1885 жыл Абай өмірінде айырықша орын алады. Осы жылғы Қарамола съезінде «төбе би» сайланып, жаңа Ережені жазды. Ақындық қызметіне шындап кірісуі – сол съездің әсерінен дейміз. Қазіргі жинақтардан Абай ақындық қызметіне 1886 жылы кіріскендей көрінеді. Бұл жаңсақтық. Шындығында, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» сияқты әйгілі өлеңдер Қарамола съезінің жаңғырығы. Төменде осы пайымды дәйектемекпіз.
1884 жылғы қырсықты сайлау
1884 жылы жаз айында, ел жайлауға шыққанда, Абай ағам ауылына Гросс келді, ол кісінің мамандық қызметі халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеу екен дейді Кәкітай Ысқақұлы.
Абай Гроссты өзі ертіп жүріп, қазақтың, оның ішінде Тобықты елінің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырады. «Одан кейін, – дейді Кәкітай, – Тобықтыға көрші керей Қожакелді, Малдыбай, Матақ дейтін елді аралатып кел деп, Гроссқа Мағауия екеумізді қосып берді. Оның себебі ол Керей елінің салты біздің Тобықты елінен өзгерек екен».
(Келер жылдың жазында, дәл Гросс келген мезгілде Абай ауылына досы Долгополов келген-ді. Ол жайлы сөз төменіректе).
Мұқыр болысының қырсықты сайлауы сол Гросс қонақта жүрген қарсаңда өтіпті. Осынау 1884 жылдың додалы уақиғасына арнайы тоқталған жөн. Өйткені, ол Абайдың сезімтал жүрегіне жара салып, шығармашылығында із қалдырды. Қалайша, қайтіп? Кез-кезімен әңгімелейік.
Ырғызбай руының үлкен-кішісі кезінде Құнанбайды қалай пана көрсе, енді Абайды «мықты сүйенішім» деп білді. Өз кезегінде Абай да Ырғызбайды өз елі санап, ақыл-кеңесін соларға айтып, жеткізуге тырысып бақты. Бірақ бұл нәтижесіз әрекет еді. Әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ, –
деген күйзелісі өмірінің сол кезеңінен белгі береді.
Шыңғыстың қолтығы мен Бауырдың шұрайлы қорығын иеленген Ырғызбай ауылдары жазда Кең қоныс деп аталған кең алқапқа жетіп, көшті доғаратын. Әлбетте, жері молдың – жаны мол. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Осы көне дәстүр – полигамиялық (көп әйел алушылық) неке Ырғызбай ұрпағына жұғысты болған. Міне, Абайдың «ағайын бек көп» деуі осы жәйтті де растайды.
Сөйтіп, Ырғызбай руы тез молайып, ауылдар саны 30-40, жан саны төрт старшынға жетіпті.
Құдандауи, байлық пен мәнсап буына мастанған ру адамдарында «ырғызбайлық» – жуандық мінез пайда болған. Сылдыр шатпақ, бәлдір батпақты айтып кеткендер бар. «Абай жолында» Ырғызбайдың көпшілігі бас қосқан жиында айтқан Зере әже былай демей ме: «Бірі – қырт, бірі – дарақы мақтаншақ, бірі – ұр да жық даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді» («Өрде» тарауы). Бұл Мұхаң зерттеу еңбегінде де айтқан жәйт: «Бірақ Ырғызбай руының болысы да, болыс емесі де түгелімен бақ, мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз тентектік молаяды. Осымен, ел ортасындағы жалпы наразылық күшейеді».
Сайып келгенде, Абайға қарсылық ойлайтын кісілердің тобын көбейткен осы наразылық. Оған Құнанбай ұрпағының билікті уысынан ешқашанда шығармағанын қосыңыз. Ол аздай, енді аужар мінезді, тентек Оспанды болыс қоймақшы. Әділетсіздік пе – әділетсіздік.
Оспан: «Мен болыс болсам қайтеді» дегенінде, басы Абай болып, туыстары оған «жоқ» дей алмапты. Осымен, атқамінер топтың көктен іздегені жерден табылған: олар өзара бас біріктіреді, ең жаманы, Абайға Ербол, Жиренше, Әкімқожа сияқты достарын қарсы қояды. М.Әуезов: «Төрт старшын Жігітектің басы – Бейсенбі, Есболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Күнту, Жуантаяқтан Байғұлақ, Топайдан Байділда бар» деп қарсы топты атап өтеді. Ақыры, 1884 жылғы сайлауда Оспан емес, оның орнына күтпеген жерден бөкенші Күнту болыс сайланған. Абайға ауыр тигені – Оспанның өтпей қалғандығы емес, дос-жарандарының қарсы топтан табылуы болған.
Абайға қарсы баталасқан алты бидің ант-уәдесіне, атап айтқанда, жан досы Ербол қосылады. Мұны кездейсоқ білген Шәкәрім, Мағауия Абайдың үйіне келіп, жеткізеді. Бірақ:
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзінде тұрса екен жанса, күйсе, –
деп тебіренген, досқа сенгіш, бірсөзді Абай бұл хабарға селт етпеген. Ақыры, үш айдан соң бата ішінде Ерболдың да болғаны анықталған.
Естеріңізде ме, сөз болып отырған сайлау «Абай жолында» суреттелген. Кең жайлау төсіне «Құнанбай балаларының талай жылдан жемдеп жүрген айлалы досы – Казанцев ояз көп күймемен қоңыраулатып, жер күңірентіп келген болатын. …Казанцевті Оспанның үйіне түсірмес бұрын бар Құнанбайлар «осы үй болашақ болыстың үйі» деп әкелген. Ұлық та Оспанның сыйын көріп, парасын, құрметін қабылдап жатқанда «болысым», «сайланатыным» осы деп сенгенді». Бірақ Оспан болыстыққа өтпей қалып, қарсы жақтың адамы – Күнту сайланып кетеді. Бұл оқиға ашық аспаннан жай түскендей әсер етеді.
Кәкітай Ысқақұлы ақын аға мінезі жайында: «Абайдың өміріндегі ең жақсы көретұғыны – таза көңіл мен достық еді», – депті. Ербол тарапынан келген екіжүзділік Абайға тым ауыр тигені содан. Әлденеше өлеңі соның куәсі. Ақынның «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» өлеңіндегі:
Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.
деген шумақ, я болмаса:
Қолдан достық жасап ем болар болмас,
Ит мұрындай наданның жыртты бірі, –
дегені, сондай-ақ, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Күшік асырап ит еттім» өлеңдері досы Ерболға қатысты екенін зерттеушілер бірауыздан бекітеді. Реті келген соң айтайық, Мұхаң эпопеяның бір топ кейіпкерлерін прототип етіп алдым дегенде оның ішіне Ерболды қосқан. Шежіреші Бекен Исабаев ақсақал: «Бұл – жазушының романдағы Ербол тарихта болған шын Ербол емес деп ескерткені» деп біледі.
Ербол жаңағы оғаш оқиғадан соң, көп ұзамай 41 жасында шұғылынан дүние салған екен. Ақын досы Ерболдың қазасына қатты күйзеліп, жаназасына қатысады. Абай өмірінде ойсырап қалған Ерболдың орнын ақын жігіт Көкбай басқандай еді. Бірақ жас аралығы алшақ (19 жас) болуына байланысты Көкбай көбіне дос-шәкірт қызметін атқарды.
Сайлау оқиғасына оралайық. Жұрт Абайдың айтқаны екі болмай орындалар деп түгел сенеді. Бірақ інісі Оспан өтпей қалып, бөкенші Күнту болыс сайланған. Бұл іске Абай мен Абайдың тілеуіндегі елдің таң қалуы былай тұрсын, ояз Казанцевтің әйелі Анна Митрофановна да таң қалып, «көтек» депті деседі. Яғни «көзі шарасынан шыққандай шаншыла қарап, оқыстан шаңқ етіп айқайлап «как так!» деп қалыпты. Осы оқиға бұдан бұрын елге «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, «сүт үстінде қаймақ» болып келген Абайға үлкен қаза сияқты көрінеді дейді Мұхаң.
Иә, Абайға қаза сияқты көрініп, ауыр тиген Оспанның сайланбай қалғандығы емес, Жиренше бастатқан жиыны 16 атқамінердің, әсіресе, досы Ерболдың опасыздығы болады. Ояз сайлауды қайтадан бұзғызайын дегенде, Абай көнбей «бекітіңіз» депті деген сөз бар.
Сонымен, 1884 жылдың жазындағы Мұқыр сайлауы Абайға көп күйініш әкелген. Осы қырсықты оқиға Абай санасында терең із салып, шығармашылық өріске жақындата түсті.
Тұрағұлдың білуінше, әлденеше тамаша өлеңдері туады. Ол өзінің «Әкем Абай туралы» деген естелігінде жаңағы 1884 жылғы таласты сайлау оқиғасына тоқтала келіп, сонан кейін «достан, елден түңіліп, соққы жегендіктен» әкем Абай жеті өлеңін жазды деп мәлімдейді. Байқап отырсақ, Абай 1884 жылдың күзінен өлең жазуға кіріскен, бірақ сыр сақтап, өлеңдерін көпке жаюға асықпаған. Бірақ бүркеулі сырдың ашылатын уақыты алты қырдың артында емес еді. Сол сәтті жақындатқан келесі жылғы маңызды оқиғаға ауысалық.
1885 жылғы Қарамола съезі
Ұлы адамдар өмір сүрген я қызмет қылған жерлер қастерлі, оларға белгі қойылады. Бұл әлемдік тәжірибеде орныққан салт. Мысалы, Вена қаласында әйгілі композитор Бетховен пәтерде тұрғаны жайлы 30 тарта үйде тақта бар екен. Орыс халқы да қалысар емес – Пушкин, Толстой сынды тұлғалары болған жерлерді бүге-шігесіне дейін зерттеп, ескерткіштер қоюда. Соның бірі – қазақтың Орал қаласына Пушкиннің келіп-кеткені жайлы ескерткіш-тақта орнатылды.
Қарамола… Міне, 1885 жылы ұлы Абай болған, болған деймін-ау, атақты билер Ережесін дүниеге әкелген жер осы. Демек, оның келешекте тарихи орынға айналуы, туристік бағдарларға енуі күн тәртібіндегі мәселе. Ол Ереже ғана емес, шайырдың ақындық шабыты тау селіндей тасқындауына түрткі киелі мекен. Қалайша, қайтіп? Төменде білген-тергенімізді рет-ретімен баяндамақпыз.
Ол Қарамола Семейден 70 шақырым, Шар өзенінің бойында. Ұсақ төбешікті кең далада екі су қатар ағады: Шар және Қызылсу өзендері. Қызық. «Шар» деген не сөз? ХІІ ғасыр жазбаларында «қыпшақ» атауы «шары (сары)» түрінде кездеседі. Пәлі, «Шар» дегеніміз сол «Шары» сөзі болмасын. Көне қазақтар қос өзенді Сарысу және Қызылсу деп ажыратқан сыңайлы. Сөйтіп, Шарысу атауы келе-келе, «Шар» деген қысқа түрге айналғанға ұқсайды.
Енді Қарамола топониміне келейік. Қазақ ескі әлемінің адастырмас картасы, компасы әрі шекарасы – мола болғаны мәлім. Әлем әміршісі Шыңғысхан құрған көшпелі империя астанасы «Қара қорым» аталған (мола және қорым түбінде бір сөз). Сонымен, «Қара мола» атауы – киелі мекен, көне орын, қара жұрт деген мағынаға саяды. Сол себепті тоғыз жолдың торабы – Қарамолада жылына екі мәрте (маусым және қазан айларында) жәрмеңке жұмыс жасаған.
(Сенсеңіз, жәрмеңке тарихы есте жоқ ескі мезгілге, соноу Қимақ-қыпшақ қағанаты дәуіріне кетеді дүр. Киіз туырлықты көшпелі халықтың қан базарында мал, жүн, теріден бөлек, мата, шәй, былғары, ыдыс-аяқ сияқты заттар саудаға түскен. Масатыдай құлпырған Шары өзені жағасына тіккен көп үйлер, байлаған бие, түрлі ойын-сауық, топтанған халық жәрмеңке сәнін келтірген. Қарқаралы жеріндегі атақты Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылдан 1930 жылға дейін жұмыс істегені аян. Ал оған дейінгі Арқаның атақтысы осы Қарамола жәрмеңкесі болғаны хақ. Сауда керуені Сібірден, Қытайдан және қазақ даласының түкпір-түкпірінен жәрмеңкеге бет түзеген ғой. Ләжіміз не, сол ертегідей алыс шақтан бүгінгі біздерге тек қана қазақтың «Бұл бас нені көрмеген дейсің, Қызылсу-Шарды да көрген» деген кәрі сөзі ғана жетіп отыр…).
Сөйтіп, төтенше (шербешнай) съезге басқа емес, Қарамоланың таңдалуы – ақ патша шенеуніктерінің мәртебелі әрі қолайлы жерлерді жете зерттеп, жақсы білгенін байқатады.
«1885 жылы, – деп жазады М.Әуезов, – Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің, ол күндегі әдет бойынша, бас қосатын шербешнай (чрезвычайный – А.О.) сиезі болады. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздерін іштей ниетте, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. …Шербешнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады».
Сиездің (сияздың) Абайға қаншалықты маңызды болғаны осыдан-ақ түсінікті. Төтенше съезде бес дуанның (Зайсан, Өскемен, Кереку, Қарқаралы және Семей) болыс, билері мен генерал-губернатор (қазақтар оны «жандарал» деген) Цеклинский бастатқан патша шенеуніктері бас қосты.
Алайда «Абайды жазайтын қаттылықты күткен» күпілдектердің үміті ақталмай, жағдай керісінше қалыптасқан. Жандарал ел кісілерін жағалай жүріп, Абайға келгенде: «Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?» депті. Абай: «мен» дейді. Неге партия қыласың дегенде: «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүния түгел партия, тіршілікте бәрі алыс-тартыспен өтеді» дейді.
– Сені ел неге көп жамандайды?
– Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан адам жаман атты болмай тұрмайды, – депті.
Осы сөздерден кейін жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп әкеліп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Сұхбат, мәжілістен кейін: «Съезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер, съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңыздар» деп өзі Абайды Шербешнайдың төбе биі қылып, қайтып кетеді», – деп жазады Мұхаң. Бұдан асқан сәттілік бола ма? Сол күндері халық Абайды «төбе би», «әділ би» деп төбесіне көтереді. Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би, болыстарға арналған Ережені Абай айналасы 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы – болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды. «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе, әйел правосын жақтады, – дейді қазақтың көрнекті ғалымы Әуелбек Қоңыратбаев. – Сол үшін Абай көзінің тірісінде-ақ «әділ би» атанған. «Ереженің» заң қатарлы мәні болды».
Қорыта айтқанда, «Ереженің» жазылуы – Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы болды. Төбе би сайланған әрі Ереже иесі Абай өзін ерекше сезініп, ауылына зор әсерге бөленіп қайтады. Ең бастысы, қаймана қазақтың көсемі болудың жауапкершілігін алғаш рет жан-жүрегімен сезінеді.
Ұлы өмірдің әр сәтін қалт жібермей қадағалаған М.Әуезов: «Осыны сезуінің арты қазақ елінің барлық салт-сана, әдет қалпына қатты сын көзімен қарауды туғызды. Бүгінгі ел жайына, ел ортасындағы өз жайына болса да қанағат қылмайтын, заманынан озған ойларды ойлата бастайды», – деп қорытады («Абайдың туысы мен өмірі» атты еңбегі).
Осымен, негізгі мәселемізге ойысалық. Біздің міндет – Қарамола сиязы мен Абайдың атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі арасындағы тығыз байланысты айшықтау. Мұхаң жаңағы сөзінде ақынды қоярда қоймай шығармашылыққа жетелеген бұла күшті тап басып айтқан. Бірақ «әйгілі әлеуметтік өлең алқалы басқосудан бастау алады» деген мәселе ешқашанда зерттелген я қарастырылған емес. Неге? Оған аталмыш өлеңнің Абайдың тұңғыш жинағында 1885 жыл емес, «1886 жылғы» деп қате белгіленіп кеткендігі себепкер болған. Шын мәнінде, шығарма сиязда қабылданған Ереженің сиясы кеппей жатып, соған іле-шала жазылған. Осыны дәлелдеу үшін осыдан 130 жыл бұрынғы оқиғаны хал-қадірімізше тірілтіп көрмекпіз.
Ақындықтың басы қай жыл?
Ақындық қабілет бір күнде бүршік жарып я болмаса бір сәтте бұрқ етіп пайда болмайды. Абай тумысынан ақын. Біздікі ақындық өнер жолына құлай берілген шағын анықтау ғана.
М.Әуезов өзінің «Абайдың туысы мен өмірі» деген зерттеу еңбегінде: «Сонымен, 1884-1886 жылдардан бері қарай Абайдың ақындығы басталады», – деп атап көрсетеді. Демек, Мұхаң Абай өлеңге шындап кіріскен уақытты жақсы білген. Бірақ «айы, жылы мынау» деп нақты атамаған. Себебі, ит үстінен құс ұшырған заман мұрсат бермеді, онан бөлек, архивтік айғақтардың цензура қолында, жабық болуы кесірін тигізді.
Жоғарыда «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі Қарамола сиязы әсерінен туылған деген болжам айттық. Енді осы пікірді растайтын мысал-дәйектерді назарларыңызға ұсынбақпыз.
Әуелі «Абай жолынан» бір үзінді: «Абай Қарамолаға көп жолдас еріткен жоқ. Қасына алғаны Ербол мен Көкбай, Баймағамбет. Жастардан: Мағаш, Дәрмен (яғни Шәкерім) ерді». Абай мен үзеңгі серіктеріне жолдан қарт ақын Байкөкше Балғынбайұлы (1813-1892) да қосылған еді. Бұл топ жолшыбай «Уақтың Байқадам-Сапақ дейтін ауылына қонып» (Әрхам), таңертең Қарамолаға қарай бет түзеген. Жолаушының бірі: «Бәке, жол қысқарсын бір әңгіме бастаңыз» дегенде Байкөкше Абайға қарап тұрып: «Бүгін түс көрдім», – деп ұзақ өлеңін айтады.
Абайжан бір түс көрдім бүгін түнде,
Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде.
Үстіңде ақ киімің, боз атың бар,
Аспандап шағылыстың барып Күнге.
Осылай басталатын ұзақ толғаудың «Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде» деген жолында бізше маңызды факті бой көрсетеді. Бұл жерде қарт ақын Абайдың ақындық өнеріне таңырқанған дейміз. Неге десеңіз, Тобықты жұртын жалғыз шешендік өнермен таң қалдыру, мойындату қиын. Тұрағұл өзінің белгілі естелігінде әкем Абай 1884 жылы жеті өлеңін жазды деп көрсетеді. Олар: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» және «Сабырсыз, арсыз, еріншек» – бәрі де күшті жырлар. Бұларды Байкөкше Қарамола съезіне дейін-ақ естіп-білген. Бәкең өзі ақын, Абайдың ақын ретінде өсуіне қанық, оған Құдайдан құт дарығанын білетін ділмар кісі. Сондықтан да Құнанбайдың ақын ұлын, өрдегі Абайды танып үлгерген!
Қорыта айтқанда, 1884 жылғы қырсықты сайлаудан кейін, «достан, елден түңіліп, соққы жегендіктен» әкем жоғарыда аталған өлеңдерді жазды деген Тұрағұлдың дерегіне мән бере қарайтын уақыт жетті. Жаңағы Байкөкшенің толғауы да осыны растап отыр.
Бұл жанама дәлеліміз, енді негізгі дәйектерге ауысалық.
Жас доктор Долгополов Семейге жер ауып келген, өкіметтің қырағы бақылауындағы жан. Оған қатысты құжатты абайтанушы Әбіш Жиреншин 1950 жылдардың соңында айналымға енгізді. Ол құжатта «Нифонт Долгополов Абай ауылында 1885 жылдың 11 маусымынан 15 тамызға дейін ем-дом алуға рұқсат алды» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Гәп сонда, бұл Қарамола сиязы енді ғана аяқталып, ол туралы гу-гу әңгіме туған шақ.
Енді Абайдың «Жаз» өлеңі жайын Көкбайдан естиік: «1880 жылдан бастап, 1886 жылға шекті Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. …Осы хәл (өлең жазумен әуестену – А.О.) 1886 жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. …Осы жылы Абай ауылында доктор Долгополов қонақ болды. Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сол күні «Жазды күні шілде болғанданы» жазған екен. …Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады».
Көріп отырсыздар, Көкбай Долгополов қонақ болған жылды «1886 жыл» деп бір жылға ілгерілетіп алған (осы қате Тұрағұл естелігінде қайталанған). Шындығында оқиға 1885 жылғы екенін ресми құжат бұлжытпай растайды.
Сөйтіп, Абай өлең жазуға «Жаз» өлеңіне дейін-ақ кіріскенін Мұхаң да, Көкбай да айтып отыр. Ал, Көкеңнің «осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады» дегені тау селіндей ақындық шабытқа Қарамола съезі түрткі деген болжамды нықтай түседі. Сол жолы Абай «сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын деді», – дейді Көкбай. Бұл, әрине, ақындық жолға құлай берілген адамның шешімі. Бірақ Абайдың ақындық қуанышы «Жаз» өлеңіне ме, әлде атақты «Қалың елім, қазағыма» өлеңіне қатысты ма? Ойласайық.
Әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалиев: «Қазақ халқын бөлмей-жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған өлең» (Абай энциклопедиясы. –Алматы, 1995. -320 бет) демекші, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» – Абай түн ұйқысын төрт бөліп жазған әр жолы толғақты, бағдарламалық шығарма. Ал, «Жаз» өлеңі шалқыған шабыттың бір көрінісі екені жаңағы естеліктен-ақ мәлім.
Мінеки, Абайдың «Қалың елім, қазағым» өлеңі Қарамола съезінің ізін суытпай жазылған дегенге айтпақ дәлелдеріміздің бір парасы осылар. Көзіміз жеткені – орыс досы Долгополовтың ауылға келуі мен Қарамола съезі аяқталуының арасы небәрі екі жұмадай ғана екен. Міне, әйгілі шығарманың осы аралықта туылғанына сеніміміз кәміл.
Күмән-күдік қалмауы үшін Абайға тән мына қасиеттерді еске алайық. Ұлы ақын Тәңірі берген өткір сезімнің иесі әрі бүркемелеудің асқан шебері. Тұрағұлдың әкем өлеңді өзі қатысқан, көрген, я болмаса қатты толғандырған оқиға ізімен шығарып отырды дегені имандай шындық.
Ол заманда барша жұрттың делебесін қоздыратын науқан – болыс сайлауы еді (соның бір көрінісі – болыстық сайлаудың әрбірі дерлік Абай шығармашылығында із қалдырып отырды). Ал сияз даңқы онан асып түсетін.
«Көжекбайға» деген өлеңінде ақын:
Орыс сияз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер,
Аз жүрегін жалғайды, –
десе, Күлембай болысқа арнаған өлеңінде:
Сияз бар десе жүрегім,
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап, –
дейді. Сияз – сайлаудың атасындай болғаны осыдан-ақ түсінікті.
Бір сөзбен айтқанда, Қарамола сиязы – қыр төсінің дүбірлі оқиғасы болды. Ол жасы 40-қа толған Абай зор ғалым болған, ақындық қуаты бойын кернеген шаққа тұспа-тұс келді.
Айтпақшы, үш жыл кейінде, 1888 жылы Жетісу мен Семей облысының бас қосқан шербешнай сиязда Абай тағы да екі облыстың билерінің үстінен қарайтын төбе би болған-ды. Онан да зор әсер алып, үлкен жауапкершілікті сезінгені сөзсіз. Оның жаңғырығы кәне десеңіз, келесі 1889 жылы 25 шамалы өлең жазылған. Алдыңғы екі жыл (87-88) еншісі он шақтыдай ғана өлең. Шербешнай сияздың әсері, серпілісі дегенді осыдан-ақ шамалай беріңіз. Сияз сол заманның ең ірі әлеуметтік оқиғасы болған соң, 1889 жылдың «Абайдың ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болуын» (Әуезов) онымен байланыстыра қарастырсақ несі айып. Бақсақ, «Сегіз аяқ» сынды халық туралы өлеңнің жазылуы, елдің кемшілік міндері үлкен ұстаздың тілімен сынап, тексерілуі әсте соның куәсі.
Осымен, Абай қалам ұстап, халық қамын ойлап іске араласуына түрткі оқиға – Қарамола съезі деген пайымға келтірмек дәлел-дәйектеріміз тәмәм. Олар Абайдың ақындық қызметіне атақты «Қалың елім, қазағым, қайран елім» өлеңінен кейін, тұп-тура 40 жасында құлай кіріскен деген тұғырлы тұжырым жасауға жеткілікті негіз бола алады деген ойдамын.
Абай жинақтарында «адасып» жүрген өлеңдер әлі де бар, бірақ тап аталған өлеңнің уақытын нақтылау екі есе маңызға ие. Өйткені, ол – Абайдың ақындық жолға шындап қадам басқанының куәсі, ғажайып әлемнің есігі есепті туынды.
Қазіргі таңда Абай жинақтарында 1885 жылға небары 3 өлең, ал 1886 жылға 22 өлең тиесілі. Айырма жер мен көктей. Тұрағұл естелігінде «1884 жылғы» деп көрсеткен жеті өлең және әйгілі «Қалың елім, қазағым» мен «Жаз» өлеңі, кемінде 9 туынды 1884-1885 жылдары дүниеге келгені сөзсіз.
Абай жинақтарын шығаруға ниеттенген азаматтардың құлағына алтын сырға – сөз етілген дәлсіздікті түзейтін уақыт жетті. Ұлы өмірдің бір жылы түгілі, бірер ай қателігі сан соқтырар олқылық екені талассыз ақиқат.
«Өрдегі Абай» деген тақырыбымызды қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың пікірімен сабақтайық: «Қазақ халқының басына қиын жағдай түскенде, тілінен, мәдениетінен, халықтығынан айрылып қалу қаупі төнгенде, қазақтар Абай арқылы өзін-өзі танып, халықтығын сақтай білді».
© Асан ОМАРОВ
[tp_carousel id=”711″ items=”3″ pagination=”true” navigation=”true” autoplay=”true” margin=”0px” post_type=”Post” post_category=”Абайтану” custom_category=”” content_style=”block”]