ТӨБЕ БИ АБАЙ
Абай алты жыл, шамасы 1882-1888 жылдар аралығында, долынжы би (должностной би, яғни «жалақылы ресми би» деген мағынаны білдіреді) болған. Бұл кездерде ел билеудің тарихи қалыптасқан жүйесі біржола күйрегенімен де, Абай ел басқару жұмысында Кеңгірбай, Өскенбай, Құнанбай іздерін басты. Ол келте дауда алғызбай, ұрымтал сөзбен қапыда қалдыратын даугер болса, келелі кеңес, ырғасқан ірі дауда төбе би сайланып отырған. Сөйтіп, өле-өлгенше мұқым Тобықтының «төбе биі», «төбе басы» атанып өтті.
Абай қай жылдары би болған?
Абай заманында қазақ елі ауыл, болыс, уезд, облыстарға бөлініп басқарылды. Ең төменгі ауыл мен болысты жергілікті атқамінерлер, уезд бен облысты патшаның әскери шонжарлары биледі (осылай қазақтар өз жерінде өзі кірме болып қалды). Жергілікті атқамінерлер дегенде болыс пен билерді айтамыз. Билер – болыстың тірегі болды (әр болыста билердің саны ауыл санына байланысты 5-6-дан 10-12 дейін жетіп отырған).
Абайдың билікте болуын қозғаудан бұрын «Қай жылдары би болған?» деген мәселені жеке қарастырайық. 1878 жылы Бөрібаевтардың жалған жаласы Абайды болыс болу құқынан айырды (мұны зерттеуші Б.Байғалиев «Абай өмірбаянының деректі көздері» атты еңбегінде анықтап береді). Онан кейін Абайдың кәсіби би, сол кездің тілінде «должностный би» (ауыз сөзде «долынжы би») болуы тарихы басталады.
Жоғары бір тұста «Болыс Абай» бөлімінде И.С. Навроцкий деген Семей оязының Семей облысының әскери губернаторына жазған құпия рапортын (1903 жыл, 26.УІІІ. №48) келтірген едік. Онда рапорт иесі: «Ибрагим Кунанбаев человек весьма развитый и умный, служил 2 трехлетия бием… в Чингизской волости» деп дерек береді.
Көрдіңіз бе, Абай Шыңғыс болысында 6 жыл ресми би болыпты (ресми немесе должностной би деп өкіметтен белгілі мөлшерде жалақы алатын қызметті айтқан).
Бірақ ақынның ресми емес жағдайда, халықтың қалауымен ондаған жылдар би болғанын да ескермей болмайды. Абайдың бейресми би болған жылдары шамасы 1879-1892 жылдар аралығына келеді. Жиыны – 15 жылдай уақыт.
Абай би қызметін қалай атқарған? Енді осыған келейік.
Ұлттық түгілі, рулық-тайпалық тұтастықтан ажырап, ауызбірлік атымен жұрдай болған кезде ел басқару қиынның қиыны. Бірақ ел басқару өнерін дәл Абайдай жете меңгерген адам кемде кем еді. Тобықты іші Абайды жас жігіт шағында «әділ болыс» дегені сияқты ел ағасы жасында «әділ би» атады. Үзеңгі серігі Көкбай: «Қазақтағы досы, өтірігі жоқ шыншыл кісі болатын. Өтірік айтпай шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны», – дей келе, былайша куәлік етеді: «Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрын-соңғы заманның қайсында болса да көрген жоқ деп айта аламын».
Көкеңнің бұлай дейтіні, Абай кәсіби психолог болған (өзінің өткір сезіміне қоса, психология ғылымымен әуестеніп, Семей кітапханасынан керекті кітаптарды тауып, оқып отырған). Оған келте дауда алғызбай, ұрымтал сөзбен қарсыласын қапыда қалдыратын шешендігін қосыңыз. Сөйтіп, билігі бұзылмайтын бедел иесіне айналған. Ең бастысы, Абай қандай мәселеге де халықтық мүдде тұрғысынан қарап, шешкен. Сондықтан қара қылды қақ бөлген төбе басы – «әділ би» атануы таң қалдырмайды.
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені көп пен дүрмек (1886).
Бұл сияқты пайымға ақынның өмірден көріп-білген тәжірибесі арқылы келгені сөзсіз.
Сөйтіп, Тобықты еліндегі небір араздық, жаулық, кісі құны, мал барымтасы, жесір, жер даулары Абай алдында бітім тауып отырады. Сол сияқты әйел басына азаттық әперуде көзге түседі.
Абай, әсіресе, 1879-1885 жылдар аралығында би, қазы ретінде әйгіленді. Осы кездерде «өзі болыс болмаса да болысқа келетін істің барлығын, ел ортасының дау-шарын, билігін, съезін түгелімен өзі атқарып, өзі басқарады» (М.Әуезов). Сондықтан өз елі де, сырт елдер де жуандық, кісілік, билік – барлығының тұтқасы Абай, ол – Тобықтының бас кісісі деп білді. Салиқа қыздың дауына билік айтқаны, 1882 жылы Арқатта өткен төтенше съезде Тобықты мен Уаққа араша би болғаны ел аузында жүрген елеулі оқиғалар болды.
Абайдың от тілді, орақ ауызды би болып қалыптасуына ең әуелі өзі өскен әлеуметтік ортасы ықпал еткен. Сонау Ырғызбай, онан Өскенбай, онан өз әкесі Құнанбайға дейін үзілмей, әдемі жалғасқан билік дәстүрінің тума дарынға игі әсері мол болды.
Бұдан бөлек, ескі билердің дау-дамайды шешудегі өнерін меңгерді және орыс заңын жетік білді. Осыған заңтану әдебиеттерін талмай оқығанын қосыңыз. 1885 жылы Қарамола съезінде санаулы күндерде «Билер ережесін» даярлап шығуы білімдарлығының айғағы (ол ереженің ерекшелігі – гуманистік құндылықтарға басымдық берілді).
Абайдың туысы Шәкәрімді жазаға тартуы осының бір айғағы. Шәкәрім ноғай ауылының қызы, келешек жары Айғанша сұлуды рұқсатсыз алып қашқанда, Абай інісіне ноғай ауылына ондаған түйе, екі үйір жылқы айыппұл төлеуге кесім айтады. Шәкәрім: «Апырай, ағатай, мынау бір кісінің құны ғой, мен кісі өлтіргенім жоқ қой» дегеніне қарамастан, төлеуге мәжбүр етіпті. Бұл қатарлы мысалдар көп-ақ. Академик заңгер Салық Зимановтың білуінше «Абай 60 шақты билік айтқан».
Би – болыстың тірегі. Ол – үкім шығаратын сот. Жаңа аты аталған академик Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» еңбегінде: «Би, ең алдымен, сот (судья). Бидің өзі де, билігі де түп-тамыры халық тарихына байланысты. Сол себепті ол беделді, дәстүрлі билік қатарында болды», – деп жазады.
Әр старшыннан бір би деген есеппен келгенде, Тобықты ішінде дау-дамайға араласып, билік айтатындар саны 60 шақты адамға жеткен. Соның ішінде сақ-тоғалақ Абыралы, жігітек Бейсенбі, есболат Оразбай, көтібақ Жиренше, бөкенші Күнту, жуантаяқ Байғұлақ, топай Байділда Абаймен қатарлас шыққан атақты билер еді.
Бірақ қазақ даласына орыс шенеуніктері әкелген пара алу дерті билерге де жұға бастаған ғой. «Абай жолында» М.Әуезов бұл жәйтті Абай мен досы Ерболдың сұхбаты арқылы әшкерелейді.
« -Билер ше? Бидің бәрі жемтіктес пе?
– Бидің көбін барлай алмадым. Бірақ олардың да жатқанында шек-шүбә жоқ. Өзің ойласаңшы, Керей-Тобықтының, Сыбан – Тобықтының, Бура -Тобықтының дауы болса, оны әуелі болыстар арқылы айтысады. Биге болыстар айдап беретін болса, сол болыс алдын ала ым-жымды өзі жайлайды. Биге бергенде жең ұшынан жалғасып, «анаған кессең аламыз», «мынаның кінә-сұмдығын кешсең аламыз» демей отыр ма? Сүйтіп, болыстың да парасы биліктен келеді. Содан түседі. Ал билік би аузымен айтылады. Аузымен адалдықты айтам деп ас жемей, әулиелік істеп отыратын біздің Жиренше, Әбділда, Оразбайлар ма?
– Өй, шыныңды айтшы, Жиренше мен Оразбай да жей ме?
– Бәлі, ол не дегенің?!
– Бір кезде ел сөзіне сол екеуінің араласуына менің өзім себепші болып едім. Кісілік абыройды ерте алып екеуі де қатты малданды деп естимін. Тым құрыса, арам жемесе несі кетер еді! Әлде сенікі үстірт болар. Әлі де соларды адал дегім келеді. Ал оларың тағы жеміт болса, онда кімің қалды? – деп Абай үлкен бір дағдарыс ойға тірелгендей. Өзінен өзі сұрағандай бір сөзді айтты да ары қарай әңгімелеспеді».
Мұхаң осылайша билердің дені қара қылды қақ жарған әділ қазы бола алмағанын аңдатады.
Айтпақшы, «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінде:
Сүйкімі жоқ құр масыл би,
Сүйретіліп өтер сол, –
деуімен Абай жеміт (пара алғыш), сол себепті елге масыл, сүйкімсіз билерді түйреп өтеді. Сол сияқты ғақлия сөзінде «би» деген атаққа сай болудың шарты ауыр екенін атап көрсетеді:
«Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» (3-сөз).
Руаралық дауларда абақ керейдің Бегеш биі мен Абай қатар отырып, даулы істерді бірігіп шешетін бопты. Билікте әуелгі сөз жасы үлкен Бегешке беріліп, Абай оны өзгеріссіз мақұлдайды екен. Бірде тобықтының бірі: «Абай, Бегештің сенің алдыңа түсіп кететіні несі?» депті. Осы сөз көңілінде қалған Абай, тағы бір бас қосуда: «Беке, осы Сіз неге үнемі менен бұрын сөйлеуге асығасыз? – деген екен. Сонда Бегеш би іркілместен: «Абайжан-ау, мен қателессем, қасымда түзеп жіберетін сен барсың, ал сен қателессең, кім түзей алады? Сенен бұрын сөйлеуге асығатыным сол емес пе?» – депті.
Жоғарыдағы дәйек-мысалдар Абай ақындығынан бөлек, шешендігімен, даналығымен тағы басқа жеке бастарының қасиеттерімен халыққа танымал болғанының айғағы. Әйтсе де 1890 жылдары би болудан, жалпы әкімшілік жүйеден суынады. Өйткені, есесі кетіп жатқан елінің жоғын жоқтауға күш салған еңбегі зая кеткеніне көзі жетеді. Қандастары қызғанышпен, отаршыл ұлықтар сенімсіздікпен қарады.
Жау қожаңдап бұртиып,
Дос құбылып, әуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмір өтер (1889).
Ел жұмысынан қажыған, суынған, онан алыстай түскен жайын ақынның өзі осылайша түсіндіріп береді. Қалған жиырма жыл ғұмырын тек қана оқып білуге, тек қана шығармашылыққа жұмсау керек деп шешті.
Шыны сол, Абайдың поэзиясы халық өмірінен нәр алды, ел мүддесімен біте қайнасты. Оның биліктегі қызметін жақсы танып-білудің қажеттігі содан туады.
«Төбе би Абай» тақырыбын тиянақтауға М.Әуезовтің мынадай пікірі сұранып тұр: «Жоғарыда біз… көбінесе партиямен алыс-тартысты айттық. Бірақ, соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінің ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керек. Қарамолада бірнеше дуан елдің бас қосқан шербешнай съезіне төбе би болғаны сияқты Жетісу мен Семей облыстарының бас қосқан шербешнай съезіне Абай тағы да төбе би болған. Мұндай жерде Абайдың білімі мен жүйріктігіне, әділ, кемел билігіне талай рет көзі жеткен ел іштей жау болып, дос болып жүрсе де Абайдың төбе басы болуына ешуақытта қарсылық көрсетпеген».
Қажының қазасы
Абайдың әкесі Құнанбайдың қазасы жайлы сөзіміз айтылмай қалып барады. Құнанбайды өз ұрпағы «тәте», Тобықты елі «мырза», Мекке сапарынан соң «қажы» деп атаған. Ол 1804 жылы туып, 1885 жылы күзеуінде 81 жасында қайтыс болды.
Шекесінде «құпия» делінген тарихи құжат мынау:
«Разрешив состоящему под надзором полиции в гор. Семипалатинске административно-ссыльному Нифонту Долгополову отпуск с 11 июня по 15 августа сего года, в аул киргиза Кунанбая Ускенбаева, Чингизской волости, для пользования кумысом, уведомляю об этом Ваше высокоблагородие для сведения и надлежащего распоряжения об учреждении за Долгополовым в означенной местности полицейского надзора». Подписал ген.-лейт. – Цеклинский.
Бірақ доктор Долгополов қалаға 15 тамызда емес, бес күн ертерек қайтады (оған Құнекеңнің өлімі себепші болған). Белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметханов «Долгополов тек қана дем алу үшін емес, сонымен бірге, Абаймен ақылдасып, музейдің этнография бөлімін қажетті экспонаттармен қамтамасыз ету мәселесімен барғанын» айтады. «Біз 1956 жылы Семей өлкетану музейінің азып-тозып жатқан архивінің ішінен «Губернский научный музей. Этнографический отдел» – деп аталған кіріс журналын кездестірген едік, – дейді ғалым. – Журналда Абай мен Долгополов тапсырған заттардың да тізімі бар екен. Ол заттар: киіз үй, сырмақ, ыдыс-аяқ, асадал, кебеже, саба, сүйретпе, кісе белбеу, жез торсық, піспек, табақ, әшекейлі құтылар, бесік, ұршықтар т.б. Музыка аспаптары: қобыз, сыбызғы, домбыра, тоғыз құмалақ. Бақсының асасы, ең аяғы қара сабынға шейін бар». Ақын бедел сала жинаған бұл заттардың аман сақталғандары кеңес дәуірінде Абай музейіне табысталған.
Сөйтіп, Құнанбай өлген жыл, ай нақтылы. Жиреншин тапқан тағы бір рапортта Долгополовтың 1885 жылдың 10 тамызында «Семей қаласына қайтып келгені» мәлімделген.
Мұхтар Әуезов 1933 жылғы Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп жазғантұғын. Десе дегендей, Құнанбай туралы қанша айтсақ та артықтық етпейді. Ол еуропалық саяхатшылар аузынан «Дала Цицероны» деген атақ алды. Ескі мен жаңаға бірдей жорға болды. Ел жақсылары мен патша әкімшілігіне сөзін бірдей өткізе білді. Бұдан бөлек, Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өз айналасына жақсы жерден қыз алу, араағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті. Қысқасы, Ырғызбайлар жалы күдірейген көшелі елге айналса, ол да Құнекеңнің арқасы.
Бір сөзбен айтқанда, Құнанбай жолынан жүк қалдырмас қоңыраулы қара нардай Тобықты көшін бастаған қайраткер тұлға ретінде тарихта қалды. Бұдан да маңыздысы, ол Абайдай перзентті туғызған, баулыған асыл әке болды.
Қажы Абайға «Ата салтынан адаспа, балам» деп ескертіп отырған. Елдің есінде қалғаны Абайға таққан мына үш түрлі міні: «Ең әуелі – сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», – депті. Оған Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін… Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын» депті.
«Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, – деп жазады әдебиетші ғалым Серік Қирабаев, – тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі болған».
«Абай жолы» қалай жазылғаны жайлы М.Әуезовтің: «Романға кіріспес бұрын дүние әдебиетінің барлық озық үлгісін сүзіп шықтық. Немістің, француздың философиялық, тарихи хронологиялық романдарын ақыл-ой елегінен өткіздім» дегені белгілі. Мұхаңның осы айтқанына орай, жазушы Тұрсын Жұртбай былайша түйеді: «Соның ішінде И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балаларына» иек тіреп, ерекше ықыласын бұрмас еді. Ол осылардан психологиялық шиеленісті үйрене отырып, ілгері дамытты. Мүлде соны ой өрісіне шықты» (Т.Жұртбай. Құнанбай. –Алматы, 2004. -10 бет). Расы, әке мен баланың қайшылығы мәңгілік мәселе. «Абай жолында» оның шешімі жоқ, бірақ мәселені көтереді Мұхаң. Жай ғана көтермей «Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежеде образдық тұтастықта бейнелейді» (Т.Жұртбай). Ол ол ма, әке мен бала қатынасы астарына ескі және жаңа қоғамның ауысуы сияқты зор тақырыпты сыйғызады. Бұл кемеңгерліктің белгісі, әрине.
Құнанбай 1868 жылғы реформадан соң билікті балаларына тапсырып, өз елінің ақылгөй қариясы болғанды жөн көреді. Ол 1875 жылы қажылыққа, Мекке сапарына аттанған. Онда басқа да қажылармен бірігіп, қазаққа деп қонақ үй – тәкиә салдыртады. Меккеден келгеннен кейін «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылған. Бұл мінезі туралы сырт ел «тілі байланған» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекерге шығарады.
Бір қызығы, Сарыарқаның Семей жақ шетіндегі Арқалық адырына таяу жердегі Жымба деген күзек Құнекеңдікі болған. Қажы ұзақ өмірінің соңын сол қалың қыстаулардан қашық Жымбада өткізген. Неге? Себебі, аталмыш адыр Уақ руына қарасты еді. «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидаға адал мырзаның Жымба күзегіне ие болуын Тобықтының Ертіс дарияға қол артқаны деп сана. Пай-пай, Құнанбай ауылдары ұлан-асыр! Олар Жондағы Бақанас жайлауын, онан соң Шыңғыстың бір қабатындағы Қарашоқы, Қызылшоқы қыстауларын, ең зоры, бауырдың барлық шұрайлы қорықтарын, бір шеті – Уақтың Арқалығына таяу Жымбаға дейін иеленді. Ысқақтың бәйбішесі Мәніке айтты дейтін «еңкейсем Ертісім, шалқайсам Шыңғысым» деген мәтел сөз содан қалған.
Уақтың Арқалығындағы мөлдір сулы Күшікбай бұлағына аялдамай өтетін жолаушылар кемде-кем. Білетіндер Семей-Қарауыл күре жолындағы әйгілі бұлақтың жер асты қайнары – Алтай тауында деседі. Осыдан бірер жыл бұрын асуда Күшікбай батырға арналған еңселі монумент бой көтерді.
Саналы ғұмыры Тобықтының жерін молайтумен өткен Қажы тамыздың басында бақилық болып, Абайдың қыстауы – Ақшоқыға жерленді. Қажының жаназасында Байкөкше ақын дүйім жұрттың көзінше: «Құнан кетті – алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай» деп Абайға зор сенім арта сөйлепті. Қарт ақын қателескен жоқ, Абайдың атағы бірер жыл ішінде қазақ көгінде қалықтады. Заманында Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға: «Өзіңнің бағың Қыдырдай (бұл жерде Қыдыр – кішірек, балақ таудың аты) болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады», – десе керек. Көреген сөз. Бірақ, Абайдың бағы Құнекеңдікінен өлшеусіз асты. Бұл ол күнде әулиенің де үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жәйт.
Құнанбай қойылған тас зиратқа кейінде ет жақындары мен келіндері де жерленген. Осымен, Ақшоқы зираты Құнанбай ұрпағы үшін қабірстан (пантеон) болды.
Жазушы Т.Жұртбай Құнанбай мен Абай арасында болған тартысты мынадай әдемі теңеумен жеткізеді: «Бейне ағыны қатты екі ұлы өзен бір арнамен қарама-қарсы бағытта тасқындай ағып кеп қосылып, бірінің ағысын екіншісіне бағындыруға тырысқан табиғаттың дүлей арпалысы секілді болатын. Қалай да екеуінің біреуі жеңуі тиіс. Өйткені өзенде екі ағыс болмайды. Ол – заман ағысы. Ал дүние көші алған бетінен қайтпайды». Әрине, бұл тартыста жеңіс Абай жақта болатын.
Ғажабы, қажының дүниеден өтуі Абай 40 жасқа толған мезетке тұп-тура келді. Тап осы кезден Абайдың ақындық қуаты шалқыды. Кездейсоқтық па, жоқ, әлде… әлдебір мистикалық байланыс бар ма, бұл, әрине, бір Аллаға ғана аян сыр.
Ақындық пен көсемдік
Абайда ақындық пен көсемдік домбыраның қос ішегі сияқты қатар жаратылған болмыс. Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) Абай жайлы белгілі мақаласында жазушы я ақынға қажетті үш түрлі қасиетке тоқтала келіп: «Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай – көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған» деп көрсетеді. Демек, үлгі шашу, өнеге жаю – көсемдіктің белгісі.
Айтса айтқандай, ұлы ақын көсемдікке қилы заманның бар қитұрқысын өз басынан өткергеннен кейін келді. Ақыл айтпас бұрын туған халқына төнген барлық кесел-кесапат, сор-сұмдықты көріп-білді. Содан соң ғана пайғамбар тектес тұлғамыз «солардан арыл, тазар, сонда ғана өрге шығасың» деп өнеге жайды. Бұл «қазаққа өлең деген бір қадірсіз» заман еді. Жұртқа сөз қадірін жеткізу, сөзді түзеу – Абайдың еншісі болды.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Абайдың «ер данасы» дегенін «тәрбиеші көсем» деп ұқсақ та болады. Себебі, «қиыннан қиыстыру» ойшылдың, ой баққан ақынның сыбағасы.
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жерік.
Ойшылдың мен де санды бірімен деп,
Талап, ойсыз мақтанды қалдым күтіп (1886).
Бұл жерде ақын өзі жайлы «ойшылдың бірімін» деп еш бүкпесіз, турасын айтқан. Поэзиясының құдіреттілігі – мейірім, әділетті ту етіп, адамгершілік мұраттарды уағыздаудан еш айнымай, осы желіні бекем ұстады.
Бұл, әрине, ойшылдықтың нышаны. Алғашқы абайтанушы ғалымның бірі Әбдрахман Сағди: «Абай қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, ақындықтың үстіне Абай – қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойшылдарының ең біріншісі» деп мәлімдеген болатын.
1888 жылдың май айында Ақшатау деген жерде, Семей облысы мен Жетісу облысының шербешнай съезі өтеді. Оған Абай да қатысып, жиыннан алған әсерін «Болыс болдым мінеки» деген ұзақ өлеңіне арқау етеді. Бұл өлең пысық атқа мінердің бірі болған, құрдасы Күлембай Бозамбайұлына арналған делінсе де, шындығында Абай бір Күлембай емес, сол кездегі болыс атаулының бәрінің табаны тайғақ, ел алдында беделі төмен екенін, өйткені, олардың ойлайтыны жұрты емес, қара басының қамы екенін әшкерелейді. Олардың осылай болмасқа амалы жоқтығын көрсету арқылы тұтас ел билеу жүйесін сынға алады.
Өз қағазы өз көзін,
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды, –
дей келіп, өлеңді пара алғыш ұлықты сынаумен түйіндейді:
Өзі залым закүншік,
Танып алды талайды.
Көрмей тұрып құсамын,
Темір көзді сарайды.
Бұл, бүгінгі тілмен айтқанда, нағыз оппозициялық көзқарас.
Адам «залым» деп Құранда да айтылған. Бірақ адам баласы туа емес, жүре келе залым, зұлым болады. Сол себепті ақын өлең сөзін көбіне өндірдей жастарға бағыттап отырған. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Білімдіден шыққан сөз» сияқты жырлар циклі сөзіміздің айғағы. Сол сияқты Әсет, Көкбай, Әріп, Шәкерім сынды талаптыларды әрі сынайды әрі тура жолға сілтейді.
Жеңіл-желпі басу айту, оңай өріс нұсқау Абайда жоқ. Інісі Шәкерімге бағытталған әлденеше өлеңдері соған айғақ. Біздің ағалы-інілі Абай, Шәкерімнің шығармашылық қарым-қатынасы жайлы айтарымыз бар. «Ержеткен соң сол кісіден тәлім алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім, – деп жазады Шәкерім өзінің қазақ тарихына арналған еңбегінде. – Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ ішінде болғандықтан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді». Шәкерімнің «қадірі азырақ білінді» деуі жайдан емес, өзі де Абайды мойындамаған, өсиеттеріне құлақ аспаған асау жастардың жуан ортасында жүрді.
Сөз соңы, билер қызметіне оралайын. Хандық дәуірде билер тағайындалмаған да, сайланбаған да. Олардың беделі әділ шешім шығаруы бойынша қалыптасты. Бедел иесі болу, халық арасында танымал болу шарты патша заманында да сақталып қалды. «Орыстың қырық жылдық ықпалына қарамастан жүз жылғы, бәлкім, бізге дейінгі мың жыл бұрынғы қалпын сақтап қалды, – деп жазды Шоқан Уәлиханов. – Халықтың ішкі даму күші де, орыс мекемелері мен заңдары да оның ежелгі, қарапайым үлгісін өзгерте алмады».
Асан Омаров,
абайтанушы ғалым.
[ig-posts-carousel post_type=”post” cat=”Абайтану” posts_num=”12″ posts_per_slide=”3″ show_image=”true” show_excerpt=”false” autoplay=”true” arrows=”false” dots=”true”]