Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Руханият > Елдікті жырлауда ешкімге дес бермеген Несіпбек Айтұлы туралы ой-толғаулар топтамасы жарық көрді

Елдікті жырлауда ешкімге дес бермеген Несіпбек Айтұлы туралы ой-толғаулар топтамасы жарық көрді

Фото С.Сейфуллина Музейі Сәкен Сейфуллина.

«Сөз өнері дертпен тең» дегендей, ақындықтың сыр-сипаты мен тылсымы да түпсіз терең, шегі жоқ иірім. Ақындықтың алғашқы арынымен осы өнердің жалына әркім жармасқанымен поэзия биігіне солардың барлығы жете алмайды. Бірі жол ортадағы белестерден өте алмай, енді бірі толқын айдаған қайықтай басқа арнаға бұрылып кетіп жатады. Ол да өмір заңы. Соның ішінде ақындық өнердің де өз заңы бар. Сөз патшасы – өлең табиғатын таныған, оның жауапкершілігі мен сертіне шыдаған жан ғана көпшіліктің көкейіне жол тартып, қалың оқырман қошаметіне бөлене алады. Көпшілікке жол табу дегеніміз сол тамам жұрттың көкейіндегін дөп басу, жанына ләззат, рухына жігер беретін жырлардан маржан тізу. Ұлттық болмыстың нығаюына, ел еңсесінің тіктелуіне, берекесінің бекуіне өз дәргейіңде «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» туындыларыңмен үн қату. Азаматтық белсенділік таныту! Бір сөзбен айтқанда Елдігімізді еңсере жырлау.

Біздің санамызға осындай ойларды сыналап отырған жағдай – «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітаптың қолымызға тигендігі. Осы жинаққа ортасынан оза шапқан Несіпбек Айтұлының ақындық болмысын Бостандықтың, Ерліктің, Еркіндіктің, Азаттықтың жүйелі жыршысы ретінде таныған, мойындаған кілең сөз зергерлерінің мақалалары топтастырылыпты. Алды Ақылбек Манабаев, Тұманбай Молдағалиев, Рахманқұл Бердібаев, Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Серік Қирабаев, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғара сынды ата буыннан бастап соңы бүгінгі лекпен түйінделген 50 дей автордың кітапқа енген еңбектері Несіпбек ақынның Тәуелсіздік тақырыбын жырлау шеберлігін барынша тарқатып берген. Кітап аумағындағы 50 автордың 80 пайызы мақалаларының тақырыптарын өздері сөз етіп отырған ақынды нағыз азаттық жыршысы деген мағынамен байланыстырған екен. Кітаптың да «Бостандық жырының бозжорғасы» атануы бүкіл мақала авторларының ішкі ойымен үндесіп тұрғандығы байқалады.

Фото С.Сейфуллина Музейі Сәкен Сейфуллина.

Иә, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы қаламгерлер қауымы айтса айтқандай, оқырмандарына сөз өнерінің сөлін татырып келе жатқан табиғи талант иесі. Бозбала шағындағы жырларының өзі марғасқа Мұқағлидың мейірімін түсіргені тума таланттың әу бастағы аяқалысының ерекшелігінен болса керек. Кешегі бозбала өнерпаздың бүгінде Бостандық жырының бозжорғасына айналуы ақын танымының Ұлы дала ұлағатын ұлттық нақышта ұлықтай алғандығы деп білеміз.

Қазақ поэзиясында самсаған ақындар арасында қасқа аттың маңдайындай алыстан көзге шалынып, өлең өлкесінде қазақы қолтаңбасын қалыптастырған Несіпбек Айтұлының тынысы Тәуелсіздік жылдарында тіптен ашыла түсті. Бұл енді Несіпбек ақынның нағыз азаттықты аңсап өткен ата-баба ұрпағы екендігінің, бостандық деп булыққан буын өкілінің бірі екендігінің белгісіндей.  Байтақ даласы мен Алты алашын жырға қосып, үсті-үстіне сүйіншілеуде Несіпбек ақынымыз алдына жан сала қойған жоқ. Құдды бір тізгінін тежеп келіп, соңғы айналымда еркіне жіберген жүйріктей жөнелді. Топтан суырылып мәреге жалғыз келген бәйгедей бүкіл елді өзіне жалт қаратты. Ерке жирендей екпіндей жүйткіген ақын аға азаттық жолында жан алысып-жан берген талай тарихи оқиғаларды, көтерілістер мен шайқастарды, жандарын шүпірекке түйіп, бастарын бәйгеге тіккен арыстар ерлігін толассыз жырға қосты. Жай жырлаған жоқ, оқырманды ойландыратын, рухтандыратын, құндылықтарымыздың құнарына қандыра алатын шұрайлы тіл, шынайы суретпен жырлады. Бір поэмасы оқылып бітпей жатып келесі дастандарын дүние дүбіріне қосып отырды. Басқасын айтпағанда соңғы ширек ғасырда жазған эпикалық шығармалар саны отызға тақап қалған екен. Сөз айыратын, өлең түсінетін жұрт тамсанып та, таңырқап та жатты. Кітапқа енген ой-толғамдар легі де ақын туындыларының болмысын осы тұрғыда сипапты.

Тәуелсіздік шежіресін тереңнен толғап, қазақ даласындағы жойқын қақтығыстар галереясын өлеңмен өрнектеген ақынды «Бостандық жырының бозжорғасы» деп атау да нақты жарасымын тапқан. «Ақмола шайқасы», «Төлегетай», «Жалаңтөс», «Көкала үйрек», «Ту», «Тілеп пен Сары қыз», «Танабай», «Шақантай», «Наурызбай», «Құлмамбет», «Бердіқожа», «Бәйтерек», «Мұқағали-Желтоқсан», «Жер – жаннан қымбат», «Сардар», «Кәмей ұшқан», «Ерлік пен тектілік» сынды көптеген поэма-дастандары Тәуелсіздік жылдарында іркес-тіркес жазылды. Ақын «Бәйтерек» поэмасында азаттықтың алтын діңгегіндей бой көтерген Астанамызды шаттанана жырлай отырып, елдігімізге сын болар тұстарды да батыра айтып Ел мен Ердің жігерін қатар жанып отырады.

Жаңа топтамаға енген ой-толғауларды жазып отырған авторлардың ішінде ақынның «Ту» поэмасына тоқталмай кеткені кемде кем. Осы туынды арқылы ел рәміздерінің бірі – Көк байрағымызды ұлықтауды сонау қадым замандармен сабақтастырып, ежелден келе жатқан «Жайнаған туың жығылмасын» деген ел тілегі жұрт жадында жаңаша жаңғырды. Қалам тартқан ғалымдардың айтысына қарағанда «Бөрілі байрақ» секілді әр кезеңде бірер қайырым өлеңдерге арқау болғаны болмаса, ел тарихында Туға арналған бұрын-соңды мұндай тұтас туынды болмаған көрінеді. «Жығылмас ешқашанда елі жарға, Алдында ту ұстайтын Ері барда!» немесе «Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, Өмірде ештеңе жоқ тудан биік!» деген жолдардың өзі-ақ бірден жалпыхалықтық сөзге айналып сала бергені белгілі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық межесіне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітап оқырман үшін үлкен рухани қазына екенін байқадық. Бұл жерде ой-толғау авторлары ақынның шығармашылық әлеуетіне бойлай отырып, тұтас еліміздің тағдыры мен тарихын, оның ұрпақ жадында жаңғырып, келешекпен ұштасуына сеп боларлық өміршең дүниелердің жазылғанына ризашылық білдіреді.

Жаңа туындыдан алған әсерімізді көпшілікпен бөлісе отырып, сөз соңында көңілімізге орала беретін бір жайды да айта кеткіміз келіп отыр. Ол Несіпбек Айтұлының жер бетін жаһандану толқыны тербеп тұрған заманда ел жадынан жырақтай бастаған эпостық жанрды бір дәуірлетіп тастағаны. Сонымен бірге эпикалық шығармалардың көлемі жағынан да Қазақ поэзиясында көш бастап тұрған тағы осы Несіпбек ақын ба деп қаламыз. Осы бір ойды назарға алған зерттеушілер болса отызға жуық поэма жазған әлем әдебиетінде кім бар екен деген сұрақтың да жауабын іздеген болар еді. Тіпті, бұл мәселеде де қазақ ақыны бәйгеден келуі әбден мүмкін ғой. Солай болғай!

Қайрат Зекенұлы, Семей қаласы.

 

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation