Бейсенбі, Сәуір 19, 2018
Негізгі > Түрме хикаяаттары > СҰРАП АЛҒАН СӨГІС (түрме хикаяттары-10)

СҰРАП АЛҒАН СӨГІС (түрме хикаяттары-10)

Түрмеге басшылық жасаған жылдары менің жұмыс тәсілімде бір әдет қалыптасты. Ол отставкаға шыққанша өзгерген жоқ. Қызметке күн шықпай ерте келіп, күн батқан соң кеш қайту. Бұның сыры мынада. Біріншіден, ол тозығы жеткен түрменің жыртығына жамау іздеп, аттан түспей желмая мінген Асан Қайғыдай дамылсыз шапқылау. Олай етпесең саған ешкім ешқашан ештеме әкеліп бермейді. Ерте тұрған адамның бір несібесі артық болатынына сол жылдары көзім талай жеткен. Екіншіден, мүмкін бұл басты себебі болар, ерте келіп, ішке кіріп кетпесең, есіктің алдына арқансыз байланасың. Жұмыстан ерте шықсаң да сол. Себебі, есіктің алды ығы-жығы халық. Қайбір жетіскенінен тұр дейсіз. Абақты айдап келген жұбайына, баласына, немересіне, ағасына, інісіне, күеу баласына, балдызына, құдасына, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдасына келген ата-ана, туған-туыс, құда-жекжат, дос-жаран, келін-кепшік табалдырықтың алдында тізіліп тұрады. Олардың арыз-шағымына құлақ аспай, шіреніп қалай өтіп кетесің. Біздің қазакеңе бәрібір, қазақ болсаң болды. Алыстан бастайды. Оның өтінішін орындау сенің қолыңнан келе ме, келмей ме, арызы орынды ма, орынсыз ба, сенен оны сұрамайды. Заңсыз екенімен де жұмысы жоқ. Буынсыз жерге пышақты салады да жібереді.

Бәрінің сөзін жерге тастамай, өтінішін орындау мүмкін емес әрине. Бірақ, шамамның жеткенінше көңілдерін жықпауға тырыстым. Отыра қалып заңның бабтарын тәптіштеп түсіндіретін күндерім болды. Ойларынан шықпасаң жата қалып ренжиді. Өкпелері қара қазандай. Шаршап шалдығып, қызметтен ертерек шыға қалсаң, «айналайын, түрменің бастығы сен екенсің ғой» деп, қоршап алып, қолқа салып қинайды. Бізді неге аямайсың, біздің не кінәміз бар деп алдыңды орағытып, саған телміріп қарағанда… Қолыңды төбеңе қойып, дала кезіп кетіп қалғың келеді. Талай адамның алғысын алдым. Опық та жедім…

… Сыртқа шықсам, қас қарайып қалыпты. Гаражда күтіп тұрған машинаға қарай кетіп барамын. Кенет сол жағымнан көп жылдан бері өсіп тұрған ағаштардың арасынан бір адам көлбең етіп шықты да, маған қарай асыға басып келе жатыр. Айтарлықтай сезіктенсем де сыр бермей жүрісімді баяулатқан жоқпын.

-Әй, бала, сен осы түрменің бастығысың ба?

-Иә.

-Саған бір шаруам бар еді.

-Құлағым сізде.

-Сенің де мен сияқты әкең бар шығар?

Ақсақал, мен бұл сөзді талай естігенмін. Шаруаңызды айтыңыз.

Бұндай жауапты күтпеді білем, іркіліп қалды. Маған жақындап, дауысын бәсеңдетіп, сыбырлауға көшті.

-Осы сені түстен бері күтіп, аңдып отырмын. Оңаша жолуғыдың амалын таппадым. Неде болса күтейін деп, есіктің алдында тапжылмай отырдым.

-Ақсақал, сіз бүгін шаруаңызды айтасыз ба, жоқ па?

Біз тұрған жерге менің қызмет бабында мінетін автокөлік келіп тоқтады. Оның шамының жарығынан бейтаныс кісі бетін бұрып, қолымен көзін көлеңкелеп, қырындап тұрды. Бұл қимыл маған күдікті болып көрінді.

-Аға, мынау екеуміздің түн жамылып түрме алдында тұруымыз – орынсыз көрініс. Сондықтан құдайдың күндізінде, ертең таңертең келіңіз- деп машинаға отыруға ыңғайландым.

Түнгі қонақтың мені жібергісі жоқ. Шаруасы мынау екен. Ауыр қылмыс жасап(әйел зорлап) баласы түрмеде тергеуде жатыр. Қылмысты кластас досы екеуі жасаған. Ол да тергеуде жатыр. Тергеу біткен жоқ. Сол баласына жолықтыр дейді ғой әке байғұс. «Осындай қылмыс жасағандарға түрмеде күн көрсетпейді екен. Ұрып, соғады екен. Уақтысында тамақ бермей, қысым көрсетіп, түрткілей береді дейді. Сөйлеспеймін. Түрін көрсем болды. Аман-есен екеніне көзім жетсін. Түнгі 11-дегі пойызға билет алып қойып едім»-деп маған билетін көрсетті. Жолықтырудың жолын, тәртібін түсіндіріп жатырмын. Өтінішінің орынсыз да заңсыз екенін батыра айтып жатырмын. Менің айтқандарыма құлақ түрмейді. Кемсеңдеп «Ауыл болса шалғайда, екі күндік жер. Барып келу оңай емес. Көлік сирек қатынайды. Шешесіне не деп барамын. Түк бітірмей, бекерге қаңғып, қайтып келдің дейді ғой ол маған. Түн жамылып тұрмыз ғой бір жақсылық жаса, балам. Сенің де ұлың бар шығар». Мен наразы бола бастадым.

–  Ақсақал, сіз неге біресе әкені, біресе баланы алға тарта бересіз. Сіздің балаңыз қылмысты жалғыз емес, бірігіп жасаған. Сыбайласы да осында жатыр. Оның әкесі де осыдан үш күн бұрын келіп маған арызданған. Мен рұқсат берген жоқпын. Себебі кездесу заңсыз. Неге тергеу орындарынан рұқсат әкелмейсіздер. Біреуіңізге рұқсат бермей, екіншіңізді жолықтырсам, ол міндетті түрде, ауылдық жер емес пе, бәріне белгілі болады. Таяқ жейтін мен.

–  Құдай сақтасын,-дейді,- ақсақал шыж-быж болып- мен ақымақ емеспін ғой. Өзіме де, балама да жамандық ойлап, маған не көрініпті. Тісімнен шығармаймын. Көрге өзіммен бірге ала кетемін. Баламды көріп, аман екеніне көзім жетсе болды.

Әкеммен жасты адамның түн ішінде қарғысына қалмайын деп, оны ертіп кезекшілер бөлмесіне кірдім. Жауапты офицерге тапсырма беріп, баласын алдырттым. Кезекші  қызметкерлер бөлмеден шығып, аң-таң болып тұр. Әкесіне қарап «ақсақал кешірерсіз, сұрақтарды мен қоямын»-дедім.

-Қай камерада отырсың?

-Төрт екіде.

-Төрт екі демейді.

-Кешірерсіз, қырық екінші камерада.

-Неше кісі отырсыңдар

-Төртеу.

-Камера неше кісілік?

-Төрт кісілік.

-Тамағың тоқ па?

-Иә.

-Моншаға түсіреді ме?

-Жұмасына бір рет.

-Сені біреу ұрама?

-Жоқ.

-Қысым көрсете ме?

-Жоқ.

-Денеңде жарақат бар ма?

-Жоқ.

-Шешін!

-Әкесіне қарап мен «енді көңіліңіз орнына түстіме?»-дедім

-Түсті.

– Маған өкпеңіз бар ма?

– Жоқ. Бір бұйымтайым бар.

– Қандай?

– 10 минөт жеке сөйлесуге болама?

– Жоқ.

Далаға шықтық. Тағы ескерттім. «Тіліңізді тістеп жүріңіз»-дедім. «Мен екі сөйлемеймін»-деді де, түн құшағына еніп, көзге көрінбей кетті.

«Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің»-деген мақалды қай қазақ білмейді. Ай, дана қазағым, қалай тауып айтқан теңеуді. Үш күннен кейін кабинетіме мен бұрын-соңды көрмеген, танымайтын өрімдей жас прокуратура тергеушісі кірді. Жөн сұрастық. Ол кезде ауыр қылмыстарды  прокуратура тергеп сотқа өздері жіберетін. Тергеуші маған екі параққа жазылған арызды ұсынды. Оқыдым. Тер бұрқ ете қалды. Ашу-ызадан жарылуға дайын тұрмын. Өзіме де обал жоқ. Мен жақсылық жасаған «тілін тістеп, екі сөйлемейтін» ақсақал автобустан түседі де, өз үйіне емес, ауыл шетіндегі баласымен қылмысты бірге жасаған екінші баланың әкесіне барады. «Әй, сүмелек,- дейді. Саған бермеген рұқсатты мен түрменің бастығынан өзім алып, балама жолықтым. Балаңда өзің сияқты жүрген жерін бүлдіріп жүреді ғой. Менің баламды жолдан тайдырған сол. Сенің балаңның халін де сұраған жоқпын»-деп бөседі ғой. Екінші әке аразын арқалап, жүгіріп отырып, прокуратураға барады. Прокурор маған келеді. Жағдайдың бәрін айттым. Қалай айтсамда болған оқиға заңсыз іс-қимыл. Мен бұйрықты бұздым. Адамгершілік, аяушылық заңға, бұйрыққа жазылмайды. Мың жерден қатал болсада, ол-заң. Ол бұлжытпай орындалуы керек. Сонда ғана сен заңға жағасың. Ауытқыдың ба жазаланасың. Прокуратураның ұсынысы бойынша маған сөгіс жариялады.

«Таспен атқанды аспен атпай» таспен атса не болар еді? Бірақ оған мен бармадым.

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полковник.


КӨЛЕҢКЕДЕГІ  КҮНШУАҚ (түрме хикаяттары-9)

Қапаста қиылған қыршын өмір (түрме хикаяттары-8)

СОҢҒЫ ЖАЗА (түрме хикаяттары-7)

АТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ОҚ (түрме хикаяттары-6)

ӨШ (Түрме хикаяттары-5)

БҰҒАУ САЛЫНҒАН БҰЙРЫҚ (Түрме хикаяттары-4)

ҚАШҚЫНДАР (түрме хикаяаттары-3)

ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚЫСҚА БАТАСЫ (түрме хикаяаттары-2)

ТОСЫН ТАПСЫРМА (түрме хикаяттары-1)

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation