22-24 қараша аралығында ҚР журналистері академиясының академигі, «Айқын» және «Алаш айнасы» газеттерінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі тележурналист Серік Жанболат «Журналистика» мамандығының 1-4-курс студенттеріне шеберлік сағатын өткізді.
«Интернет журналистика», «Тележурналистика» тақырыптарында дәріс өткізген білікті маман мерзімді баспасөз, мақала жазу әдісі, теледидардағы деректі фильм, ақпараттық соғыс, БАҚ-тағы заң, сапалы газет шығару, т.б. тақырыптар төңірегінде ой өрбітті. Студенттер шеберлік сағатына белсене қатысып, өздерін қызықтырған көптеген сұрақтарға жауап алды.
Сондай-ақ, оқытушы А.Хибадуллинаның ЖУ-403 тобында өткен «Талдамалы жанр: Пікірталас» тақырыбындағы ашық сабағына қатысып, студенттердің пікірталасын «кәсіби қалыптасқан маман» ретінде бағалады.
«Бойларынан тапқырлық, ойларынан өткірлік байқадым. Араларынан болашақ әріптестерімді көріп отырмын», – дейді Серік Мейрамбекұлы. Кездесу соңында сазгер гитарамен бірнеше ән шырқады. Студенттер де өз кезегінде сыйлы қонаққа алғыстарын білдірді.
М.Ыбырайқызы