынан мойындату, тергеу актісіне бармақ бастырып алу ғана. Бірін-бірі қайталап, қадалып сұрай беретіні: бірнеше мәселе. «Социализмге, жалпы коммунистерге қарсы шыққан себебің не?» дейді. «Өлкелік өкімет пен үш аймақ арасындағы бітімнен кейін уәлилік қызметіңді тастап, неге тауға шығып кеттің?» дейді. «Жалпы, банды болып, атқа қонғаннан бері қанша адамның қанын төктің?» дейді. «Үрімжідегі Америка консулдығымен қандай байланыста болдың?» дейді… Осы сияқты қым-қиғаш сұрақтар. Амал жоқ, кеше айтқан жауабыңды бүгін тағы қайталайсың.
Бүгін жауап алу кезегі Жоғарғы соттың мүшесі, ұйғырдың лауазымды азаматтарының біріне тиіпті. Өзі аузынан мәйегі көрінген, тойған тоқтыдай толық жігіт екен. Темекісін асықпай тартып, қоңқаң танауынан көк түтінді шұбалта отырып сұрақ қойды. Оспан өзі ұйғырша сөйлемесе де, туыс тілді біршама түсінетін-ді. Бірақ, мына тергеушінің тоқшылықтан ықылық атып отырғаны ұнамай, тырыса қалды да:
– Тілмаш алдырыңыз, – деді оған түйіле қарап.
– Қалайша? – тергеуші таңданған түр байқатты.
– Алтайда ұйғыр жоқ екенін білесіз. Мен ұйғыр тілін түсінбеймін.
Тергеуші күйіп-пысып, қарауылдардың бірін жұмсап, тілмаш алдыруға мәжбүр болды.
– Сіз Кеңес одағына, жалпы социалистік түзімге қарсы екеніңізді мойындайсыз ғой? – деді ол, өзінше, алғашқы сұрақты уыттана, өшіге бастап.
Оспан мынаған не деп жауап берерін білмей, біразға дейін түйіліп отырып қалды.
– Сөйлеңіз. Неге үндемейсіз? – деді, бандының осал жерінен дөп бастым деп ойлаған тергеуші.
– Үндемей қалғаным, қойған сұрағыңыз нақты емес, бұлдырлау, – деді Оспан оның бетіне шаншыла қарап. – Өйткені орыс өкіметі басқа да, социализм басқа. Орыстарға қарсы шыққаным, олар маған ылғи да екі жүзді, сайқал саясат ұстанды. Басында олар маған көмек қолын созды. Монғолия арқылы жасырын жолмен қару-жарақ беріп тұрды. «Көмегіміздің парыз-қарызы жоқ. Біз қашанда езілген ұлттардың жанашыр досымыз» деп еді. Кейін бұл уәдесінен жалт берді. Ту баста дін исламды ту қып көтерген «Шығыс Түркістан» Республикасын жойды да, оның орнына қуыршақ «Үш аймақ» өкіметін құрып, оларды маған қарсы айдап салды. 1947-жылы Алтайда үш аймақ әскерін басқарған генерал Дәлелхан біздің партизандардан жеңіліп, Шәуешекке қашып барғанда, орыстар оған көмекке бір полк әскер беріп, Алтайда үш аймақ үстемдігін қайтадан орнықтырды…
– Дегенмен, сіздің Кеңес одағын ұнатпайтыныңыздың түп себебі, коммунизмге деген өшпенділігіңізде жатқан жоқ па? – деді мардамсыған тергеуші «Жуңхаяң» атты қытай сигаретінің тағы бір талын тұтатып жатып.
– Мен социализмді де, коммунизмді де өз көзіммен көрген адам емеспін. Ал, бірақ Лениннің адамды адам қанамайтын, адамдар да, ұлттар да тең жасайтын қоғам құрамыз дегені маған қатты ұнайтын, – деді Оспан ағынан жарылып. – Бірақ Ленин өлген соң олар да сара жолдан тайған көрінеді. Мал-жанды ортаға саламыз, ортақ қазаннан ас ішеміз деген ұран шығыпты. Дінге, ораза-намазға қарсы шығып, молдаларды қуғындап, мешіттерді шағып тастапты. Айтыңызшы, мұндай қоғамда қалай өмір сүруге болады?!
– Мен былтыр ғана Кеңес одағында болдым. Жаңағы сіз айтқан жағдайды байқағам жоқ, – деді тергеуші шірене шалқайып.
– Ал мен ол жаққа барғамын жоқ. Бірақ естіп-білгеніміз аз емес, – деді Оспан баяу тіл қатып. – Біздің елде отызыншы жылдары арғы беттен қашып келгендер қаптап жүр. Солар бастан кешкендерін айтып отырса – төбе шашың тік тұрады. 1932-жылы орысқа қараған қазақтың қақ жарымы аштан қырылған. Ал, 1937-жылы қазақтың сорпа бетіне шығар зиялы азаматтарын «халық жауы» деген айдармен түп-түгел атып тастаған… Осыларды біле тұрып, қалай ішің жылиды орыстарға? Жалпы, орыс мемлекеті ешкімге де опа қылмайды. Опа қылса, күні кеше соларға жан-тәнімен беріліп қызмет еткен «Үш аймақ» басшылары: Ахметжан, Ысқақбек, Дәлелхандар қайда жоғалып кетті? Айырплан апаты деген сылтаумен солардың да көзін құртпады ма?!
Екінші бір үстелде Оспанның аузынан шыққан сөздерді қалдырмай жазып отырған адамдар бар. Сондықтан, бандыны шектемей сөйлете беру туралы нұсқау берілген. Өйткені, оның әр сөзі қылмысқа жатады. Ал, Оспанның тергеу кезінде әрнені қамтуға тырысатыны – бір сөзім болса да қағазға түссін деп ойлайды… Әйтсе де, үш аймақ басшыларының тағдыры жайында сөз болғанда, тергеуші шыдай алмай орнынан тұрып кетті.
– Міне, бұл – нағыз кері төңкерісші бандының сөзі! Басқа қылмыстарыңды былай қойғанда, тек осы сөзің үшін-ақ сені атып тастауға болады, – деді қалш-қалш етіп.
Оспан лекіте күлді:
– Онда, бүгін сіздің еңбегіңіз өтеліпті ғой. Бандының жаңа қылмысын аштыңыз. Бұрын менің қылмысым ату жазасына толыңқырамай тұр еді. Бүгін соның кемін толтырдыңыз…
Бұл сөздің шыны қайсы, кекесіні қайсы, оны саңлаусыз тергеуші аңғара алған жоқ. Дегенмен, ол өзінің бүгінгі еңбегіне өте разы еді. Ал, Оспан болса, өз сөзін осындағы біраз адамның естігенін, айтқандарының қазақша, қытайша қағазға түскенін аужал тұтты. Кім біледі, күндердің күнінде мұның сөздері архив ақтарған біреулердің назарына ілігуі де мүмкін ғой.
– ІІІ –
Кейде Оспанның түсіне Алтай кіреді. Тәңірім-ай, бұл дүниеде Алтайға жететін жер бар ма екен?! Арындаған ақбурыл өзендер, жасыл орманды сай-сала, қаракөк бояуы бір солмайтын қарағайлы қапталдар, төрт түлік мал қанша қадалса да бетегесі бітіп болмайтын бел-белестер. Желі жұпар, суы саумал, жасыл жайлау… Кейде түсінде осы ортада көкпар тартып жүреді. Енді бірде дүрілдете жылқы қуып, қашағанның мойнына шалма тастап жатады… Ал, ояна келсе бәрі керісінше, қандаласы қасқырша талаған тар бөлме, қамау, қапас. Басына жастанған кенеп тысты жастығы көз жасына дымданып қалады. Қайғы-қасіреттің де жасы емес, сағыныш жасы. Алтайға деген сағыныш… Тәңірім-ай, тауы құтты, тасы алтын сол өлкеде жүріп те, адам баласы әлденеден кем, қор болдым деп күпірлік етіп, тарығады-ау! Сондай жерді жауға бермейміз, жат жұртқа таптатпаймыз деп қолына қару алмады ма Оспан мен оның серіктері?!
Ендігі жатыс мынау: тар бөлме, тас қабырға. Кеспектегі өз дәретіңді өзің иіскеп, қандала мен бүргеге жем болып жатқаның. Тәңірім мұндайды кең далада туып, киіз үйде өскен қазақтың басына бермей-ақ қойсын! Көшпенділер кең тыныстап, еркін жусасын деп, төрт түлік малды да қораға қамай бермеуші еді. Ал, адамды, ат үстінде желмен жарысып жүрген қазақты қамау деген… Өлшеулі тамақ, өлшеулі ауа. Тынысың тарылып, тұншығып кете жаздайсың. Оспанды басқалар сияқты аулаға бой жазуға да шығармайды-ау. Өзі секілді бандылармен тілдесіп, сөз байласып қояды деп қорқады.
Түбі бұлай болар деп кім ойлаған. Әйтпесе, Оспан жасы отыздан асқанша қақ-соқпен жұмысы жоқ, ауылдағы жәй ғана шаруа болатын. Әкесі Исламның орта-шарқы ғана дәулеті болды. Жүз шақты қой, айғыр үйірлі жылқы, көшкенде шаңырақ салатын түйелері мен сауын сиырлары бар еді. «Көшке ілесе алмай, қалыпты» дейтін ағайынның пыш-пыш сөзінен қашып, бұлар да ел қатарлы жайлауға шығатын. Әкесінің Күртінің суына салатын аздаған егіні болатын-ды. Ауылды жайлауға көшіріп қондырған соң, Оспан ара-кідік ойға түсіп, сол егінді күтіп, суарумен айналысатын. Бұған құдайдың бере салған бір мінезі: жас кезінде-ақ елең-селең бос жүрісті ұнатпаушы еді.
Қорадағы аздаған малға қорғаныш болсын деп, қызылсырағанда аңға шығып қайтатыны бар-ды. Ердің көркі саналатын жүйрік ат, ұшқыр тазы, түзу мылтық – Оспанның да жан құштары еді. Күзге қарай жолдастарымен бірге Құбының құмына барып, құлан атып қайтады. Қарақұйрық пен тауешкі, елік, бұғы-марал дегендерің бергі ауыл арасынан да табылады… Сөйтіп жүріп, «Оспан мерген» атанды. Ол жылдары елде мылтық көп емес, оқ-дәрі дегенің жоқтың қасы. Мерген болмасқа амалың жоқ. Өйткені, атқан оғың зая кетпеуі керек. Оспанның қос жанары дүрбідей өткір, қиядағыны шалады. Жалпы, мылтық – ер серігі, бес қарудың бірі ғой. «Қару жисаң мылтық жи, қарның ашса тамағың, жаяу қалсаң таяғың» деген екен баяғыда найман Ақтамберді жырау. Содан ба, Оспан мылтыққа жас кезінен бауыр басты. Батыр атанбас бұрын «Оспан мерген» атанды. Шіркін Өр Алтайда небір мергендер болды-ау: Сүлеймен мерген, Мұса мерген, Қапас мерген… Кейін Оспан да солармен қатар аталатын болған.
Құдауанда, қазір сол мергендердің бірде-бірі жоқ жер бетінде. Бәрі де жау оғынан мерт болды. «Аң шадырын оқ табады» дегендей, ажал оғы да мергендерге үйір. Небір шайқастарда оқ дарымай қойған соң, мінеки, дұшпандары Оспанды енді байлап қойып нысанаға алмақ. Амал не, бұл да тағдырдың жазуы шығар. Ана бір жылдары бір ел ақтаған диуана Оспанның алақанына қарап отырып: «Әлі де біраз су ішерлігің бар екен. Бірақ, түбі, ажалың оқтан болады» деп еді. Сол ажал оғын ұзақ күтті Оспан. Әр шайқасқа араласқан сайын, «бәлкім, осы жолы бетпе-бет келерміз» деп ойлайтын. Енді, міне, қан майданда кезікпеген сұм ажал мұны қапасқа қамап, мазақ еткенін көрдің бе?! Батырды атуға қайбір атақты мерген келеді дейсің. Әлдебір шегірткедей шерік он қадам жерден көздейтін шығар…
Несі бар, батырмын деген адамға жау оғынан өлу де бір ғанибет. Қазір жасы елу екіде. Күш-қайратының нағыз толысқан шағы… Амал не, осы жасында-ақ жауынгерлік жолын аяқтады. Азаттық үшін айқас аяқталған соң, қыбырлап күн көретін ендігі өмірде не мән бар? Жарайды, ел қатарлы итшілеп жетпіске келсін, сексенге келсін, отбасында омалып өлгенде не мархадам табады? Шүкір, осы жасында «өлсем – шейітпін, қалсам – қазымын» деген сеніммен жаудың шебін талай мәрте жарып өтті. Қапы қалдым дейтін жайы жоқ, жастығын ала жығылу қажет болса, оны да артығымен орындады. Бүгінге дейін тек Оспанның өз оғынан ажал тапқандар қанша екен? Жүз бе, мың ба – санаған кісі жоқ. Қазылар сауапқа батып, бейішке барар болса, мұның қазылығы жетіп артылады. Түріктерге «Осман империясы» деген ат әперген сұлтанды өз елінде «Осман қазы» деп әспеттейді екен. Сірә, ол да өз қылышын дұшпан қанына армансыз суарған адам болса керек. Ал, бұл елде кейін Оспанды кім деп атайды екен? «Батыр» дей ме, «банды» дей ме?
Кеше бұдан жоғарғы әскери трибуналдың бір мықтысы, ішкеріден келген қытай генералы жауап алған. Сол мынадай сұрақ қойды:
– Сіз бүлік бастап, атқа қонғалы он жылдан асқан екен. Сол он жылда қанша қытайдың басын жойдым деп ойлайсыз? – деді көзәйнегі жалтылдап, генералдық шенін бір сәт ұмытпай, шалқая түсіп.
– Сіз қайсы қытайдың есебін алғалы отырсыз? Бұрынғы Шың Сы сәй шеріктері ме, әлде кейінгі қызыл әскерлер ме? – деді Оспан қарсы сұрақ қойып.
– Бәрі бірлікте… Өйткені, олардың бәрі де бір мақсатта, мемлекет тұтастығын қорғаған әскерлер ғой.
– Мен соны санамаппын. Біз, әсілі, жауды санап соғыспаймыз, – деді Оспан қырсықтанып. – Бәлкім, өлгендердің есебі сіздерде бар шығар…
– Үш дивизия мөлшерінде… Яғни жиырма мыңдай адам, – деді тергеуші генерал қатулана сөйлеп. – Демек, сіздің қан қарызыңыз жетіп тұр.
– Иә, солай болып та қалған шығар, – деді Оспан ойланып қалып. – Біздің де шығынымыз аз емес. Үш мыңға жуық сарбазымыз бар еді, соғыста соның қақ жарымы басын берді ғой…
– Өздерін он орайтын күшке небәрі үш мың әскермен қалай төтеп беріп жүрсіз? – деді генерал таң-тамаша болып.
– Біздің партизандарды жәй әскер деуге келмейді. Атқан оғы жерге түспейтін мергендер ғой шетінен. Әрқайсысы жаудың жүз шерігіне татиды, – деді Оспан мақтанышын жасыра алмай. – Сонан соң бізге ата мекен, туған жеріміз көмектесті. Алтайдың әрбір тасы, құз-қиясы бізге пана болды.
Төмен қарап ойланып қалған генерал әлден уақытта басын жылдам көтеріп алды:
– Мойныңызда мыңдаған адамның қаны бар. Соншама қан төгістен кейін өзіңізге қандай жаза кесіледі деп ойлайсыз? – деді тергеуші кекжиген тәкаппар қалпын қайта тауып.
– Ол жағы маған емес, сіздердің кісіліктеріңізге байланысты, – деді Оспан да оған сығырая сынай қарап. – Бір елдің азаттық үшін алысқан азаматы екен, бостандық берейік деп қоя берсеңдер өз жөніме кете берем… Ал, қайтсек те осының көзін құртайық десеңіздер, оған да дайынмын.
– Мойныңызда жазықсыз төгілген көп қан қарызы бар ғой. Оның қарымтасы жоқ деп ойлайсыз ба?
– Оққа ұшқан жиырма мың шерік дедіңіз бе? – деді Оспан тергеушіге шадырая қарап. – Мен солардың бірде-бірін танымаймын. Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Оларды «Алтайға келіңдер» деп шақырған да – мен емеспін. Іздеп келген өздері. Қолдарына қару алып, сонда тұратын қазақтарды қырам-жоям деп келді. Ал, біз қорғанбай қалай отырамыз? Сен атпасаң, ол атады, сен өлтірмесең, ол өлтіреді. Соғыстың заңы – осы. Егер сол үшін мені қылмысты деп тапсаңыздар, міне, алдарыңызда отырмын ғой, тиісті жазаларыңды кесе беріңдер…
– Әйтсе де, айтыңызшы, сіз өзіңізге қандай жаза лайық деп ойлайсыз? – деді генерал манағы сұрағын қайталап.
– Маған ұзақ жыл абақтыда жату, қол емес, – деді Оспан. – Не бостандық, не өлім!
– Өлімнен қорықпайсыз ба?
– Өлім – мен үшін үйреншікті нәрсе ғой. Талайды өз қолымен ана дүниеге аттандырған адам өлімнен қорықпайды.
– Соңғы сұрақ, – деді генерал тұтқынға күлімсірей қарап. – Алда өзіңізді не күтіп тұрғанын біле тұра, қолға тірі түскеніңіз қалай? Естуімше, ұсталған кезіңізде жан құралыңыз, маузеріңіз қолыңызда болыпты. Пышағыңыз да бар екен…
Оспан не айтсам екен дегендей, сәл бөгеліп барып жауап берді.
– Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жаумен он жыл соғысқанда, жәй оққа ұшқан көптің бірі болып өле салғым келмеді. Екіншіден, және ең бастысы, мен – мұсылманмын ғой. Мұсылмандар өзіне-өзі қол жұмсауды қорқақтық деп біледі, және оны аса ауыр күнә деп санайды…
Қытай генералы осыдан кейін көп сұрақ қойып жатпады. Ол, әсілі, атақты бандыны көру үшін келген сияқты. Оспан да әр күні тергеуден кейін төсегінде жантайып жатып, тергеушіге өзінің берген жауаптарын ой елегінен өткізіп, қайта бір сараптайтыны бар. Мүмкіндігінше, сөзден ұтылмауға, уәжден жеңілмеуге тырысады. Бүгінгі генералға берген жауаптарына батырдың өзі де разы еді.
Ертеңінде тұтқыннан жауап алу кезегі қырғызға тиіпті. Сірә, орта соттың мүшесі болса керек. Қашқар уәлаятының Қызылсу ауданында қырғыздар бар-тұғын. Дәу де болса, соның тумасы. Таза ұйғыр тілінде сөйлеп отыр. Бірақ Оспан оның қырғыз екенін бірден байқады. Түр әлпеті марқұм генерал Ысқақбекке ұқсайды екен: жалпақ бет, қысық көз… Алтайда қырғыз жоқ қой, өмірде көрген екінші қырғызы осы шығар.
– Сізбен ұйғырша сөйлесейін бе, әлде қырғызшаны қалайсыз ба? – деді өзі де кім екенін жасырмай.
– Қай тілде сөйлесеңіз де, маған тілмаш керек. Мен қазақшадан басқаны түсінбеймін, – деді Оспан.
Амал жоқ, тілмаш шақырылды. Тергеуші өзі жақсы білетін ұйғыршасына көшті. Байқайды, ой өрісі тым тарлау ма, қалай? Шамасы, түстік жақтан кейін ауысып келген біреу секілді.
– Сіз, өзіңізше, ислам туын көтеріп, Шыңжаңдағы түрік халықтарын түгел азат етемін деп ұран тастапсыз ғой. Сонда, қалай, Қашқариядағы ұйғыр мен қырғызды да азат ету жоспарыңызда бар ма еді? – деді бір сөздің кезегінде. Өзінше, аяқтан шалып, кекеткен түрі.
– Иә, ондай ашық жоспар құрмасақ та, Шыңжаңдағы езілген аз ұлттармен қол ұстаса қимылдау – әуелден ойда бар нәрсе ғой, – деді Оспан байсалды жауап беріп. – Мен түстіктегі ұйғыр мен қырғыз ағайындар Шың Сы сәйға қарсы көтеріле ме деп көп күттім. Бірақ ол үміт ақталмады ғой. Қала жұртының етек бастылығынан ба, әлде ереуілдеп шығуға ат-көлігі сай болмады ма, ошаң етіп, атқа қонған ешкім көрінбеді. Тым құрыса, Шың Сы сәй түрмесінде азаппен өлтірілген Қожанияз қажы мен Сәбит дамолланың құнын жоқтауға жігерлері жетпеді.
Қожанияз бен Сәбит дамолланы айтқанда, манадан ісіңкіреп отырған тергеуші қылп ете қалды. Қожанияз – ұйғыр, Сәбит дамолла – ұйғырға сіңген қырғыз болатын. «Мына бандының да білмейтін пәлесі жоқ екен» дегендей, бұған ала көзімен бір қарап қойды.
Оспанның айтып отырғаны мына уақиға болатын. 1933-1934-жылдар Шыңжаңда аласапыран, көтерілістер кезеңі болды ғой. Гоминдаң үстемдігіне қарсы алдымен дүнгендер көтерілді. Сәл кейін оларға түстіктегі ұйғырлар мен қырғыз қосылды. Ұйғыр бүлігін бастаған – құмылдан шыққан Қожанияз қажы еді. Егер сол беті ұйғыр-дүңген тізе қоса қимылдағанда, Шыңжаңдағы Гоминдаң билігін аударып тастау бәлендей қиын шаруа емес-ті. Алайда, көп ұзамай көтеріліс сәтсіздікке ұшырады ғой. Біріншіден, дүңген мен ұйғыр арасында ауыз бірлік болмаса, екіншіден, және ең шешуші себеп: төңкеріс жолына орыстар кесе-көлденең тұрып алды. Себебі, орыс балшабектері дәл іргесінде тағы бір мұсылман мемлекетінің салтанат құруын қаламады. Сондықтан, Шәуешек және Құлжа шекарасынан екі полк әскер кіргізіп, дүңгендердің ту сыртынан соққы берді. Ал, түстіктегі Қожаниязды орыстар алдау-арбау жолымен-ақ қолға қондырды. Қашқариядағы Сәбит дамолла, Жәнібек имам бастаған көтерілісшілерді бұрын оларға одақтас болып жүрген сол Қожанияздың қолымен тұншықтырды. Нәтижеде, иесіз бос қалған Шыңжаңдағы өкімет басына орыстар өздерінің ежелгі агенті, қиыр шығыстан сол үшін әдейі келген Шың Сы сәйді отырғызды да, Қожаниязды орынбасарлыққа тағайындады. Алайда, бұл одақ та ұзаққа барған жоқ. Балшабектердің құпиялықты білетін куәларды тірі қалдырмайтын әдеті. Арада үш жыл өткенде, 1937-жылы Шың Сы сәй Кеңес одағының келісімімен Қожаниязды түрмеге жапты да, адам айтқысыз айуандықпен азаптап өлтірді…
– Жарайды, ол тарих өз алдына. Жалпы, ұйғыр да, қырғыз да анау-мынауға желп етпейтін отырықшы халықтар ғой, – деді Оспан сөзін одан ары жалғап. – Қашқариядағы ағайындар Алтайдағы партизандарды қолдағанды былай қойып, 1945-жылы азаттық ұрыстары жеңіске жетіп, үш аймақта «Шығыс Түркістан» республикасы құрылған соң да, былқ етпей жатып алмады ма?!
Манадан ширығып әрең отырған тергеуші арадағы әңгіме осы тұсқа келгенде шыдай алмай кетті. Мұндайда бандыға тойтарыс бермесе болмайды. Өйткені, «үй артында кісі бар», ертең тергеу хаттамасын жоғарғы бастықтар оқиды.
– Сен, қылмыскер Оспан, оңбаған банды, біліп қой. Біздің Шыңжаң өлкесі – Ұлы Жуңхуа мемлекетінің айрылмас бір бөлігі. Отанға шын берілген ұйғыр мен қырғыз халқы ешқашан бандылардың соңынан ілеспейді. Біз ұлы ханзу халқымен мәңгі біргеміз! – деді қырғыз азаматы безгегі ұстағандай қалш-қалш етіп.
Оспан мұртының астынан жымиып күлді:
– Дұрыс айтасыз, қожаларына жан-тәнімен берілу жағынан Қашқария тұрғындары алдарына жан салмайды, – деді баяу тіл қатып. – Әсіресе қырғыздар… Осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақтың ең соңғы ханы Кенесарыны алдап қолға түсіріп, сонан соң басын кесіп, орыстарға тарту еткен – қырғыз манаптары болатын…
– Сен, Оспан, ол оқиғаны бұл араға араластырма… Орыс жеріндегі Алатау қырғызында біздің шаруамыз жоқ! – деді тергеуші шыр-пыр болып. – Жаңа «Үш аймақ» дедің ғой. Сол үш аймақ әскерінің бас қолбасшысы кім болғанын білесің бе? Генерал Ысқақбек қырғыз азаматы болатын, оны қайда қоясың? Төңкеріске үлес қоспасақ, ол не?
– Иә, Генерал Ысқақбекті білем. Алтайда маған қонаққа келіп, жайлауда бірнеше күн жатқан, – деді Оспан байсалды қалпын бұзбай. – Ол да – орыстардың ежелгі агенті, әрі Шың Сы сәйдің жалаң қылыш көмекшілерінің бірі болды. Үш аймақта ұлттық төңкеріс жеңіске жеткенде, орыстар Ахметжан екеуін сырттан әкеліп, бірден басшылық қызметке қойды. Айтпақшы, сол Ысқақбек қайда қазір? Есіңізде болсын, орыстар куәларды тірі қалдырмайды…
– Сен, Оспан, жауаптан ауа жайылып кетпе. Сұраққа ғана жауап бер, – деді тергеуші тағы да от басқандай ыршып түсіп. – Сен жаңа түстік Шыңжаңмен байланысым болған жоқ дедің ғой. Оның шылғи өтірік. Сен Қашқарияның еңбекші халқын елемесең де, өзің сияқты отан сатқыш опасыздармен ауыз жаласып, бірге болғансың. Мәселен, Жолбарыспен байланысыңды қалай жасырасың? – деді тергеуші енді түпке сақтаған көзірін жарыққа шығарып.
Жолбарыс – Оспанның енді жолымыз қиылыспас деп естен шығара бастаған адамның бірі еді, еске салғанына қуанып қалды.
– Иә, айтпақшы, түстіктегі Алты шәрі әкімдерінің арасында бет көріскен адамым – осы Жолбарыс қана! – деді, ол туралы айтып беруге қарсы болмай. – Ол – Құмыл аймағының әкімі екен. Өткен жылдың көктемінде мен Баркөл шегіне көшіп барғанымда, маған сәлем бере келді. Бұрын атын естігенім болмаса, көріп тұрғаным осы. Өң-түсі ұйғырдан гөрі Қытайға келетін қысық көз, жылпос қараның өзі. Қонақжай жұртпыз ғой, қой сойып қонақ еттім. Тілі майда екен, мені сөзбен жарылқап тастады. «Құмылға кел, сол маңда дүңгендермен күш біріктіріп, күресті жаңадан бастаймыз» деді. Өзі президент Шан Кайшымен хат алысып тұрады екен. «Егер Шыңжаңды қызылдардан босатсаңдар, сені өлкелік өкімет төрағасы етіп тағайындаймын» депті оған Шан Кайшы. Сол сөз бойынша, Жолбарыс өзі өкімет төрағасы болғанда, мені әскербасылыққа лайықтайды екен… Сөйтсем, бәрі бос сөз. Артынан, көп кешікпей оның алтын-күмісін артып, шетелге қашқалы жүргені мәлім болды.
– Сіз онымен шетелге бірге кету жөнінде сөз байласқан жоқсыздар ма?
«Мынаған не десем екен» дегендей, Оспан қабағын кіржитіп, біразға дейін үндемей отырды.
– Сөйлеңіз, неге үндемейсіз? Әлде шетелге қаша алмай қалғаныңызға өкініп отырсыз ба? – деді көңіл ауанына қарай біресе «сенге» көшіп, біресе «сіз» деп сызылған тергеуші.
– Естеріңізде болсын, шетелге кету – әуелден менің жоспарымда жоқ нәрсе, – деді Оспан оған түйіле қарап. – Туған жерімді тастап, шетке қашатын болсам, сол жерді жатқа бастырмау үшін неге он жыл соғысты деп отырсыз? Иншалла, өлсем сүйегім осында қалады. Егер бұл елде адамның ақтық тілегі орындалар болса, мен жоғарғы соттан үкім орындалған соң сүйегімді Алтайға апарып жерлеуді сұрайын деп отырмын.
– Жарайды, бұл тілегіңізді жоғарыға жеткізейін, – деді тергеуші өзінше кеңпейілділік танытып.
– Иә, айтпақшы, жаңа не туралы айтып едік? – деді Оспан әлі де сөйлейтін ыңғай танытып. – Жолбарыс жайында екен ғой… Туған жерін, ұлтын сатып, шетелге бой тасалап бара жатқан Жолбарыстай опасызға ере жөнелетін мені сіз кім деп отырсыз? Жолбарыстың адам баласына рақым қылмайтын қарақшы екенін – мен оның бір орында тұрақтамай ойнақшып тұратын көзінен-ақ танығам. Кейін сол ойым расқа шықты. Ол былай шыға бере жолдастарына не істеген дейсіз ғой? Жол бойы өздеріне сойыс беріп, азық-түлікпен қамдап, күш-көлік жағынан көмектесіп келе жатқан қазақ ауылын Пәкістан шекарасына жеткен соң бір түнде бала-шағасына дейін түп-түгел қырып тастап, айдаған малдары мен іске татыр мүліктерін тонап алып кеткен. Міне, Жолбарыс туралы білгіңіз келсе…
Жалпы, тергеушілер Оспанның аузынан қақпай, неғұрлым көбірек сөйлетуді мақсат тұтқан тәрізді. Кейін бандының әр сөзін таразыға тартып, арасынан қалай «қылмыс» табуды өздері біледі. Қазіргі міндет – ауыздан шыққан сөзді қағазға түсіру. Соған орай Оспан да ештеңені бүгіп қалғысы келмей, білетінін айтып беруге қарсы болған жоқ. Сөйлесе іштегі шері тарқап, біртүрлі жеңілейіп қалады.
– Жарайды, қашқын Жолбарысқа ермепсіз. Оның берген уәдесіне сенбепсіз. Солай-ақ болсын, – деді тергеуші жаңа бір сұраққа көшетін ыңғай білдіріп. – Ал, өзіңіз сияқты қазақ бандысы Қалибектің көшіне неге қосылмай қалдыңыз? Естіген шығарсыз, ол қазір соңына ерген серіктерімен бірге Пакистанның Кашмир деген жерінде жүр. Одан ары Түркияға жетудің қамында көрінеді…
– Солай ма? Аман-есен жеткен екен-ау, байқұстар!
– Енді сол Қалибек туралы айтыңызшы. Жалпы, екеулеріңіз неше рет жолықтыңыздар?
– Бір-ақ рет! – деді Оспан сол үшін өкінгендей. – 1948-жылы ма екен, біздің ауыл Жемсарыда отырғанда, Қалибек бір топ жолдасымен бізге келіп қайтты. Сонан кейін бет көрісе алмадық.
– Сонда не туралы сөйлестіңіздер? Шетелге бірге кету жөнінде сөз байласқан жоқсыздар ма?
– Жоқ. Олай болатыны, шекара асу ол кезде Қалибектің өз ойында да жоқ еді. Өйткені, сол тұста Алтайдағы мені де, Тянь-Шаньның күнгей бетінде, Үрімжіге таяу қоныстанған Қалибекті де Гоминдаңның өлкелік өкіметі қолдап тұрды. Біз үш аймақтың қуыршақ өкіметіне қарсы Гоминдаңмен одақ құрып, бірлікте соғыспақ болатынбыз. Кейін жағдай өзгерді. Өлкедегі Гоминдаң өкіметі құлап, олардың орын қызыл қытай басты… Қалибек бұл елден тұрақ таппай, Такламакан шөлін басып, Гималай тауын асып, шетелге кетуге мәжбүр болды. Жол бойы олардың көрген бейнетін адам баласының басына бермей-ақ қойсын!
– Кетерде сізден рұқсат алды ма? Хабарласты ма? – деді тергеуші осы арадан әлдебір құпияны біле қоймақ болып.
Оспан оған шадырая бір қарап алды да:
– Рұқсат алатындай, ол маған бағынышты адам емес қой, – деді сол тұнжыраған қалпы. – Мен – Алтайда, Қалибек Еренқабырғада жатыр. Ол 1947-жылы өкіметке қарсы көтерілгенде де менімен ақылдасқан жоқ. Орыстардың «Шығыс Түркістан» туын жығып, үш аймақта қуыршақ үкімет құрғанына уәделескендей екеуіміз де қарсы болдық. Мақсат ортақ болғанымен, Қалибек менен тәуелсіз, әрқашан өз тізгіні өзінде болды.
– Әйткенмен, шетелге көшерде сізбен хабарласқан болар?
– Иә, хабарласты, – деді Оспан бөгелмей. – Алдыңғы жылы (1949) күзде қасына үш жігіт қосып, үлкен ұлы Қасенді жіберіпті. Он алты жастағы бала, әкесі сияқты ол да оттай жанып тұр…
– Не сәлем айтыпты баласынан?
– Не деуші еді? «Шыңжаң енді бізге қоныс болмауға айналды. Ошың бізбен бірге көшсін. Алла сәтін салса, алдымен Пакистанға жетсек, содан ары Түркияға тартамыз» депті.
– Сіз не деп жауап қайтардыңыз Қалибекке?
– Көше ал–майтынымды айттым. «Қалибек сиған тар соқпаққа Оспан сия алмайды» дедім. «Артымда Алтайдан – Құмылға дейін созылып жатқан елім бар. Соларды тастап, ешқайда кетпеймін» дедім. Жоғарыда айттым ғой, шетелге бас сауғалау менің жоспарымда болған емес.
– Енді өкінбейсіз бе – Қалибекке ермей қалғаныңызға?
– Жоқ. Мен өз ойынан оңай қайтатын, жағдайға қарай тез құбылатын адам емеспін.
Сонымен, бүгінгі сұрақ-жауап та аяқталған. Тергеуші бүгінгі отырысқа разы сияқты. Өзінше, бандының құпиясын аштым, қоймасын ақтардым деп барады. Ал, Оспан болса, бүгінге дейін теріс-қағыс ұғылып жүрген жайларды бір ізге түсіргеніне разы еді.
– ІV –
«Сүтпен біткен қасиет сүйекпен кетеді» деген рас. Сол баяғы қазақы кеңдік, қазақы көңілшектік. Соншама жылға созылған сұрапыл соғыс, төгілген қан Оспанды еріксіз қатайтып, өзгертіп жіберсе керек еді. Жоқ, сол баяғы қалпы. Өзі түрмеде тұншығып жатып, Генерал Дәлелханның тағдырына аяушылық білдіреді. Текті атаның тумасы, жақсы-ақ жігіт еді, марқұм. Осы заманғы ең сенімді, сәнге айналған даңғыл жолға сол түскен сияқты еді, қай жерде, қалай қырсық шалды екен? Бұл екеуі бір-біріне кереғар екі айырық жолға түскен соң, қалайда біреуінің жолы оңғарылса керек еді ғой. Сонда қалай болғаны? Отаршыл империяны жақтасаң да, қарсы шапсаң да, нәтиже біреу-ақ дегені ме? Оспанды қойшы, бұл әуел бастан-ақ азаттық жолында өзін құрбандыққа шалған адам ғой. Ал, Дәлелханға обал-ақ! Ажал оғы оған қарсы алдынан емес, ту сыртынан атылды-ау!
Дәлелхан Оспаннан бес жас кіші еді. Бұрын көп араласпаса да, сырттай жақсы білетін-ді. Дәлелхан болса – шеруші аталатын білдей бір рудың тәйжісі. Оспан болса – жай мал бағып, егін салып, қала берсе аң аулап, күн көріп жүрген қатардағы шаруа. Терезесі тең емес-ті… Алайда, Дәлелханның да өмір жолы тым даңғыл емес, бұралаң. Ол – әсілі, Моңғолия қазағы, моңғолдың Қобда аймағында туып өскен. Он екі Абақ Керейдің бір табы шеруші ішінде Ақтан батыр әулеті. Бергі аталары Жылқышы, Сүгірбайлар да – ел басқарған адамдар. Жақсы атаның ұрпағы – Дәлелхан да жастай ел көзіне түсіп, жасы жиырмадан аса бере моңғолдың халық құрылтайына депутат болып сайланды. Бірақ не керек, сол алғашқы құрылтайға қатысып келген соң-ақ, Дәлелхан нілдей бұзылды ғой. Бұл да сол баяғы аты шулы 1928-жыл мөлшері болса керек. Кеңес одағында сәл жел тұрса, Монғолияда боранға айналатын әдеті. Монғол құрылтайында да байларға кәмпеске жүретіні, байдың малын кедейге тартып әперетіні қатты-қатты айтылған-ды. Бұл сөздер ол кезде Дәлелханға ұнаған жоқ. Ашығын айтқанда, ата дәулетінен айрылғысы келмеген. Адамның бәрі бірдей болады. Малшыны байға теңестіреміз деген ұран да көкейіне қонбаса керек… Содан елге қайтып келді де, шерушінің басты адамдарымен ақылдасты. Бұл сұмдық хабарға олар да өре түрегелген. Қоныстары шекараға таяу болатын. Сөйтіп, олар бір-ақ күнде Қытай шегіне көшіп өтті.
Ол жылдары Қытай елі тыныш, коммунистер өкіметі де, кәмпеске де келе қоймаған. Шеруші – он екі абақ керейдің бір атасы ғой. Мұндағы ел Дәлелханды шетке қаққан жоқ, әкесінің орнына тәйжі атанып, өз руын билеп жүріп жатты. Ол көбінше Алтай аймағының губернаторы Шәріпхан төренің ығында болып, соның қамқорлығына бөленді.
Сөйтіп жүргенде, Шың Сы сәй өкіметінің лаңы басталмады ма. Елдің сүт бетіне шығар игі жақсылары ұсталып, Үрімжі түрмесіне айдалып жатты. Күні кеше Шың Сы сәйдің оң қолы, жақын досы саналған Шәріпхан дутың да Үрімжіге жиналысқа барған жерінен қайтпай қалды. 1940-жылы аймақ орталығы Сарсүмбеде қызмет істейтін Дәлелхан да бір түнде жоқ болып шықты. Үйіндегілер түн ішінде бір жабық машинаға мініп кеткенін ғана біледі. Басқа дерек жоқ. Жұрт оны да Шың Сы сәй қолынан мерт болдыға жорып, «Аллауакбәрін» айтып қойған.
Бәрі кейін мәлім болды ғой. Сөйтсе, жаңағы жабық машина Дәлелханды Үрімжі түрмесіне емес, Жеменей шекарасы арқылы орыс жеріне алып өтіпті. Содан Алматыға апарған, оқытқан, алда Шыңжаңда болатын ұлттық төңкеріске дайындаған… Не керек, сол сапардан үш жыл дегенде бір-ақ оралды ғой. 1943-жылы моңғол шекарасы арқылы Алтайдан бір-ақ шықты. Оның жол сапарын бір топ басшылар ғана білді. Ал, былайғы жұртқа Шың Сы сәй түрмесінен қашып шыққан адам болып көрінді.
Ол кезде Алтайдағы көтерілістің Есімхан, Ырысқандар жетекшілік еткен алғашқы легі күшпен басылып, енді азаттық күресінің Оспан бастаған жаңа толқыны өрлеп тұрған шағы болатын. Кешегі аңдысқан жаулары орыс пен моңғол досқа айналып, қару-жарақты аямай беріп тұрған кезі. Көтерілісшілер үшін моңғол шекарасы айқара ашық. Сол жылы өкімет әскерінен қысым көрген біраз жұрт мал-жанымен Моңғол жеріне қыстап шыққан. Бұлғындағы Майқантас заставасында Оспан мен маршал Шойбалсын кездесіп, бір-біріне тарту-таралғы берісіп, араларынан қыл өтпей тұрған шақ. Сыйға берілген қару-жарақтың түр-түрі көздің жауын алады. Бұлар бұрын қолына ұстап көрмеген автомат, пулемет, маузер, дүрбі дегенді сол жолы көрді ғой. Ал, пистолет, бесатар дегенің екінің бірінде.
Бұрын сырттай ғана білетін Дәлелханды Оспанға осы моңғол жерінде әкеліп таныстырды. Жасы әлі қырыққа іліне қоймаған ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей келісті азамат. Жалғыз емес, қасында орыстар қосып берген екі-үш жолдасы бар. Жол ортада қосылған ол да енді көтеріліс басшысының біріне айналмақ. Оспан қолбасы, командир болғанда, Дәлелхан комиссар болатын ыңғайы бар ма, қалай. Орыстар ұсынып, моңғолдар қостап тұрған соң, көмекшіге зәру Оспан мұндай жаңалыққа қарсы болған жоқ. Оспанның өзінен гөрі сауатты, ішкеріден оқып келген жас жігіт азаттық үшін, Алтай халқы үшін бірлікте, тізе қосып тер төксе, кісіге бұдан артық не керек.
Алайда, іс жүзінде бәрі де бұл ойлағандай болмады. Ақылдары қосылмай, ойлары бір жерден шықпай, күн өткен сайын аралары алшақтай берді. Әрине, Дәлелханды да елін-жерін сүймейді, Алтайдың азат болғанын қаламайды деп айта алмайсың. Азаттыққа жетуге ол да құмар-ақ. Тек, Оспан ойлаған жолмен емес, басқа жолмен… Кеңес одағы салған социализм жолымен жетпек. Қытайдан ірге бөліп, орысқа арқа сүйемек. Сонда қалай болғаны? Жеңіл жүрісті жәлеп қатындай бір байдан шыға сала, екіншісіне тимек пе? Осыдан небәрі он бес жыл бұрын осы Дәлелхан Моңғолиядағы қызылдардан қашып, өр Алтайға келіп паналап еді, енді міне қып-қызыл балшабектің өзі болып шығыпты. Орыс жерінде өткен екі жарым жылдың тегін кетпегені көрініп тұр. Құдауанда, осы қызылдардың жұғысып кеткен адамды дуалап алатын бір пәлесі бар. Коммунизм ұраны кісіге күйеше жұғады, кәдімгідей жадылайды.
Бұл алшақтық бұрын екі күннің бірінде жаумен айқасқан ұрыс кезінде көп байқала қоймаушы еді. Кейін Алтай азат болып, төңкерісшіл ұлттық өкімет аймақ орталығы Сарсүмбеге орныққан кезде айқын біліне бастады. Оспан – Алтай аймағының уәлиі (губернаторы), Дәлелхан – уәлидің орынбасары, әрі Үш аймақ әскерінің Алтайдағы қолбасшысы… Бірақ қағаз жүзінде ғана солай, іс жүзінде билік – орыстар жіберген кеңесшілердің қолында. Тікелей әмір жүргізетін – осындағы орыс консулдығы. Заң да, бұйрық та солардан шығып жатады. Аймақ уәлиі Оспанның әмір-пәрмені кейде өтсе, кейде өтпей қалады. Орыс кеңесшілерінің әспенсігені сонша, олар аймақ басшысын менсінбей, Оспанға ештеңе білмейтін, оқымаған, қараңғы қазақ ретінде қарайтын сияқты. Рас, ел ішінде абыройы бар шығар, батыр шығар. Кезінде жоғарғы басшылар оны сол үшін пайдаланды. Енді қажеті қанша деп қарайтыны біліне бастады.
Алтай азат болған соң, Іледегі Үш аймақ үкіметі Дәлелханға генерал шенін берген-ді. Бірақ, одан келіп жатқан пайда жоқтың қасы. Әскери істерді Дәлелхан емес, осындағы орыс полковнигі Лескин басқарады. Бейне, бірінші қолбасшы Дәлелхан емес, Лескин сияқты. Қашан көрсе де Дәлелханның «Фатей Иванович» деп қоғадай иіліп тұрғаны. Атақты Дулат ақынның «Ұлығын көрсе орыстың, қыздан дағы қылықты» деп қазақ болыстарын түйрейтіні болушы еді. Мынау да – соның кері.
Бұл тұста Құлжадағы Үш аймақ үкіметінде де еш бедел қалмаған-ды. Бұрынғы «Шығыс Түркістан республикасы» деген атағы жайына қалған. Оның төрағасы Әлихан төрені орыстар бір түнде жабық машинаға тиеп алып кетіпті. Білетіндердің айтуынша, туған қаласы Ташкентке әкетіпті деген сөз бар. Қалғандары – айтқаннан шықпайтын «мақұлбайлар». Кеңес одағынан дайындап әкеліп, Үш аймақ үкіметінің басына қоя салған ұйғыр Ахметжан Қасыми да, қырғыз генералы Ысқақбек Мононов та осындағы Дәлелханның жағдайында болса керек. Орыс консулдығы не айтса да бас шұлғи беретін қағаз жүзіндегі қуыршақ бастықтар.
Анығына келгенде, «Шығыс Түркістан» дейтін мемлекеттің бұдан былай еш қажеті де болмай қалған. Кеңес одағы бұл мемлекетті екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Гоминдаң мен Жапонға қарсы қалқан болсын деп құрған ғой. Қазір Жапония да, Германия да жеңілді. Гоминдаң өкіметі күйреу алдында… Сондықтан «Үш аймақты» уақытша алдарқатып ұстай тұрып, Қытайда Коммунистер билік басына келгенде, Шыңжаңды бөліп жармай тұтас күйінде соларға сыйға тартпақ. Ұлт азаттық соғысын Манас бойында тоқтатып, Үш аймақ басшыларын желкесінен алып зорлағандай, Үрімжідегі Гоминдаң өкіметімен теңсіз бітімге қол қойғызуы да – сол алдағы жоспардың дайындығы болатын. Өйткені, ұлт азаттық күресі мына бетінде өрши берсе, кешікпей бүкіл өлке азат болып, Шыңжаң қолдан шығып кетуі де мүмкін еді.
Міне, дәл осындай жағдайда Алтай аймағының қуыршақ уәлиі болып, бұдан ары отыра беруге Оспанның ар-ұяты шыдамаған. Там үй, тар босағада қысылып-қымтырылып, бір жылдай Сарсүмбе қаласында уәли болып отырды да, сыр алдыра бастаған денсаулығын сылтауратып, 1946-жылдың жазында Шіңгіл жайлауына шығып кетті. Биліктен біржола кеттім деген де жоқ, өзіне белгілі мерзімге демалыс жариялаған. Қоластында үстелге отыруға құмар, қағаз кемірмесе күн көре алмайтын көзәйнекті «көртышқандар» аз емес-ті. Кеңседегі қызметке соларды жауапты етіп қалдырып кетті.
Оспан жайлауға келісімен, Көктоғай, Шіңгілдегі өзінің батырлары мен мергендері жан-жақтан жамырамасын ба келіп. Жігіттері мұны әбден сағынып қалыпты. Оларға Сарсүмбеде кеңсе күзетіп отыратын уәли Оспан емес, үнемі алғы шепте қол бастап, жорықта жүретін қолбасы Оспан керек қой.
– Ошың-ау, сен кеткелі бұл елге қойшы ғұрлы қадіріміз қалмады ғой. Екі қолымызды алдымызға сыйдыра алмай, от басында омалып отырып қалған жоқпыз ба?! – деп марқұм Қапас мерген көзіне жас алып еді сонда.
Соңғы айларда дүниенің қалай-қалай құбылғанын елдегі жігіттер де топшылап біліп отыр екен. Енді барлығы Оспанды ортаға алып, алдағы тірлікті ақылдаса бастаған. Соншама жыл қан төгіп жеткен төңкеріс жемісін біреулердің орта жолдан пайдаланып кетуіне жол бермейміз десті олар бір ауыздан.
Іледегі Үш аймақ өкіметі де Оспанның әр қадамын аңдып отыр екен. Арада апта өтпей-ақ, Үрімжіде, Құлжада, Тарбағатайда шығатын газеттер: «Оспан батыр аймақтағы уәлилік қызметін тастап, өзінің «құйыршықтарына» барып қосылды» деп шу ете қалды. Бұл хабарды әркім әртүрлі қабылдағаны анық. Сөз жоқ, Үш аймақ басшыларының жүрегі зырқ етіп, көтенішегі қол бойы түсіп кетті. Ал, оның есесіне, Үрімжідегі Гоминдаң өкіметі кәдімгідей іш тартып қалса керек. «Дұшпанымның дұшпаны – менің досым» деген сөз бар. Ойда жоқта өзіне одақтас табылғанын кім жек көрсін. Көп ұзамай Үрімжі жақтан бейресми «елшілер» келе бастады.
Осыны сезген Іледегі Үш аймақ өкіметі де қарап қалмады. Жайлауда отырғанда Оспан ауылына генерал-лейтенант Ысқақбек пен генерал-майор Дәлелхан бастатқан делегация келді. Құр қол емес, әлденеше түйеге артқан бұл-шай, қант-кәмпит, кездеме сияқты тарту-таралғысы бар. Генерал Ысқақбек Құлжадан әдейі Оспанға арнап, «Халық қаһарманы» атты Орден ала келген екен. Алғашқы салтанатты отырыста батырдың омырауына сол орденді тақты. Орденнің дәл ортасында «бес тармақты жұлдыз» бар екен. Оспан соған қарап езу тартып күлді де:
– Қазақ екен, Гомин қытайдың туында бадырайған алты бұрышты жұлдыз болушы еді. Сонша жыл соғысқанда бір бұрышын зорға кеміткенбіз бе?! – деген отырғандарды ду күлдіріп. Ысқақбек бұл сөзге қызарақтап, ыңғайсызданып қалды:
– Тегінде бұл жұлдыз дегендер мемлекеттік рәмізге жатады ғой. Оның бұрышының санында тұрған ештеңе жоқ, Осеке! – деп өзінше жуып-шайған болды.
Генерал Ысқақбектің өмір жолынан да Оспанның азды-көпті хабары бар-тұғын. Қашқар маңындағы қырғыз ауданында туып-өскен жігіттің әскери стажы тым арыда. Әуелде гоминдаң армиясында қызмет еткен. Кейін төңкеріске бет бұрып, түстіктегі Қожанияз тобына қосылды. Одан орыс өкіметі мен Шың Сы сәйдің нұсқауы бойынша, Қашқар маңындағы Сәбит домолла бастаған түркістаншыл-діншіл топты жаныштауға қатысты. Жалпы, бұл жігіттің ежелден-ақ орыстармен ымы-жымы бір болса керек. Кейін Дәлелхан сияқты ол да орыс еліне барып, «білім жетілдіріп» қайтқан… Іледегі көтеріліске бұл да орта жолдан қосылды. 1944-жылы күзде Әкпар, Сейіт, Ғани, Фатих бастаған партизандар Құлжа қаласын басып алған кезде, бұл да бір жақтан пайда бола кетті. Және жай біреу де емес, Үкімет мүшесі, генерал шенді әскербасы…
Оспан алыстан ат артып келген сыйлы қонағын арнайы тігілген үйге түсіріп, тай сойып күтті. Бірақ, қашанда әзірге-мәзір бола кететін генералмен тіл табыса алмады.
– Аймақ орталығына қашан қайтасыз? Сіздің қызметті тастап кетуіңіз ел ішінде әртүрлі қауесет туғыза бастады. Жалпы, өз орныңызға барып отырғаныңыз жөн ғой, – деген сауалына қайтарған жауабы да қысқа болды.
– Әзірше денсаулығыма байланысты жайлауда демалып жатқан жайым бар. Ойланып көрем. Түбі, кеңсе қызметін жастарға өткізіп бергендей болам ба… Өзіңіз білесіз, өне бойы ат үстінде жүрген қыр қазағына кеңседе отыру қол емес қой. Құданың әмірі, қалаға барсам болды, тынысым тарылып, тұншығып кете жаздаймын, – деген келте қайырып.
Бұдан ары Ысқақбек те үздіге қойған жоқ. Оның да Оспанға ет бауыры езіліп тұрғаны шамалы еді. Мына келісі де батырды ерекше құрметтеп, сыйлағаннан емес, Алтай халқы тағы да бұзылып кете ме деп қорыққандықтан болатын. Бір қызығы, үшеуара әңгіме кезінде Дәлелхан көп сөйлеген жоқ. Бұлардың низамы бойынша, шені жоғары бастықтың алдында қызметі кішілері үндемей қалады екен ғой. Үлкендер алдында жарып сөйлеп, билік айтатын баяғының бала билері келмеске кеткендей.
Әйтсе де, Дәлелхан Оспанның жайлауда тым ұзақ жатып, жаз бойы қалаға ат ізін салмауын «біржола кеттіге» жорып қойған екен. Қанша айтқанмен сыралғы кісілер ғой, алда бір сұмдықтың боларын біліп жүрген сияқты. Бір әредікте Оспанды оңашалап:
– Ошың, осы бетіңде шынымен-ақ, кеткенің бе бұл? Қан төгіп, тер төгіп жеткен азаттық жемісін кімге тастап барасың сонда? Халық бұл қылығыңды қалай қабылдайды? – деген баяғы «жезде» деп ойнай беретін әдетімен «сенге» көшіп. Оспанның бәйбішесі Мәмей шеруші қызы болатын.
– Қайдағы азаттық? Біз осы азаттыққа шықтық па? – деді Оспан оған шадырая қарап. – Бар болғаны, қожайын алмастырған жоқпыз ба? Басымыздан қайыс ноқтаны сыпырып, темір ноқта кигенде не мархадам табамыз?
– Қазіргі заманның беталысы солай боп тұр ғой, Ошың-ау! Бір мықтыға арқа сүйемей қазаққа күн жоқ екенін неге түсінбейсің? Жарайды, сен тағы қол бастап, атқа міндің дейік. Содан не шығады? Көк темір құрсанған герман мен жапонды жеңген Кеңес одағы сені құрықтай алмайды деп отырсың ба?
Осы тақырыпта екеуі Сарсүмбеде бірі бастық, екіншісі орынбасар болып тұрғанда да жиі айтысып қалатын. Оспан сол дауды қайта жаңғыртқысы келмеді.
– Жарайды, Дәкей, мұның бәрі ескі әуен, ежелгі жарапазан ғой, – деді бір жерін ауырсынғандай қабағын кіржитіп. – Мен әуел баста азаттық үшін алыстым ба, сол жолда өлуім керек. Кешірерсің, орысқа сен малай болды екен деп, мен малай бола алмаймын. Бірақ есіңде болсын, – деген сәл ойланып қалып. – Діні, ділі бөтен жат жұртқа жағамын деп ойлама! Біле білсең, сен екеуміздің жауымыз ортақ. Мені олар қарсы алдымнан атса, сені ту сыртыңнан атады. Осыны ұмытпа!
Бұл – Дәлелхан екеуінің ең соңғы рет тіл қатысуы еді. Осыдан кейін бет көріскен жоқ. Артынан «байқұсқа тым қатты айттым-ау» деп өкінгені есінде. Дәлелхан кейін өзінің қақпанға түскенін білгенде, Оспанның сол сөзін еске алды ма екен? Еске алған шығар. Ақылды азамат қауіп-қатердің қайдан төніп келе жатқанын сезінбеді дейсің бе?
Ақыры сол Дәлелхан мен Оспан ұдайы екі жыл соғысты. Шабуылды бастаған – Оспан емес, үш аймақ әскері. Дәлелханның қоластында: Лескин, Ыбырайымбай, Түсіпхан секілді ысылған полковниктері болды. Орыс қаруымен жарақтанған неше полк әскер. Ал, Оспанды қоршаған – өзінің мергендері мен батыр сарбаздары. Орыс та, қытай да ештеңе емес, жалғанда қазақ пен қазақ соғысқан қиын екен ғой. Екі жақтан да шығын көп болды. Оспан жағында осы өлкеде туып өскен, жер жадысын жақсы білетін сақа сарбаздар, ал «Үш аймақ» әскері – Алтайды туасы көрмеген, майданға асығыс алынған түбіт иек, бозбала жігіттер. Жер жағдайы көмектесті ме, әлде аққа құдай жақ болды ма, 1947-жылы күзде Оспан жасағы Үш аймақ әскерін тас-талқан қып, ойсырата жеңді. Аймақ орталығы Сарсүмбені партизандар басып алды. Іледен келген әскербасылар тым-тырақай қашып, генерал Дәлелхан мен полковник Лескин сасқанынан Жеменей шекарасы арқылы орыс жеріне өтіп кетті. Сол беті Күзуін заставасы тұсынан Тарбағатай аймағына қайта өтіп, Шәуешекке барып ес жинады. Сол жақтан асығыс әскер жасақтап, Алтайды қайтарып алудың қамына кірісті.
Әрине, Оспан аймақ орталығын ұзақ ұстап тұра алған жоқ. Оның әубастағы жоспары да Сарсүмбені түбегейлі мекендеп қалу емес, генералдар мен полковниктерге өз күшін бір көрсетіп қою болатын. Бір жағы, Дәлелханмен арадағы егес-бәсеке. «Сен бізге ештеңе де істей алмайсың» деген өткендегі сөзіне жауап. «Бәлем, қаруға сенген қалай, халыққа сенген қалай, көрсін!» дегені.
Сол жылы қазан айында Дәлелхан қарсы шабуылға өтті. Бұл жолғы екпіндері үй жыққандай тым қатты еді. Іле мен Тарбағатайдан жасақталған полктер өз алдына, бұл соғысқа шекарадан өткен орыс әскері де тікелей араласып кетті. Кілең шегір көз орыстан құралған «Тарбағатай полкі», «Қобық полкі» дегендер аяқ астынан қаптап шыға келген. Жөн сұрағандарға Тарбағатайдағы «Қыз бейіті», «Қырық ошақ» поселкесінің орыстарымыз дейді екен. Сөйтсе, «Қобық полкі» деп жүргендері – шекара сыртында жасақталған совет солдаттары болып шықты.
Оспан жасақтары қару-жарағы сай, сан жағынан басым жауға төтеп бере алмай, амалсыз кейін шегінді. Соңынан қуғын түскен соң, Алтайды артқа тастап, түстіктегі Бәйтік тауына келіп бекінген-ді. Не керек, Оспан содан қайтып Алтай топырағын баса алған жоқ. Бұларға Үш аймақ әскері, орысы, моңғолы болып, үш жақтап жабылды-ау! Ақыры, Бәйтік те қоныс болмай, Жемсарыға, одан Баркөл, Құмылға қарай ойысқан. Бәйтіктен көшерде ұрыстан қажып-шаршаған, бұдан ары көшке ілескісі келмегендерді елге қайтарып, ең соңында «не көрсек те батырмен бірге көреміз» деген жанкештілер ғана қалып еді…
Сөйткен Дәлелханның тағдыры не болды ақыры? Сүйегінің қайда қалғанын да ешкім білмейді. «Самолет апатынан қалған денесінің жұрнағы осының ішінде» деп әлдебір қалайы жәшікті Үрімжіге әкеліп жерлепті дейді. Құдай білсін, ол жәшіктің ішінде кімнің сүйегі жатқанын. Сөйтіп, ерте атқа қонып, азаттық жолында талай құрбандықтар берген Алтайдың екі азаматы тар кезеңде екі айырық жолға түсіп еді. Бірақ, амал не, екеуі де мұраттарына жете алмады.
– V –
Әнеукүннен бері Шыңжаңдағы әр ұлттың өкілдері өзін алма-кезек тергегенде, Оспан «бұлардың арасында қазақ неге жоқ? Төтенше комиссияға қазақты қоспағаны қалай? Әлде бүйрегі бұрып кетеді деп сенбегені ме?» деп дүдәмал ойда жүрген. Сөйтсе, бұл асығып жүріпті, сот құрамында қазақ та бар екен. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, бүгінгі кезек қазаққа тиіпті. Бүгін тергеу бөлмесі де айрықша түс алған. Қазақ жүрген жерде дастархансыз бола ма, бөлменің ортасында көлемі әжептәуір үстел тұр. Үстінде әралуан тағамдар: құрт, ірімшік, бауырсақ, сарымай, жеке-жеке ыдысқа салып, тізіп қойыпты. Бәрі де Оспан аңсап, сағынып жүрген астар. Ең ғажабы, үстелдің бір шетінде иінінен буы бұрқырап, ақ шәйнек пен сары самауыр тұр. Сөйткенше, бүгінгі тергеуші – ас иесі де көрініс берді. Жасы отыздарға енді ілінген, ұзын бойлы, сылыңғыр, қара жігіт алдынан шығып сәлем берді.
– Ассалаумағалайкүм, Осеке! Төрлетіңіз.
Оспан не айтарын білмей бір сәт бөгеліп қалды. Тәңірім-ау, бұлай қазақша сәлем естімегелі қай заман?! Адамды жібітетін қатты сөз емес, жылы сөз екен ғой. Айдауыл әскер қолын кісеннен босатып, төрдегі орындыққа жайғастырғанда барып есін жиды. Міне, қарсы алдында тергеуші қазақ жігіті отыр. Үстінде осы күнгі бастықтар киетін төрт қалталы, тұйық жағалы қыстайы костюм. Ұяңдау ұзын шашын желкесіне қайырып тастапты. Шүңет қабақ астындағы бітіктеу қой көзі адамға жан тарта, күлімдеп қарайды. Алдындағы екі кесеге шай құйып, құрмет көрсетіп жатыр.
– Дәм алыңыз, Осеке… Шай ішіңіз.
– Інішек, мен сені танымадым ғой. Кім боласың? – деді Оспан өзінен кіші адамға «сен» деп сөйлейтін әдетімен.
– Иә, танымайтын жөніңіз бар, бұрын көрмедіңіз ғой мені, – деді ол күле тіл қатып. – Мен Жағда Бабалықов деген боламын. Осындағы жоғарғы соттың мүшесімін. Бұрынғы ұлттық армияның полковнигімін…
– Не дейді-ау! Жағда сен екенсің ғой! – деді Оспан да бірден елең етіп.
Батыр бұл жігіттің атына бұрыннан қанық болатын. Шәуешекте астыртын ұйым құрып, кейін сол елде партизан құрамасын жасақтаған Жағда, Дубек Балқаш деген жігіттерді кезінде талай естіген. Үш аймақ әскеріндегі саналы, білімді командирдің бірі деген даңқы да жетіп жататын. Алайда осы жігіт Тарбағатай полкінде бола тұрып, 1947-жылғы Алтайдағы ұрысқа неге қатыспады? Соны өзінен сұрау керек екен. Бірақ әзірше сыр алдырған жоқ. Бір жағы, алдындағы қою шайдан да аузы босамай, едел-жедел бірнеше кесені аттандырып жіберді. Оспан үйде шайшыл болатын. Әнеукүннен бері қара суға қамалған батыр алты айрығынан тер ағып, жадырап қалды.
– Бауырым-ау, шайың мұндай дәмді болар ма. Шөлім қанып, құрыс-тырысым жазылып қалғанын қарашы! – деді күпісінің қалтасынан көлдей орамалын алып, асықпай сүртініп жатып. Сонан соң лекіте күліп алды да, – Енді айтшы, жігітім, бұл ненің құрметі? О заманда, бұ заман, тұтқынды дәммен сыйлағанды көргенім осы, – деді таңданысын жасырмай. Жағда да жымия күліп, шын көңілден жауап қатты:
– Сіз – мен үшін жай ғана тұтқын емессіз, Осеке. Ел-жұртқа аты мәлім, даңқты батырсыз. Жасыңыз үлкен ағасыз. Кезінде сіз бен біз ортақ жауға қарсы бір майданда соғысқанбыз. Бостандықта жүргенде сыйласудың сәті түспепті. Бүгін мынадай таршылықта болса да дәм татырайын дегенім ғой.
– Рахмет, айналайын, бала-шағаңның игілігін көр. Қаңсып отырғанда ішкен мына шайдың өзі неге тұрады?! – деді батыр разы болып.
Оспан Жағданың ықылас-пейіліне еш күдік келтірген жоқ. Сонымен бірге, оған мұндай еркіндік берілуі де жайдан-жай емес екенін жүйрік көңіл сезіп отыр. Жоғарыда отырғандар Жағдаға «Сен қазақсың, Оспанды қазақы дәстүрмен жұмсақтап бір тергеп, сөйлесіп көр. Бәлкім, бізге айтпаған сырын саған айтар» деп тапсырған сияқты. Сонда бұлар менің жасырып жүрген қай құпиямды білмек екен? Мейлі, сұрасын, басқаға берер жауабымды Жағдадан аяйын ба?! Бірақ әлі де сырттай сыр берген жоқ. Манадан көңілінде отырған өзге бір жайды сұрап қалды.
– Жағда, сен Тарбағатай полкінде бола тұрып, 1947-жылғы Алтайдағы ұрыстарға қалай қатыспадың? Мен өзімізге қарсы соғысқан Үш аймақ әскерінің командирлерін түгелге жуық білуші едім. Олардың арасында сен болған жоқсың. Осының мәнісін айтшы, егер құпия болмаса, – деді сәл кірлеген орамалымен тағы да маңдайының терін сүртіп отырып.
– Оның қазір түк те құпиясы жоқ, – деді Жағда көңілдене тіл қатып. – Бір кездейсоқ жағдай мені Алтайдағы қантөгістен қағып қалды. Алтайда Үш аймақ әскері мен сіздің партизандар арасында ұрыс қызып жатқанда, мен Құлжада абақтыда болатынмын.
– Қалайша? – деді Оспан елең етіп.
– Мен ол кезде Қобықта тұрған атты полктің комиссарымын ғой. Біреулер: «Жағданың Оспан бандыларымен байланысы бар» деп менің үстімнен Құлжаға арыз жазыпты. Соған сенген бас Штаптың адамдары 1947-жылдың ақпан айында мені қолға алды. Иттер жексенбі күні моншаға түсіп жатқан жерімнен ұстады-ау! Сол беті ешкімге жолықтырмай Құлжа қайдасың деп бір-ақ тартты, – деді Жағда сол оқиғаны күле еске алып.
– Ал, сені менімен қалай шатыстырып жүр? Әлде бізбен, шынында да, бір байланысың болып па еді? – деді Оспан да қызығушылық танытып.
– Жоға, менің орныма қызыққан біреулердің жапқан жаласы ғой, – деді Жағда. – Соның алдында мынадай бір жағдай болған, соны тілге тиек етіпті… Менің ептеген аңшылығым бар. Сол құмарлығым ұстап, әрі полкке көже-қатық дайындау мақсатында, бір взвод әскермен Үліңгірдің түстік жағындағы құмға аң ата барғанбыз. Аң қалың екен, олжасыз болғанымыз жоқ. Бір күні біздің жігіттер бес адамды ұстап әкелді. Дамылдап жатқанда, қапыда қолға түсірсе керек. Бәрінің қолында Сарымойын орыс бесатары. Жәй аңшы емес, сіздің жасақтан аң ата келген мергендер екені көрініп тұр… Біздің ішімізде де әпербақан белсенділер бар болатын. «Ат-көлігін, мылтығын тартып алып, өздерін атып тастайық» десті біреулер. Бірақ, мен оларға ырық бермедім. Соғыс кезі емес, бейбіт күн. Түбі жау дегенмен, олар да, біз де аңшы едік. Бәріміз де қазақтың баласымыз. Көздерін жаудыратып, өлімге қалай қиясың?! Әлгілердің мылтығын ғана тартып алып, ат-көлігіне де тимей, өздерін қоя бергенбіз… Міне, осы жағдай ғой – арызқойлардың асқындырып жүргені: «Жағда аңға шыққанды сылтауратып, Оспанның шолғыншыларымен иенде кездесіп, тіл біріктіріп жүр» деп жазыпты.
– Содан, ақыры не болды? – деді әңгіме құмар Оспан алға таман ұмсынып.
– Содан, Құлжада жеті ай абақтыда жатып, зорға дегенде ақталып шықтым. Бір есептен, Алтайдағы соғысқа қатыспағаным да дұрыс болды ма деймін. Онда барсам, сіздің мергендеріңіздің бірі нысанаға алып, жер жастандырып жүре ме, кім білсін?!
– Иә, біздің жігіттерден оны да күтуге болады, – деп Оспан масайрап қалды. – Түсінікті. Демек, Дәлелхан Алтайдан тырағайлап қашқанда, сен Құлжада абақтыда жатыр екенсің ғой?
– Дәл солай болды.
– Кейін өз орныңа қайтып келдің бе?
– Жоқ, бұрынғыдан дәрежем өсіп, бас штаб бастығының орынбасары болып, жоғарылап кеттім.
– Дұрыс болған екен. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген осы…
Оспан ыстық-ыстық шай ішіп, баяғы жорық жылдарынан әңгіме естіп, жадырап қалды. Жағданың Алтайда өзіне қарсы соғыспағанын да жақсылыққа жорыған. Кейін негізгі мәселеге көшкенде де, оның сұрақтарына тартынбай, шын пейілімен жауап беріп отырды.
Сірә, Жоғарының тапсырмасы солай ма, Жағданың да бірден қадалып сұрағаны – Оспанның Үрімжідегі Америка консулымен қарым-қатынасы жайында болып еді.
– Менің басқа «қылмыстарым» жетпей тұрғандай, осы сұрақты неге әлсін-әлсін көлденең тарта бересіңдер? – деп Оспан басында қитығып қалды да, сәлден соң сабасына түсті. – Мен бұрын бұл сұраққа жауап бермей, жауап берсем де қысқа қайырып тастаушы едім. Сен – өз бауырымсың ғой, толығырақ баяндайын. Мен өзім туралы тек шындықтың айтылғанын қалаймын. Осы тұрғыдан келгенде, «Оспан – Американың шпионы» дегендері барып тұрған былжырақ. Өтіріктің де ептеген ебі, қисыны болуы керек қой. Қыр қазағы Оспан Америка мемлекетіне қалай шпион болып жарытады? Шыңжаң туралы олар менен артық біледі ғой…
– Әйткенмен, консулмен қашан және қалай жолыққаныңызды айтыңызшы. Бір жағы, менің қызметімнің нәтижесі көрініп қалсын, – деді Жағда жалынғандай болып.
– Бұрын атын естігеніміз болмаса, соған дейін американдықтардың беті-жүзін кім көрген, – деді Оспан тың әңгіме бастап. – Мен Америка консулы Пакстонмен де, оның орынбасары Макернанмен де 1947-жылы жазда, Үрімжіге келген сапарымда таныстым. Сол жылы Гоминдаң өлкелік өкіметінің шақыруымен осында он шақты күн қонақ болғанымды білесіңдер. Менің өтінішім бойынша, Америка консулымен сол кездегі өлкелік қарулы күштердің қолбасшысы генерал Сун Шилиян жолықтырды.
– Сізді сонда консулмен жолығуға итермелеген не нәрсе? – деді Жағда әңгімені өзіне қажет арнаға бейімдеп.
– Жарайды, оны да айтайын, – деді Оспан сөзін бөлгенді ұнатпай қабағын шытып. – Маған сол кезде жаңа одақтас қажет болды. Бұрынғы одақтас елдермен – орыспен де, моңғолмен де тіл табыса алмағанымды білесің. Бірі – қып-қызыл коммунист, екіншісі – қаны шыққан балшабек. Тіс-тырнақтарымен дінге қарсы, ділге қарсы, ұлтқа қарсы кәпірлер… Бәрі де – еліңді тонап, жеріңді тартып алғысы келетін ірге жау. Маған алыстан сыйласатын, еліңе-жеріңе қызықпайтын, ұлтқа дінге жаттығы жоқ, коммунизмге қарсы одақтас керек еді. Сондағы таңдағаным – Америка болды.
– Сол үмітіңіз ақталды ма? Консулдар сізге қандай уәде берді?
– Обалы кәнеки, консул Пакстон да, орынбасары Макернан да жақсы жігіттер екен! – деді Оспан көңілдене тіл қатып. – Көздегендері ұсақ пайдакүнемдік емес. Мүддеміз бір жерден шықты: коммунизмге жол бермеу, дінді, ұлтты сақтап қалу… Амал не, таныстығымыз аумалы-төкпелі, тар кезеңге тап келді ғой. Сәл ертерек қимылдағанда, нәтижесі басқаша болар ма еді, кім біледі?
– Әйткенмен, олар нақты уәде берді ме? – деді Жағда да молырақ мәлімет алуға тырысып.
– Олар қаржы жағынан да, қару-жарақ жағынан да қол үшін беруге әзір еді. Егер біз Үрімжі төңірегінде қалмай, Пәкістан шекарасына таяп барсақ, олардың кейбір жаңа қаруларын ала бастайтын едік. Консулдар біздің жастарымызды өз еліне апарып, тегін оқытуға да келіскен. Амал не, соны орындауға уақыт шіркін жар бермеді ғой…
– Ақырында консулмен байланысыңыз немен тынды?
– Не керек, бір-бірімізге ақырына дейін адал болдық. Достық байланысымыздың пайдасын біз көрмегенмен, консулдар көріп кетті. Соңғы айларда бас консул еліне кетіп, Үрімжіде орын басары Макернан ғана қалған-ды. Шыңжаңда Гоминдаң өкіметі құлап, олардың орнын коммунистер басатын кезде, басына қауіп төнген Макернан Жемсарыдағы біздің ауылға келіп паналады. Нәтижеде, көтерілісші Оспанға Америка қорған болған жоқ, қорғансыз қалған Америка консулына қазақтар пана болды.
– Сөйтіп, Макернан қолға түспей кетті ғой?
– Қазақта «бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» деген сөз бар. Тар кезеңде одақтасыңды далаға тастап кетуге бола ма? Мен Макернанның ат-көлігін сайлап, қасына сенімді адамдар қостым да, Пәкістан шекарасынан өткізіп жібердім. Қазір қайда жүр екен есіл азамат? Өз еліне аман-есен жетсе, қиын күндерде пана болған қазақтарды оқта-текте еске алатын шығар.
Оспан мен Америка консулы туралы басқа тергеушілердің тісі батпаған сұраққа толымды жауап алған Жағда тояттағандай арқасын кеңге салып, аз үндемей отырды да:
– Енді хаттамада жоқ, бірақ өз басымды қатты қызықтыратын бір жайларды сұрасам бола ма? – деді батырға күлімсірей қарап.
– Сұрай бер. Бүгін сенің қолыңда тұрмын ғой. Сонда нені білгің келеді?
– Сонымен, Алтайдағы Оспан бастаған көтеріліс ақыр-аяғы жеңілді ғой. Осы жеңіліске не себеп болды деп ойлайсыз, Осеке?
– Көтерілісшілер тым аз, дұшпандарымыз көп болды. Сан жағынан бізді он орайтын еді-ау! Бір Оспанға орыс, қытай, моңғол, үш аймақ болып, төрт жақтап жабылмады ма. Мен тіпті соларға он жыл бойы қалай төтеп бергеніме таң қаламын.
– Сіз қолыңыздағы сол аз күштің өзін толық пайдалана алдыңыз ба? Кейін бармақ шайнап өкінетіндей қателіктеріңіз болған жоқ па?
– Жалпы, өз тағдырыма, өзімнің осы күрес жолына түскеніме титтей де өкінбеймін! – деді Оспан. – Ал,қателік, кемшілік кімде жоқ. Пендеміз ғой, білместігіміз, байыбына бармаған, қадіріне жетпеген жеріміз болған шығар.
– Алтайдағы Абақ керей жарым-жартылай ғана сіздің соңыңыздан ерді. Қалған жартысы генерал Дәлелханға ілесті. Дәлелханның өрісі сізге қарағанда кең еді, басына іс түсіп, сізден жеңілсе, Шәуешекке келіп, Найманнан әскер жинап қайтатын… Ал, сіз тек кереймен шектеліп қалған жоқсыз ба? – деді Жағда батырдың шамына тимеу үшін, дауысын жұмсарта, күле тіл қатып.
– Иә, бізде ондай тар өрістілік болды… Менің сорым – иісі қазақтың басын қоса алмауымда ғой! – деді Оспан қалтырай күрсініп.
– Қазақты бауырға тарту былай тұрсын, сіздің кейбір қолбасы батырларыңыз керейден басқа руларды қорқытып-үркітумен болды ғой, – деді Жағда, бұл өзінің де өкініші екенін жасырмай. – Олай дейтінім, сіздің бір топ жасағыңыз, – мөлшері бір батальондай болар, 1945-жылы жазда Тарбағатайға келіп, бейбіт жатқан елді шапты. Қолдарында – бір-бір бесатар. Ауылға жақындай бере мылтық атып, жұрттың үрейін ұшырды. Көздеріне түскен төрт түлік малды қалдырмай, халықтың іске татыр жиһаз-мүліктерін тартып әкетті. Біздің елде бұл қазір «Құйыршық шапқан жыл» деп аталады. Айтыңызшы, қазақтың басын қосамын деген кісі осылай істей ме?
Өзге сұрақтардың бәріне бөгелмей жауап беріп отырған Оспан осыған келгенде тұқыра төмен қарап, бір сәт үнсіз қалды.
– Айтып отырғаның рас та шығар, – деді әлден уақытта басын көтеріп. – Көптің арасында кім жоқ дейсің. Қолына берген құралды мал табу үшін пайдаланғандар да аз емес. Бастарын өлімге тігіп жүрген соң, кейде соларды еркіне жіберіп алған кездеріміз де болды. Өз басым дүниеге қызыққам жоқ. Шамам жеткенше ашкөздерге тиым салып та отырдым. Бірақ қайсысын бақылап отырарсың, көзің тайып кетсе жаңағыдай барымта-сырымтаға баратындар болмады деп айта алмаймын.
Жағданың көңілінде әлі де басын ашып алғысы келген сұрақтар бар сияқты. Соның қайсысын алға саларын білмей, алдындағы қағазға қарап қойып, сәл ойланып отырды да:
– Тіпті, таланған мал-мүлік те ештеңе емес-ау, сіздің жасақта адамның көңілін қарайтып жіберетін мынадай да сұмдықтар болыпты, – деді әлден уақытта өңі қуқыл тартып. – 1947-жылы Алтайға аттанған Үш аймақ әскері партизандардан ойсырай жеңіліп жатқан тұста бір полк қоршауда қалып, басқалары тегіс оққа ұшқанда, бір батальон қаруын тастап беріліпті. Бәрі де Іле мен Тарбағатайдан барған өрімдей қазақ жігіттері көрінеді. Қаруын сыпырып алған соң, жасақ бастығы тұтқындарды сапқа тұрғызып, бір-бірден руын сұрай бастапты. Кім керей, кім найман, кім албан – қолма-қол анықтауға кіріскен. «Кәне, наймандарың бір адым алға шығыңдар!» депті әлгі бір мезгілде. Көңілінде түк жоқ найман жігіттері бір адым алға аттаған. Ана жылғы орыс-герман соғысында фашистер тұтқындарды осылай тізіп қойып: «Кәне, коммунистер мен комсомолдар бір адым алға!» дейді екен. Сонан оларды бірден атуға жіберетін көрінеді. Мынау да соның кері… Бұл оқиғаны жақсы білетінім, – деді Жағда Оспанға көз қиығын салып. – Сол тұтқындардың ішінде менің бірге оқыған жолдасым Абдолла Тұрлыбаев та болған екен. Сүйегі Найман, оның ішінде Матай, Қарауылжасық. Ол өзі Тарбағатайдың Толы ауданында, Керей ішінде өскен-ді. Шеруші руымен құдандалы. Басқаларға қарағанда көзі ашық, рота командирі ғой. Ол істің арты жаманға айналарын сезіп, «мен кереймін, оның ішінде шерушімін» деп тұрып алыпты. Қанша қазбалап сұраса да, шерушінің жеті атасын тарқатып, басты адамдарын жаңылмай айтып берген көрінеді. Жүзбасы батырлардың бірі сонда да сеніңкіремей, «Әй, сенің көзің шеп-шегір екен. Сен керей емессің-ау» деп көп айналдырыпты. «Ағатай, мен кереймін» деп жалынып жүріп, Абдолла ақыры тірі қалыпты. Ал, қалған наймандарды не істеген дейсіз ғой? Жиыны жүз елудей адамды бір сайға апарып, елуатар пулеметпен бір-ақ жусатқан… Осы оқиға сізге мәлім бе, Осеке? Қандай қаныпезер осыны істеп жүрген?!
– Иә, сондай бір өкінішті жағдайдың болғаны рас, – деді өтірікке қаны қас батыр бірден мойындап. – Ұмытпасам, Бурылтоғайдағы ұрыс кезінде болды-ау деймін. Өз басым ол ұрысқа қатысқам жоқ. Біздегі асыра сілтеуші бұзықтардың істеп жүргені ғой…
– Әрине, сіз оны өз қолыңызбен істеген жоқсыз. Бірақ, соны істеген жасақ бастығы сіздің адам ғой. Сарбаздарыңыздың ерлігіне, мергендігіне таласым жоқ. Әйтсе де, олардың адамгершілік, кісілік деңгейі, ұлттық санасы жоғары болды деп айту қиын-ақ. Демек, сіз қоластыңыздағы адамдарға ондай талап қоймағансыз…
– Сен, Жағда, найманды айтып отырсың. Ал, керей мен керей соғыспап па екен? – деді Оспан осы тұста шыдай алмай. – Бір-бірімізге қарсы пәлен жыл соғысқан Дәлелхан да, мен де – керейміз ғой. Ол – шеруші, мен – молқы… Соңғы жылдары Алтай қазағы бірінің етін бірі жемеді ме?
– Сіздердікі – соғыс қой, идеялар соғысы… Мұндайда ағайынды екі адам окоптың екі жағында соғыса береді… Ал қолға түскен тұтқынды руына қарап атып тастау деген… – Жағда аузына лайықты сөз түспей бөгеліп қалды. – Ендеше, сіз бастаған көтерілістің жеңіліс табуының бір себебі осында жатыр, Осеке. Жасағыңыз – бір ғана керей руынан. Ұраныңыз – Жәнібек… Сонда, Абылай қайда? Қабанбай мен Бөгенбай қайда? Жалпы, сіз Керейден басқа қазақ барын ойладыңыз ба? Іле мен Тарбағатайдың қазақтарын өзіңізге жау санадыңыз. Ал, ата жұрт Қазақстандағы неше миллион қазақты «шоқынып кеткен» деп, есепке мүлде қоспайсыз. Сонда сіздің құлдықтан құтқарам, азат етем деп жүргеніңіз – Алтайдағы аз ғана керей ғана ма? – деп Жағда аз-кем бөгелді де: – Осеке, сіздің басқа «қылмыстарыңызда» менің шаруам жоқ. Өз басым сіздің аз қазақты руға жіктегеніңізді ешқашан кешіре алмаймын! – деп сөзін аяқтады. Бұл да Жағданың өз көңілінде көптен қордаланып қалған қыжыл болса керек.
Әнеукүннен бері тергеушілерді бет қаратпай келген Оспан осы жолы жауап таппай жеңілді. «Жүйрікке де бір томар» деген осы да.
– Қайтейін, заманым солай болды ғой. Мен қайбір жетісіп жүрді дейсің, соңыма ілескендерді ғана ерттім ғой! – деді күңірене күрсініп.
Сонымен, бүгінгі тергеу аяқталған. Қоштасар сәт жақындағанда Оспан аса бір кіріптарлықпен, Жағдаға жапақтай қарап алды да:
– Қазақта «шашы өскеннің ауылы кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген сөз бар. Өзің білесің, бізге «арандалып қаласың» деп көк темір ұстатпайды. Міне, көрдің бе, тырнағым аюдың тырнағындай боп өсіп кетті. Өткір бәкің болса тырнағымды алып берші! – деді қолқа салып.
Әрине, бұлай істеу заңға қайшы. Бірақ Жағда тұтқынның ақтық тілегін жерге тастай алмады. Оспанның тырнағы, шынында да, өсіп кеткен екен. Қалтасында қылпып тұрған бәкісі бар еді. Орындығын жақындатып, Батырдың баланың білегіндей жұп-жуан саусақтарын бір-бірден ұстап отырып, тырнағын әдемілеп алып берді.
– Бәрекелде! Ту-ту, қолым өзімдікі боп қалды ғой! – деді Оспан разы болып. – Бала-шағаңның игілігін көр! Әлі жассың ғой, Алла-тағала жолыңды оңғарсын! Сен бүгін маған біраз қатты сөздер айттың. Бірақ, сенесің бе, енесі тепкен құлындай еш жерім ауырған жоқ. Қайта, қышыған жеріме дәл тиіп, рахаттанып қалдым… Тек, өзіңе айтар бір ғана ақылым: тым елпілдеп, алға түсіп кетпе. Елпілдеп алға түскен адам ана Дәлелхандай-ақ болар. Көрдің ғой, арты не болды? Есіңде болсын, бұларға дос болып та, қас болып та жақпайсың, – деп аз-кем бөгелді. – Ал өкіметпен арадағы әңгімеге келсек, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін кейін уақыт көрсетеді. Әзірше сен екеуіміз сызықтың екі жағында тұрмыз ғой. Аман бол! Жалпы, сарайың түзу жігіт көрінесің… Мен келешектен күтем өз бағамды. Оспанды бүгінгі сендерден гөрі болашақ ұрпақ дұрыс түсінетін болады… Ал, енді не айтам? Жаман ағаңды сөге жамандама… Сұраған жанға сәлем айт! Бәлкім, Оспанның көзін көрген ең соңғы қазақ сен боларсың. Бұдан кейін көрісеміз бе, жоқ па. Бақұл бол!
Оспан соны айтып, айдауылдың алдына түсті. Жүйрік көңілі бәрін мөлшерлеп, біліп барады екен. Осыдан кейін Жағда екеуі, шынында да, көрісе алған жоқ.
– VІ –
Соңғы күндері Оспанды ешкім мазалаған жоқ. Соған қарағанда, тергеу-тексеру науқаны аяқталған сияқты. Айтты-айтпады, бұл тергеуді майлы ішекше созып, езе беретін не бар, шынында? Құпия қоймасын ашам, анық-қанығына жетем деп бас қатыратын емес, бәрі белгілі, бәрі алақанда. Бұған Оспанның да қосқан үлесі аз емес. Әркім өз білгенінше көкпарға айналдырмай, тымқұрса бастан кешкен оқиғалар қағазға дұрыс түссін деген оймен, тергеушінің сұрақтарына мүмкіндігінше толық, әрі шынайы жауап беруге тырысты.
Иә, талай тергеушінің алдынан өтті ғой, осы бір айдың ішінде. Әртүрлі ұлттың, әр алуан мінездің адамдары. Кейбіреулері дүниені бір өзі тіреп тұрғандай, өздерін тым өктем ұстайды. Оспанға қолға түскен тұтқын, қорғансыз міскін ретінде тым жоғарыдан қарайтындар да бар. Бірақ, мұның жан дүниесіне үңілген, жағдайын ұққан бірі жоқ. Тергеу кезіндегі кекеп-мұқау, мекерсу, астамсу – соның салдары. Не істейсің, әркімнің тәрбиесі, тәлім-мінезі, кісілігі әртүрлі. Мұны ұққысы келген, ел тағдыры үшін қайғырған бір ғана адам болды. Ол – полковник Жағда Бабалықов.
Шынында да, ең соңғы Жағдамен арадағы әңгіме Оспанға біраз ой салып кетті. Оқығанның аты – оқыған… Сол жігіттің көкірегінде көп түйіншек жатыр-ау, шамасы. Өзі ұлт тағдыры дегенді, иісі қазақ дегенді көп айтады екен. Демек, оның да баяғы Алаш қайраткерлері сияқты ұлтшыл, милләтшыл азамат болғаны ғой. Соған орай, оның да өмір жолы, кейінгі тағдыры оңай болмас. Өзі рушылдықты өлердей жек көреді екен. Қазақ руға бөлінбей, не көрсе де ұлтымен, ұлысымен бірге көру керек деп санайды. Мұнысы – бұрын Оспан ескермеген нәрсе. Мұның Алтай аймағынан аспай, тек керей шеңберінде қалғанын Жағда қателік деп тапты. Көрдіңіз бе, басқалар сияқты мұның іс-әрекетін «қылмыс» демейді, «қателік» дейді. Демек, Оспанның ұзақ жыл азаттық үшін алысқаны – ол үшін қылмыс емес, әділет жолы. Өзі көтерілістің жеңіліп қалғанына өкінетін сияқты ма, қалай? Әттең, батырдың қасында дәл осы Жағда секілді ақыл қосып, кеңес беретін саналы жігіттер болмады ғой… Азаттық жолындағы күрес Алтайда ғана емес, Іле мен Тарбағатайда да іле-шала бұрқ ете қалып еді. Амал не, көтерілісшілер солардың басын қоса алмады ғой. Бір жағынан орыстар келіп килікті. Олар көмекке берген қару-жарағын бұлдап, өзімізге тізгін ұстатпай, бар билікті бірден қолына алған жоқ па?! Не керек, құрдымға бет алған дүние боды ғой бәрі де…
Кеше Жағда «қателіктеріңіз көп болды ма» деп сұрайды. Көп болғанда қандай! Алған бетіміз айқын, жолымыз сара, ісіміз ақ деп, бұлар қалған дүниенің дұрыс-бұрыстығына көңіл аудармапты ғой. Жау жоқ жерден жау тауып, дұшпанды қолдан жасаған кездері де болыпты. Әйтпесе, көрші аймақта бейбіт отырған қазақты шабу деген не масқара! Ал, бір қазақты керей-найман деп бөлу – Жағда айтпақшы, кешірілмес күнә… Оспанды ақтаса, бір-ақ нәрсе ақтайды. Ол – азаттық жолында басын бергені, қазақ үшін қара лақ болып, өзін құрбандыққа шалғаны.
Сонда, Оспан өзінің ақтық сағатында кімдерден кешірім сұрауы керек? Ең алдымен өзінің соңына ерген, теңсіз соғыста оққа ұшқан серіктерінен кешірім сұрағаны жөн шығар. Азаттық – олардың да аңсаған арманы еді. Сол үшін еш ойланбастан, Оспанның соңынан ілесті ғой. Азаттыққа, бостандыққа бастайды, құлдықтан құтқарады деп бұған сенді ғой есіл ерлер. Кейін көтерілісшілер жан-жақты қыспаққа ұшырап, сарбаз саны азайып, жеңістен үміт үзілген кезде де қарулас достары мұны тастап кеткен жоқ. Ақтық демдері таусылғанша ата жаумен жан аямай айқасты… үміттерін ақтай алмағаны үшін, жеңіске бастай алмағаны үшін, сол ерлердің аруағы кешірер ме екен өздерінің бақытсыз сардарын?!
Көңілде аужал етер бір ғана жұбаныш бар. Қазақта азаттыққа жете алмай арманда өткен – жалғыз Оспан емес. Осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақтың ең соңғы ханы Кенесары Ақпатшаның әскеріне қарсы он жыл соғысқан екен. Не ғажап, олар да Оспан сияқты он жыл тірескен… Ақыры сыртқы жаудың басымдығы, көрші елдердің сатқындығы, ағайынның ала ауыздығы салдарынан сол саңлақтар да шәйіт болып, өмірден озған екен. Қайран хан Кене! Ержүрек інісі Наурызбаймен бірге, соңынан ерген қаншама серіктерімен бірге… Кешегі Абылай ханның ұрпағы – сол ерлердің ақыл-айласы, әдіс-тәсілі жетпеді дейсің бе? Жау көптігін істеді ғой онда да. Заманның ағымы да солай болды. Қазақтың қайтқан бағы, орыстың өрлеген ырысы… Оспан – сол хан тұқымы Кенесары мен Наурызбайдан әулие ме? Қашанда еркек тоқты – құрбандық. Қажет кезінде жауға қарсы Оспан елді көтеріп еді, ел Оспанды көтерді. Шіңгіл бойындағы қарапайым шаруаның баласы аз жылда «Оспан батыр» атанып, даңқы дүниеге жайылды. Бір адамға бұдан артық не керек?!
Сонан кейін Оспан өмірінің ақтық сағатында өзімен отасқан әйелдерінен, арт жақта тағдыр талқысында қалып бара жатқан балаларынан кешірім сұрауы керек шығар. «Оспанның әйелі», «Оспанның баласы» атану соларға оңай болды дейсің бе. Сол бейбақтар үнемі аттың жалы, түйенің қомында, бір рахат-тыным көрмей өтті ғой дүниеден. Бәйбішесі Мәмейді 1942-жылы бір баласымен Оспан үшін кепілдікке ұстап, Көктоғай түрмесіне қамаған. Өкімет әскері партизандардан күйрей жеңілген бір жолы аудандық сақшы бастығы он үш жасар Ибадолланы шешесінің көзінше кескілеп өлтіріпті. Әсілі, Оспанды еріксіз атқа қондырып, қанды кекке шақырған бір жағдай осы еді. Ал, Мәмей сол сұмдық көріністен дертке шалдығып, содан қайтып оңала алмады.
Осыдан кейін ағайындары қолқа салып, Оспанды молқының бір жесірі Баян сұлуға үйлендірген. Ол да соғыста шәйіт кеткен ержүрек сарбаздың жесірі болатын. Қайран Баян нағыз ер серігі боларлық жан еді ғой. Сол Баян келген соң Оспанның үйіне құт-береке, сән-салтанат ере кірген. Ойхой, дүние! Отасқан жеті жыл – жеті күндей болған жоқ, зулап өте шықты. Әзірлеген асы қандай дәмді, тігіп кигізген киімі қандай қонымды! Батырдың үйі көп ұзамай нағыз ордаға айналған. Сөйткен Баянға не рахат көрсетті бұл? Босқын елмен бірге қаңғыртып апарып, Гансу өлкесінің бір қойнауына тастап кетті. Қазір көзін жұмса Баянмен ең соңғы қоштасқан сәті елестейді. Әппақ кимешегін кір шалмаған, сол баяғы кербез қалпы… Ақбоз атты белдеуден шешіп, батырдың алдына көлденең тартып тұрған шағы… Ал, «бандының ұрпағы» атанып, көзтүрткі болатын балаларын ойласа, жүрегінің басына қан толып кетеді…
Шіңгілдің бойында шаруа бағып өскен Оспан бір кезде біреу білсе, біреу білмейтін қарапайым ғана соқа басты жігіт еді ғой. Қазір бір өзі бірнеше адамға айналып кеткен секілді. Біреулер «банды» деп шуласа, екінші біреулер «батыр» деп әспеттейді. Кімнің аузына қақпақ боласың. Пенденің берер бағасы, айтар тілегі әртүрлі. Тек жаратушы Алланың көзі түзу болсын деп тілеңіз. Оспан аз ғұмырында біреуден алғыс алса, тағы біреуден қарғыс алған шығар. Қалайда, халық алдында қарыздар екені рас. Қазақта «Қасқыр қарызын терісімен өтейді» деген сөз бар. Ендеше, бұл да барша қарызын бір басымен өтегелі тұрған жоқ па?!
Қасқыр демекші, қазақтың осы бір жыртқыш аң туралы көзқарасы да қызық. Қасқыр қазақтың малын қырып кетеді, қорадағы қойға шабады. Алайда, қазекең қорасын күзеткен иттен гөрі сол қасқырды жоғары бағалайды. Оны «дала серісі», «көкжал», «көк бөрі» деп ардақ тұтатынын қайтерсің. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп оның сертке берік мәрттігін үлгі етеді. Сонда, көкжал бөріні соншама биікке көтеріп тұрған не нәрсе? Ерлік, қайсарлық, таймас табандылық, сонан соң еркіндікке құштарлық. Бұл қазақтың жуындыға, сүйек-саяққа семірген, басы байлаулы иттен гөрі дала серісі Көкжалды артық көретіні содан. Оспан да сол көзқараста. Егер оған Алланың бұйрығымен қалайда хайуан болуды жазса, ол еш ойланбастан Көкжал қасқырды таңдар еді.
Өзінің хатшысы Құнияз молда бір кітаптан оқыдым деп, бір қызық тәмсіл айтып беріп еді. Сол есінен шықпайды. Әсілі, қасқыр мен иттің түп атасы бір ғой. Келе-келе аралары алшақтап, бірі ит, екіншісі қасқыр болып кетсе керек. Қасқыр өзінің орманында, түз даласында қалып қойғанда, ит адамды жағаттап, қора күзетіп, үй қызметшісіне айналған… Содан күндердің күнінде ит пен қасқыр орман ішінде ұшырасып қалыпты. Көріспегелі көп болған туыстар бір-бірінен хал сұрасып, жағдай біліседі. Қасқыр талайдан нәр татпай, аязда бүрсеңдеп, жүдеп жүрген көрінеді. Ит одан гөрі қоңды, жаңа ғана итаяқтан тоя ас ішіп шыққан.
– Біздің халді көріп тұрсың ғой, сол баяғыдай дала кезіп жүргеніміз. Кейде ауызға бірдеңе түседі, кейде тәулік бойы аш жүресің. Бірде тоқ, бірде жоқ тіршілік, – дейді қасқыр сыр жасырмай.
– Ал, бізде тоқшылық! – дейді ит бірден мақтанға көшіп. – Үнемі жылы-жұмсақ жегенге азуым мұқалып, жағым жұқарғаны болмаса, жағдайым жаман емес. Тамақ – байдан, өлім – құдайдан. Қожайынның қолы ашық, өздерінен қалған тамақты алдыма үйіп тастайды. Жауын-шашында тоңбаймыз, жып-жылы үйшігіміз бар.
– Сонда, сен қорада не қызмет істейсің? Атқаратын міндетің не?
– Жұмыс жеңіл, – дейді ит. – Бөтен біреу көрінсе, үріп дыбыс бересің. Қораға ұры-қарыны жолатпайсың…
– Апырай, ә… Барып көретін екен! – дейді қасқыр қызығып. – Ел көзіне түсірмей, мені сонда ертіп барсаң қайтеді?
Ит түзде өскен туысқанын қорасына ертіп келеді. Айтса айтқандай, саңғыраған сәнді қора-жай…
– Мынау – менің үйшігім, – дейді ит қарағайдан қиған баспанасын көрсетіп, – Мынау – ас ішетін итаяғым…
– Ал, мынау не? – дейді қасқыр қазыққа байланған шынжырды көрсетіп.
– А-а, мынау ма? Бұл – менің шынжырым ғой… Бір жаққа қаңғырып кетеді деп, күндіз мені осында байлап қояды…
Осыны естігенде, Қасқырдың тұлабойы түршігіп, селт ете қалады.
– Е-е, босағада байлаулы тұрам де… Бауырым-ау, бостандығыңды сатып, күн көріп жүр екенсің ғой! Бұл біздің бөрі әулетіне қол емес екен. Аш жүрсем де азаттығым артық! – деп Қасекең орманға қарай жорта жөнеліпті…
Осы әңгімені естігелі, азаттық, бостандық деген сөз шықса болғаны, Оспанның көз алдына қасқыр елестейді. Сонан соң, үнемі жадынан шықпайтын тағы бір көрініс бар… Әлі есінде, Молқы ішінде Оспанмен аталас Дүйсеке деген аңшы болды. Аңды қақпан құрып та ұстайды. Құмай қосып, жүйрік атпен соғып та алады. Одан қалса, біратар бердеңке мылтығы бар. Дүйсекенің атқан оғы, әй, бір жаңылыс болмаса, жерге түсе қоймайды. Сол Дүйсеке бір жылы күзде, ел қыстауға қонған шамада бір қасқырды тірідей ұстап әкелді. Әбден өшіккен, кегі кеткен қасқыр болса керек. Өрістегі малға шауып, қорадағы талай қойды тамақтағаны өз алдына, Дүйсекенің ауыл маңына арқандап қойған атын жарып кетіпті. Жазда жайлауға құр жіберіп, күзге қарай жаратып, аңға мінетін жүйрігі… Дүйсекенің кектеніп, өшіккені сонша, жемтікке қақпан құрып, әлгі Көкжалды қоймай жүріп ұстапты. Жәй соғып алғанға кегі қайтпайтын болған соң ауылға әкеліп, жұрттың көзінше терісін тірідей сыпырып алмақ.
Қасқырдың төрт аяғын буып, аузын тұмылдырықтап әкелген екен. Соның өзінде иіс алған ауыл иттері маңына жоламай жан-жаққа безіп кетті. Әрине, бұл ерігіп отырған ауыл адамдарына таптырмас ермек болды. Ауылдың бар баласы аңшының ауласында. Оспанның ес біліп қалған он жастағы кезі ғой. Дүйсекенің әр қимылын бағып, қашан қасқырдың терісін іреп болғанша, мізбақпай қарап тұрғаны есінде. Сонда қатты таң қалғаны – аузы буулы, төрт аяғы керулі Көкжалдың терісін сыпырып болғанша ыңқ етіп, дыбыс шығармауы. Дүйсеке алдымен жыртқыштың төрт сирағын бұшпақтап, сонан соң бас терісін үреп, бітеу теріні мойнына таман шығарып алды да, кеуде тұсын құйрығына қарай бір-ақ сыпырды. Құйрықты теріге жібергенде, жалаңаш денеде бір тұтам құймышағы ғана қалды… Тоба, қасқыр әлі тірі екен. Аяғын босатқанда орнынан ұшып тұрды. Басында өз денесін билей алмай тәлтіректеп біраз жерге барды да, бірте-бірте ес жинап, әлден уақытта қыстаудың түбіндегі тоғайға қарай сенделектеп тұра жүгірді. Алғашқы қырбақ жауса да, әлі аяз түсе қоймаған күздің шуақты күндерінің бірі болатын. Артынан малшылар айтып жүрді, жалаңаш қасқыр ауылдан ұзап, бір-екі белді асып барып жығылса керек. Әлгі «Қасқыр қарызын терісімен өтейді» дегеннің бір мысалы осы болды.
Тұтқынға түскелі Оспан өзін сол Дүйсеке ағасы терісін тірідей сыпырған қасқырға ұқсатады. Тергеушілердің айтуынша, мұның мойнында да көп адамның қан қарызы бар көрінеді ғой. Өзін еш қиналыссыз құрбандыққа шалса, батырдың алтын басы сол қарызын өтеуге татымай ма?!
Оспан түрмеде жатқанда да бес уақыт намазын үзген жоқ. Кейде дәрет алатын су болмай қалғанда дембі қағып, намазға жығылып жүр. Алла-тағала бағынышты құлын қаншалық қолдайтынын кім білсін, бұл әйтеуір жаратушыға жалбарынудан танбай келеді. Оспанның камерасына тамақ әкеліп, дәрет сындыратын күбіні ауыстырып жүретін қартаңдау дүнген бар еді. Бес уақыт намаз оқитын тұтқынға өзінше жан тартып, кейінгі кезде дәрет алатын құман да кіргізіп жүрген-ді. Өзі ептеп қазақша сөйлейді. Сол бүгін кешкі тамақ әкеліп, күйбеңдеп сәл бөгелді де, Оспанның қасына жақындап:
– Батыр, сізге ескертті ме? Ертең ашық сот болады, үкім орындалады, – деді күбірлей тіл қатып. – Бүгін иманыңызды айтып, қаза болған намазыңыз болса оқып алыңыз.
– Ашық сот қайда болады екен, білмедіңіз бе? – деді Оспан елең етіп.
– Айтпайды… Қала сыртында болса керек. Қорықпаңыз. Сіз нағыз шәйітсіз ғой, иманыңыз кәміл! – деді дүңген есікке қарай беттеп бара жатып.
Иә, сонымен бұл күткен сәттің де жақындап қалғаны ғой. «Ненің де болса тезі игі» дейді қазақ. Жақсылықты да, жамандықты да ұзақ сарылып күткеннен гөрі, соның тезірек болғаны жақсы. Мұны Үрімжіге әкелгенде, наурыздың ортасы еді. Қазір сәуір айы аяқтап қалған жоқ па? Арадағы бір жарым ай, сұраққа жауап тауып, уәжден жеңілмей салғыласумен өтті. Бір есептен, бұл да бір біткен іс болды. Батыр тергеушілердің көмегімен өткен өміріне барлау жасап, бастан кешкен жайларды тағы бір рет сараптап шықты. Демек, қамауда өткен бұл уақытты да өмірдің аса қажетті бір бөлшегі деуге болады.
Оспан сол күні кеште әлсін-әлі дұға оқып, иман келтірумен болды. Тоғыз ракағат Жасих намазын асықпай, ұзақ оқып болған соң, қолын жайып дұға қылды.
– Уа, паруардигар! – деп жалбарынды жаратушыға. – Өзің жаратқан құлың едім ғой. Өмірдің соңғы сәтінде күш-қуат бер маған… Өзіңнен басқа жәрдем күтер кім қалды менде? Екі дүниеде өзің жар бол! Мұсылманға қылдай қиянат жасағам жоқ, жан баласын әдейілеп өз қолыммен өлтіргем жоқ. Ал, соғыста адам қаны көп төгілсе, оны күнаға жаза көрме, Алла-Тағала! Мен соғыссам да өз басымның игілігі үшін емес, дін үшін, қазақ деген сорлы халықтың болашағы үшін соғыстым ғой… Я, Алла, өзің мархаматыңнан құр қалдырма!
Қазір сәуір айының соңы, күн ұзарып қалған кез. Бірер сағат қана көз іліндірген Оспан таң намазын ерте оқыды. Ертеңгілік шайды да бүгін күндегіден ерте әкеліпті. Сол шайды ішер-ішпестен, дәлізде дабыр-дұбыр молайып, топырлаған аяқ дыбысы жиілеп кетті. Жендеттер шығар дәу де болса. Шегірткедей шерік сені енді он қадам жерден көздейтін болады… Оспан алыс бір сапарға аттанатын кісіше, барқыт тысты күпісі мен Баян тігіп берген шошақ төбелі керей тымағын күні бұрын киіп алды.
Бұл соңғы сапарға іштей ұзақ дайындалғаны соншалық, қазір батырдың жүзінде қорқыныш, үрей дегеннің ізі де жоқ еді. Өздерінше түстерін суытып, қаруларын кезеп, сатыр-сұтыр кіріп келген әскерлер тұтқынның жымиып күліп отырған түрін көріп, «Осы біз басқа бір камераға кіріп кеткен жоқпыз ба» дегендей таңданып тұрып қалды.
2011 ж. 1-25 наурыз.