«Сурет сөйлейді» деген осы. Ақынның сезімнен соққан картинасы да құдірет қой. Фотограф қарашығындағы нысананы ақын қаламының ұшы тіптен жандандырып жібергендей. Егер осы суретке осындай өлең жазылмағанда, расмен де “селқос қана қараймыз” да тынушы едік. Көмескіні көргіш, бұлдырды сезгіш ақынның жүрек көзімен боялып, адал саусақтарымен ақтарылған әр туынысы – бір сурет, мың тағдыр болуы да мүмкін.
Төмендегі «Еңбекші қыз» өлеңі де қазақ қоғамындағы анау Мүсірепов, Әуезовтерден жалғасқан балалығын еңбекке ұрлатқан ару-аналардың қайсар образын тарих беттерінен жұлып әкеліп алдыңа қояды екен.
Иә, көктемнің алғашқы күндері, арулар мерекесі – тіршілік атаулыға ерекше серпіліс берері сөзсіз. Тау суындай, таудан тулаған көктемгі қар суындай Әділбек Ыбырайымұлының шабыты да көрініс бере бастады. Ақын төмендегі өлеңін күллі адамзат аруларына арнағаны сөзсіз.
БАЛАЛЫҒЫҢ ЖОҒАЛҒАН…
Кіп-кішкентай
Бейнетшіл,
Еңбекші қыз.
Ерініңнен кетпеген жөндеп те уыз.
Қоғам мынау қатыбас,
Көз үйренген,
Селқос қана қараймыз немкетті біз.
Кім екенін білмейміз есімі енді,
Қаршадай боп өмірдің көшіне енді.
Болар-болмас қалжаңмен,
Өзің таптың,
Күнделікті тиісті несібеңді.
Арқалаған себетті түрің қандай?
Ет-жүрегім еріксіз
Жырымдалды-ай…
Сәбилігің есіңнен шыққан қаш-а-ан,
Балалығың жоғалған шырын, балдай…
Жүрген жоқпын осылай кезінде мен,
Тасбауырлық туа сап сезінбегем.
Алғым келді көтеріп жерден сені,
Кеудем менің уылжи езілгеннен.
Киіміңе, бетіңе кір сіңіпті,
Сені көріп талай жан түршігіпті.
…Сегізінші наурыз селт еткізбес,
Тауқыметшіл,
Тырнақтай тіршілікті.
Күлімдейтін көктем де күрсініпті…
Әділбек Ыбырайымұлы
2017 жылғы 6 наурыз