Сенбі, Мам 26, 2018
Негізгі > Бас баған > Бұл Тұғыл, қай Тұғыл?

Бұл Тұғыл, қай Тұғыл?

Жер-су аттары халық қазынасы, бабалар мұрасы, өткен өмірдің сырлы шежіресі. Ұлтымыздың таным түсінігі, тілі мен салт-дәстүрінің аса құнды жады осы жер су атауларында сақталған. Осы бір киелі ұғымды өскелең ұрпақ санасына сіңіруге әлі де жете мән бермей жүргеніміз  жасырын емес. Мәселен, ауданымыздың Шығысындағы Тұғыл қонысының атауын мысалға келтірейік.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында Ертіс өзені бөгеліп, Бұқтырма ГЭС-і салынды. Бұл Зайсан көлінің жиек сызықтарының өзгеріп, деңгейінің көтерілуіне әсерін тигізді. Көлдің жағасындағы Тұғыл, Қарасуат елді мекендері қауіпті су басу аймағынан, қазіргі ауыл орналасқан жерге көшірілді. Сол кездегі Совет Үкіметінің «Бүкіл Одақтық екпінді құрылыс» деп аталатын бастамасының аясында жан-жақтан ағылып келген құрылысшылардың күшімен жаңа жерде көрікті, қала типтес қоныс бой көтерді.

Бұл елді мекен алғашқы кездері «Новостройка», кейіннен «Приозерный» деп аталып жүрді. Еліміз егемендік алған жылдары «Жаңа Тұғыл», «Тұғыл» деген атауларға ие болды. Өкініштісі, ескі елді мекеннің аты жаңа қонысқа телініп кеткендіктен, олардың өздеріне тән тарихы, байырғы географиялық орны бір-бірімен астасып кетті. Бұл жауапсыз қадам уақыт өте келе жас ұрпақтың өздері туып өскен жер тарихын танып білудегі танымын тежеп, тарихи санасын адастыруға әкелетіні сөзсіз.

«Алды Алтай, Сайхан, Сауыр – Зайсан көлі

 Сол көлдің тұмсығында Тұғыл тұрған.

Айнала қоршағандай көлден қорған

Жиналып әр тараптан орыс, қазақ

Үй салып, осы араны мекен қылған»

деп ақындар жырының арқауы болған, су астында  қалған  Тұғыл тарихының тамыры тереңде жатыр.

Орыс елшілігінің басшысы болып Моңғолияға сапар шеккен  Ф. И Байбоков, Алтайдан кен байлығын іздеп шыққан патшаның әскери экспедициясын басқарған майор  Лихарев, одан кейін Зайсан көлін зерттеген орыс ғалымдары П. А. Потанин, Е.Михаэлис,   Б. Сапожников, А.Сидельников, Б. Герасимов көл жайында құнды деректер қалдыруымен , оның аумағындағы жер-су атауларын жанама түрде қарастырып отырған. Сондықтан, атаулы ғалымдардың зерттеулерінен Тұғылға қатысты деректерді кездестіруіміз әбден мүмкін. Жалпы, Тұғыл сөзінің этимиологиясына зер салсақ, одан елімізге жасалған жау шапқыншылықтарының, отаршылдықтың жер-су аттарын өзгертудегі басқыншылық іздерін байқауға болады. Бұл тұрғыда Қазақстандағы топонимика ғылымның негізін салушы Р. Қонқашбаевтың пікіріне жүгінсек: « Тұғыл- (Тарбағатай) аумағында кездесетін елді мекен атауы. Атау моңғол тілінің Төгел (тораңғы) сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырауынан туындаған.   Ертеректе ауыл маңында тораңғы өсімдігі көп өскен. Біздің зерттеулерімізде тораңғы, Тұғыл, Ұласты фитонимдерінің моңғол (қалмақ) тілінен енгені анықталды», – деп нақты ғылыми тұжырым жасайды. Көрнекті ғалымның бұл дәйекті пікірі көпшілік арасындағы Тұғыл мекені орналасқан жер, ну, қалың орман болған екен. Адамдар орманды шауып, тазартып, қоныс тұрғызған. Орман оталған жерде көп тұқылдар қалғандықтан елдімекен Тұғыл аталыпты  деген аңыз-әңгіме дәрежесінде  айтылып, жазылып та жүрген жүйесіз топшылауға тосқауыл болары сөзсіз.

Зайсан көлінің тайдай тулаған балығы мен оны мекендейтін аң-құстары, әсем табиғаты Ресей отаршылдарын қызықтырмай қоймады. ХІХ ғасырдың соңынан бастап қоныстанушылардың алғашқы легі көлдің ішіне сұғына еніп жатқан тораңғысы қалың өскен мүйіске қоныстанып ол жерді «Тополев Мыс» деп атады. Бұл атау өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін ресми түрде аталып келді.

Тұғыл кеме тоқтауға қолайлы жерде орналасқандықтан су жолы арқылы қатынайтын Ресей мен Қытайдың сауда кемелері аялдайтын ірі айлақтың бірі болған. Мұнда Ресейдің сол кездегі ірі бай саудагерлері И. Плотниковтың «Сауда үйі», А. Корниловтың «Батыс Сібір серіктестігі» және «Волга қоғамдастығы» пароходтары Қытайдан Ертіс өзені бойымен Омск, Томск, Нижний Новгород, Тюмень қалаларына қатынап тұрған. Бұл үрдіс Совет Үкіметі кезінде де жалғасын тапты. Облысымыздың Шығысындағы Оңтүстік аудандарға азық-түлік қажетті өндірістік тауарлар Тұғыл арқылы жеткізілді.

Тарихтан белгілі Ұлы Қазан төнкерілісі де алақандай Тұғылды айналып өтпеген. 1926 жылы селоны Қызыл әскер бөлімдері мен партизан отрядтары ақ гвардияшылардан азат еткен. Совет Үкіметін орнатуға Тұғылдың тумалары Интин Қ, Казанцев К.А, Смолянин Е. Е. белсене  қатысқан. Олар партизандар отряды құрамында болып, жауға қарсы астыртын жұмыстар да жүргізген. Ел сеніміне ие болған Интин Қасен КирЦИК-тің құрамына сайланды. Жаңадан құрылған Казақ ССР Үкіметіне мүше болып, халық шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосты. Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдары Тұғылда «Охотрыба» бірлестігі, кейіннен ірілендіріліп, «Гослов» балық аулау мекемесі деп аталды.

Колхоздастыру кезінде селолық кеңестің аумағындағы Тұйық ауылында «Екпін», Қарасуат ауылында «Молотов» колхоздары ұйымдастырылған. Уақыт өте келе бұл колхоздар «Нор Зайсан» балықшылар одағына біріктіріліп, кейін мемлекет меншігіне өткенде атауы «Балық зауыты»  болып өзгертілген. Еліміздегі балық шаруашылығы бойынша іргелі кәсіпорындарының бірі болған Зайсан балық өндірістік бірлестігі өз бастауын осы шаруашылықтардан алады. Алғаш өндіріс орындарын құрып, оны нығайтуға көшбасшылық жасаған И. Азаров, К. А. Казанцев, Базарбаев Қабижан, Боқанаев Төлеухан, Қожаев Қабиден, Рахметов Қимади, Демеуов Қасен сияқты білікті басқарушылар өлшеусіз еңбек сіңірді.

Тұғыл селолық кеңесінің тізгінін алғашқылардың бірі болып ұстаған аяулы азаматтардың бірі Темешев Септеме   жас кезінде орыс байларында жалшылықта болған, орысша тілге жүйрік, еті тірі жас жігіт жаңа Үкімет кезінде белсенділігімен көзге түсіп, қызметке араласады. Ауылдың гүлденуіне, халықтың әлеуметін арттыруға барлық күш-жігерін жұмсап, қажырлы еңбек етіп, жерлестердің құрметіне бөленген. Әсіресе, көнекөз қариялар Септеме ақсақалдың 30-шы жылдардағы зұлмат заманда жазықсыз жала жабылып, жапа шеккен азаматтардың арасына түсіп, НКВД-ның қанды шеңгелінен құтқарғанын ерекше ілтипатпен естеріне алушы еді.

Тұғылда ерен еңбегімен жұртшылықтың құрметіне бөленген еңбек адамдары : алғашқы Ленин ордендерінің иегері балықшы Найзабаев  Әбілғазы, пароходтан жүк түсіруші  Шағанов Хамза, Еңбек қызыл ту ордендерімен марапатталған балықшылар: Абсалямов Қасымжомарт, Батталов Таупиық,  Шуленов  Қабдрасулдың  өнегелі өмірлері кейінгі ұрпаққа үлгі.

Ауылдың үш  көшесі бұл күндері Найзабаев, Шағанов, Шүленовтің  атымен аталады. Тұғыл мектебінің алғашқы ұлағатты ұстаздары М.Н.Истомин, Кенжебаев Дүйсенбек,Кереев Саддрихан, Сәрсенов балаларды алғаш рет білім нәрімен сусындатып ағарту саласында абыройлы із қалдырды.

Ел ішін ашаршылық аралап, ағайын бір-біріне қарай алмаған алмағайып заманда Тұғыл талай жанның жанына сая, бастарына пана болды. Тоталитарлық Кеңес Үкіметінің қолдан жасаған нәубетін бала кезінде басынан өткізген, еңбек, соғыс ардагері, жергілікті ақын Боқанаев Төлеухан ақсақал өзінің «Ғұмыр кешулері» деген өлеңдер жинағында былай сипаттайды:

… Ішінде тамақ болмай жарып жеген,

Сабылды ойдан қырдан халық деген.

Аяндап, жаяу-жалпы Тұғыл келдік,

Ойымызда  жан  сақтау балықпенен.

 Жатқанда ұйықтамаймыз тоң мен сызда

Келіп ек ризыққа дәм мен тұзға.

Неше рет суға түсіп аман қалдым,

Қармақ сап, жайма құрып шірік мұзда… 

Әке-шешеден  жастай  жетім  қалып, тағдыр  тауқыметін  көп тартқан  Төлеухан  ақсақал Ақжардағы  мектеп – интернатта  орта  білім  алып,  соғысқа  аттанды.  Соғыстан  кейін  ауданның  іргелі  мекемелерінде  басшылықта  болып,  абыройлы  қызмет  атқарған.  Отан  алдындағы еңбегі  лайықты  бағаланып,Отан  соғысы  бірінші  дәрежелі  орденімен,  медальдармен, Еңбек  қызыл  ту  орденімен  марапатталған.  СССР  балық  шаруашылығының  үздігі.  Ол  Тұғыл  селолық  кеңесінің  төрағасы  болып  тұрған  тұста  су  басқан  қауіпті  аймақтан ауылды  көшіріп жаңа  Тұғылдың  іргесін  қалап,  гүлденуіне өлшеусіз  еңбек  сіңірген.  «Басымды  шайқап  жүрмін»  деген  өлеңінде    осы  бір  ауыр  кезеңді  былай  деп  өрнектейді.

Қара  Ертіс  ернеуінен  асып  кетті,

Жағадан  аң  атаулы  қашып  кетті.

Қонысты,  атамекен  Тұғыл  халқын,

Көбейіп  Зайсан  суы  басып  кетті.

Денім  сау  жастық  кезім  жүзім  жарқын,

Шаруаның  ойластырып  алды-артын.

Тұрғыны  сегіз  мыңдай  болушы  еді,

Көшірдік  жаңа  жерге  Тұғыл  халқын.

Ежелден  табиғатпен  үндестікте  өмір  сүріп, жер-судың  қасиетін кие  тұтқан   бабаларымы  бұл  жерге  «Кемер»-деп  мәнді  де  мағыналы  ат  қойған. Бұл  елді  мекен  туралы  деректі  ғасырлар  тоғысында  өмір  сүрген, өмірінің  соңын  Шығыс  Түркістанда өткізген  ақпа  ақын  жерлесіміз  Әрімжан  Жанұзақұлының  «Туған  жерді  сағыну»  деген  өлең  жолдарынан  кезіктіреміз.

Байболдың  Кемер  қонысы,

Сарбұлақ,  Құсты  өрісі.

Алажаздай  жайылса,

Басылмаған  сонысы.

Бір туысқан  бауырдай,

Араласып  жататын,

Тұғылдың  қайран  орысы.

Байболдың  Кемер  қонысы – деп  айтылатын  өлең  жолдарындағы  Байбол үш  Бәйжігіттің бірі Хан Тоғас  батырдың  баласы.   Еңсегей  бойлы   Есім хан , Қатаған  ханның  елін  шапқанда Тоғас  айрықша  ерлік  көрсетіп,  сол  үшін  Есім  оны   өзінің  тағына  отырғызып, ерекше  құрмет  көрсеткен  дейді  қазақтың  қария  сөзі.Тоғас  батырдың  тоғыз  ұлының көбі Жоңғарлармен  соғыста  қаза  болған.   Оның  Қасай, Байбарақ, Көтібақ, Тама  сынды  ұлдары  Қалмақ  соғысында  ерлігімен  ел  құрметіне  бөленген  айтулы  батырлар. Байбол  өзінің  немере  туысы  қазақтың  бас  батыры  Қабанбай  қол  бастаған  Арқа  өңірін  жаудан  аластау жорығындағы  Қоңыр әулие,  Шорға,  Шаған  шайқастарына және  оларды  Тарбағатай  жотасынан асыра  қуғандағы  сұрапыл  шайқастарының бәріне  белсене  қатысқан. Қасиетті  қазақ  жері  ата жаудан  түбегейлі  азат  етілген  соң  Байбол  өзінің  ағасы  Жұмық  батырдың  ұрпағымен  бірге бос  қалған  Барқытбел  баурайына  қоныс  тепкен.  Қазіргі  Тұғыл    ауылдық  округ  аймағы  Байболдың  байырғы  қонысы,  құтты  мекені. Ел  ішінде  жеті  Байбол  аталып  кеткен  жеті  ұлынан  (Бигелді, Әйтімбет, Жомарт, Ақша, Меңдібай,  Жоламан, Досхана)  тараған  ұрпақ  Сарбұлақ,  Құсты  өзендерінің  бойына  егін  салып, көлден  балық аулап,  отырықшылық  тұрмысқа  бет  бұрған. Қазіргі  Тұғыл  ауылы  орналасқан  жер  Байболдың  Жомарт  деген  ұлының  қыстауы.  Оның  Тысқара ,  Ұмсын,  Жырғал (қалмақ  қызы)  атты  әйелдерінің күні  бүгінге  дейін  қорымдары  сақталған.  Қоныстың  шетіндегі  шағын  ауданның Бәйбіше  атауы  Жомарттың  бәйбішесі  Тысқараның  атымен  байланысты. Осы  уақытқа дейін   ауыл  шетіндегі  мекен  «Бәйбіше»  деп  аталып  келеді.  Алып  бәйтеректей  тамыры  тереңге  бойлап,  жапырақтары  жайқала  өскен  Байбол  ұрпақтары  бұл  күндері  өздерінің  туыстық  ыстық  ықылас  пен  береке  бірліктеріне  сызат  түсірмей, Тұғыл  ауылында  ата  кәсібін  жалғастырып, елінің  жарқын  болашағы  мен  игілігі  үшін  еңбек  етуде. Біз  білетін, бір-ақ  келешек  ұрпаққа  белгісіз  Тұғылдың  негізгі  тарихы  осылай  болған. Атауы Тұғылдан  көшірілген  жаңа  қоныстың  жылнамасы  өткен  ғасырдың  елуінші  жылдардың  соңынан  басталады. (бұл  басқа  тарих, басқа  әңгіме) Көшбасшысы ақыл,  қорғаны  сабыр  болған дана  қазақ  халқы «Ештен  кеш  жақсы», – деп  тегін  айтпаса  керек.                                                                                                                                          Еліміз  Егеменді  ел  атанып, Тәуелсіздігін  алғаннан  кейін, елді  мекендердегі  өзгертілмеген байырғы  атауларды  қайтаруда игілікті  істер  қызу  жүргізіліп  жатқан  кезде ауыл  басшыларының  жете  мән  бермегендерінің  салдарынан   бір  атаумен  жұптасып Тұғыл аталып  келген  екі елді-мекеннің   өзіндік  тарихын  бір-бірінен  ажыратып,  жердің  этнотомонимикасына  сай өзгерту   кезек  күттірмейтін  мәселе.  Бүгінде Тұғыл   аталып жүрген қонысты  «Жаңа  Тұғыл»  немесе  байырғы  атауымен   «Кемер»  деп  атау  тарихи  тұрғыдан  дұрыс  болар  еді.

P.S. Ертеректе жазылған осы бір ойымызды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқыған соң қайта бір жариялағанды жөн көрдім. Мемлекет басшысы мақаласының басым бөлігі туған жер мен өскен өлкені тануға, оны жас ұрпақ бойына сіңіру керектігіне арналғаны бізді бір серпілтіп тастады.

Құмаш Тлебалғанов,

Өлкетанушы, Семей қаласы.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation