Бейсенбі, Қазан 12, 2017
Негізгі > Азаттықтың өшпес рухы > Қалың жаудың Оспанға шабуылы-11

Қалың жаудың Оспанға шабуылы-11

(Жалғасы.басы мына айдарда- Азаттықтың өшпес рухы)

300 адаммен Нұрдан батырды  Оспан Арғылтай қарауылына жіберген екен. Мен сол күні түнде семьяма барып қонған едім. Түн ортасында “жау келді” деген суық хабар дүңк ете түсті. Оспан тобының жазыққа түсуін ұзақ күтіп сарғайып отырған қаһарлы жаудың күштісі мен тістісі, кәрлі мен зәрлі қазақтарға неше жүз жылдан бері істетіп келген әккі жау Оспанды бірақ жайпап күлін көкке ұшырып жіберетін болып келген екен. Әккі жау он мың түйеге артқан азық-түлік, оқ, дәрімен қазақтарды зеңбіректің жеміне айналдырмақ болып келген екен. Біздің жіберген үш жүз адамымызды басып жаншыған қытай өз өлігін өзі басып-жаншып, долданып үрейді алып Сібірден аяусыз соққан муссон дауылындай келіп жетті. Жау Қарабұлғындағы Оспан тобын солтүстікте Алтайға, оңтүстікте Жұнғар құмына, батыста Үлінгір көліне, шығыста Арманты тауына жеткізбей жайпап тастау бұйрығын алып келіпті. “Қытайлар қазақтардың жілік майымен мылтығымызды майлаймыз деп бандит Шың Сысайға уәде беріп серт етіпті”, деген суық хабарлар сумаңдап ел ішін аралап кейбір жүйкесі әлсіз адамдарды не өзін өлтіруге, не қашуға әкеп соқтырды.

Жаудың мыңдаған зеңбіректері Өндірқарадан Сартерекке, батыста Қанды Бейітке дейін жер сілкіндіріп атылып жатты. Көкте айғай, жерде айғай қазақ қоралары мен қазақ үйлерінің барлығы өртене бастады. Орман тоғайлар өртеніп жатты. (81)

Күн күркіреп, жер сілкініп, аспаннан нажағай түскендей біреуді біреу білмейтін, балалар бесігімен өртке кетіп жатқан, жан түршігерлік сұрапыл ажал бір сағат ішінде қазақтың басына төніп кетті. Жау бізді, біз жауды әбден түсінетін болғанбыз. Тәуекел атына міндік. Көкте айғай – жерде айғай.

Жер-жерде керіштерге “Жәнібек” деп ұран салғызып бүкіл халыққа жауға тізе бүкпеуді ұқтырдық. Құтты Сұлубай:

Аспанда айырплан бытырлаған,

Қайласы бұл қытайдың артылмаған.

Біз қазақ малды баққан момын едік,

Соғысты бұрын көріп жатылмаған-

деп айтқандай бұл күндерде Шың Сысай бандиттерінің бірнеше реткі шайқастарын бастан кешіріп жаудың сегіз мыңнан астам қарулы әскерін өлтірдік. Сөйтіп дұшпанды өлтіруді де әбден үйреніп алғанбыз.

Жер қайысқан қалың жау Қалшағайдан келіп түсті. Жау ашумен келіп зеңбірек атқанда Молқы Жасанбай елдерін жайпап жіберді. Неше жүздеген қатын-бала, мал-жанымен өртке кетті. Алдынан шығып соғысқан Кәмел батыр қарауыл жаудың көптігінен төзіп тұра алмай төрт адам оққа ұшып, төрт адам жаралы болды. Жау өлгеніне қарамады. Жау біздің әскерлерді басып жаншып қырып отырып Қарабұлғынға келіп түсті. Біз Қарабұлғын Дүре керішіндегі қысаңнан келіп елу неше пулеметпен жауды күтіп алдық. Осы бір қарауылда төрт күн қанды қырғын жүргізілді. Бесінші күні жау көптігімен бізді біртұтас қоршап алды. Түнімен қанды қырғын болды. Қытайдың бір қарауылын атып тұрған пулеметін Кәмел батыр тартып алып өз пулеметімен олардың өзін қырды. Ер Сұлубай бір қарауылды (82) төрт-ақ адаммен ұстап тұрды. Бір қарауылды Оспан екі-ақ адаммен ұстап тұрды.

Осы төрт күнгі сұрапыл соғыста қырылған мыңдаған қытай өліктерінен атпен жүре алмадық. Жаудың қоршауын бұзу үшін жүздей елу атар пулеметті аттың үстіне, атап айтқанда ердің артына бүктеріншек жасап құрып алдық. Жүздей пулеметті бірақ қойып жаудың қоршауын жарып шықтық. Дүренің ақ керішіндегі үлкен қарауылды да тартып алып, жауды өзен бойына айдап түстік. Алтай жақтағы ақ керішті алып сұрапыл соғыс жүргіздік. Жау көптігіне сүйеніп тағы да сыртымызды орамақшы болды. Бөлініп шыққан бір батальон жау армиясын қайтадан қуып өзенге әкеліп тықтық. 120 адам оққа ұшып тақырда сүйегі қалды. Жау ойысып Шаштың қыстауы, Тұғылдардың қыстауы, Көктем мектебі сияқты жерлерге түсті. Жаудың бес күннің алдындағы жер сілкіндіріп келген айғайы енді ойбайға ауыса бастады. Сол түнде соғыс тоқтады. Жау қуатты, әрі көп, әлі де басым жағдайда тұрды. Дегенмен 600 адамдық күшпен он мың адамдық жаудың қарулы күштерін қиратып тұмсығын қайтардық.

Біз жаудан айырған ел Бітеу мен Деңге қарай көшті. Оспан түн ішінде Деңдегі елден әскер жинап әкелуге жүріп кетті. Оспан кетпес бұрын мені шақырып алып

– 300 адамды ал, Қапасты ертіп Мойылтыдан түс. Жау қайда барар екен? – деді.

Мен таң ата жүріп кеттім. Біз сол күні Мойылтыға келіп түнедік. Ел үркіп кеткен. Айнала иең қалған малдар, бомбадан өртенген қоралар, күйіп кеткен адамдар мен малдарға лық толы екен. Әлі күйіп жатқан қазақ қораларын көрдік. Қыстауда қалған отынды жағып иеңде тірі қалған малдардан мал әкеліп сойып жедік. Әскер таяуда екен. Таң ата әскерлер музыка шалды. Мен әскерлерге оқ теңсеп бердім. Әскерлер аттанып Дүренің құм жағында керішке қарай беттеп сеп жайып біздің сол маңдағы әскерлерімізге қарай шабуыл жасады. (83) Алтай жағына қарап бір бөлім жау әскерлері айналып сырттан келіп соғу үшін өздері күткен жерден барып қарауыл алды. Қапас Алтай жақты ораған жаудың алдын тосты. Дүренің құм жағын алған жаудың сыртқы жағынан барып мен де қарауыл алдым.

Жау басым. Біздің санымыз аз болса да, қарауылды біз бұрын алып қойдық. Жау бізді біліп алды да, бізге қарай ойыса жүрді. Жау тұрмаға таяғанда екі жүз елу атар пулеметті қойып жібердік. Жауда өлгеніне қарамай оғы таусылса арт жағынан оқ жеткізіп атып жатты. Бір бөлім жау сыртымызды орады. Шыбарайғыр Қапас пен Сұлубай аз адаммен ол жаудың алдын алды. Жаудың тұмсығын қайтарды. Көп қырылғаннан кейін жау қайтадан шегініп өзенге түсіп кетті. Сұлубай қолынан жараланып артқы шепке кетті. Қапас менің жаныма қайтып келді. Біз қыян-кескі соғыс жүргіздік. Жау басып-жаншып кеткендіктен біз де шегінуге мәжбүр болдық. Қапас батыр ауыр жаралы болып, оны Кәбіл артқы шепке алып кетті. Мен де шегінгелі тұрғанда, Оспан 300 адаммен келіп қалды. Тағы да күш алып соғыс жүргіздік. Жау көптігінен екі қабат болып ту сыртымыздан орап кетті. Түске дейін шыдадық. Оның үстіне Оспан жаралы болды. Оны да қайтардық. 300 адаммен қалдым. Дүрбі салсам Тіркешұлы Қапас батыр да шегініп соғысып барады екен. Оспан:

– Жау өте басым болып барады. Жер қолайлы емес. Мен дайындық көрейін, елдің бір бөлігі бағынып кеткісі келіп тұр. Сен шыдап соғысып тұр, – деп бұйрық жіберіпті.

Бесінге дейін табан тіреп соғыстым. Өлгені, жараланғаны, кеткені болып 300 адамнан 70-тей адам қалдық. Төбеге дүрбі салып байқасам, жау жағындағы қарауыл төбеден әскерлер домалап бізді алу үшін сайдың аяғына түсіп жатыр екен. Ол жауды атып түгесуге де, тоқтатуға да болмады. Сондықтан әскерлерге “шегін” деп бұйрық бердім. Менің жолдастарым азырақ атыс беріп жаудың алдын ұстап (84) шегініп бара жатқанда Зарыққанға оқ тиді. Оны Жолдыбайға алып кетуге тапсырдым. Жолдыбай оны өнгеріп алып кетті. Мен тұрған қарауылды алуға он адам оң жағымнан өрлей келеді екен. Екеуін атып жібердім. Қалған сегізі қашып кетті. Жанымда бауырым Кәбіл қалған еді. Сол екі әскердің мылтығын алдым. Қашып арғы сапқа келдім. Жау көп қырылды. Бірі өлсе, екіншісі орнын басқандықтан жау қаруын ала алмадық. Түнделетіп ауылға келдім.

– Оспан елі бағынатын болды. Әбдірахман, Әділхан, Тиянақ қатарлы ел адамдары ертең әскердің алдынан шығып бағынып қалсын. Әскерлерге “құйыршық қашып кетті” деп барлық мәселені бізге аударып қойыңдар, – дедім.

Ел ішінен хабар беріп тұратын адамдар белгіледім. Оспанның қолы жаралы. Жүздей семьяны алып түнде қашып шықтық. Қарақастан 30 неше адам, Қыстаубайдан 40 неше адаммен Манат шықты. Сұлубай, Зарлыхан, Шыбарайғыр Қапас 40 неше адам, барлығы жүздей семья, 350-ден артық соғысатын әскери азаматтар сайланып қашып шықтық.

Түнде-ақ төбені басып Шайтан қабаққа келдік. Ол жерде алды-артымызды түгендеп алға жол бастайтын қарауыл, артқа қорғаныс жасайтын қарауыл шығардық. Одан жүріп Сарқазанға келіп, жыраның басымен Қамыстыны басып Қарамайлының жіңішке құмына келдік. Онда екі күн демалдық. Одан көшіп Армантыны басып Бұлғынға кетпекпіз. Жіңішке құмнан көшіп Тұрманы кесіп өтіп Қасқыр соққанымен Ебі Қызылды басып түнде Арманты кенересінен өтіп Арманты Шақайды Бастауды басып жол тосқан жау әскерлерін кесіп өттік те Күміс құйғанына келіп түстік. Бұл жерден демалып Бұлғын бойын өрлеп Моншық Қызылга барсақ, ол жерде орналасқан Әсен елін (300 семья еді) жау шауып кетіпті. Ол елден тіл ала алмадық.

Ол күні Жарынтыдан Қалқа шекарасына таяп барып қондық. (85) 1943 жылы қарашада құрбан айт болған еді. Біз сол Жарынтыда құрбан айт намазын оқып құрбан шалдық. Сол жерде Қалқадан хабар келді.

– Әсеннің бір бөлім елін жау айдап кетіпті. Рамазан Шалапұлы, Нұрпейіс Батыр шәйіт болыпты. Құл Молқыдан Жылқыайдар, Токтобай, Жұқай қатарлы жүз неше адам  қашып келді, – деді.

Жаудың екі айырпланы келіп Әсен елдерін бомбалағандықтан малдары көбірек шығын болды деген хабарды естідік. Біз айтты өткізіп алып шекарадан өтіп Бұлғын жазығына барып орналастық. Мен сол жылы Мапқан тастың түбін қыстадым.

 

Бұлғында құрылған ақ үй соғыс комитеті

Біз енді бір жаңа дәуірдің есігін аштық. Бізден бұрын бұл жерде “Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитеті” атты мекеме әлдеқашан құрылып болыпты.[1] Профессор Қасен деген кісі Қазақстандық (Кенесарының төртінші немересі екен) сол Ақ Үй Соғыс Комитетінің бастығы екен. Төрт жылдың алдында қырқысқан жаумен тағдыр бүгін бізді достастырып қойды. Соңғы күндердің кімнің бағы, кімнің соры екенін білмейміз. Тарихты еске алсақ, біздің сорымыз болар деп межеледік. Өйткені сонау 1932 жылы Коминтерн “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жариялап Қожаниязға төрт мың мылтық, 12 кәдір әкеліп берген еді. Орыстар сол қозғалыстың артын қалай тоздырған еді? Бүкіл Шығыс Түркістанның жер байлығы мен шикізатын орыстар жалмап жұтып жатқан еді. Орыстар қазір Шың Сысай бандиттерінен айрылды. Енді Шың Сысайға бізді салып айтпақшы болып отыр. Бізді сендіру үшін “Шығыс Түркістан сыртқы Монғолия сияқты мемлекет болып кетеді”, дейді.[2] 1942 жылы 20 қараша күнгі жарнамасы мен 1943 жылы 6 қаңтар күнгі сырттан жар салған тоқтамды көрсетіп жүріп бізді сендірді. (86) Біз өз басымызға төнген ауыр жағдайдан құтылу үшін:

– Ресей-Монғолия тағы сол секілді елдердің көмегін алып көрелік. Оның соңғы нәтижесін қазақтар өзі көзімізбен көргеніміз жөн ғой. Тәуекел, – деп бекіндік.

Сөйтіп өз ішімізде пікір бірлігін сақтап қалдық. “Ақ Үй Соғыс Комитеті” жақсы тынығуды көбірек айтты.

– Елге қай мезгілдерде барасыздар? Қытайға қашан шабуыл жасайсыздар? – деп қояды.

– Оның бәрін сіздер белгілеп беріңіздер. Біз тоқтам бар, жарнама бар деп сіздерге келдік. Ал біздің осы тәуелсіздікті қалай қолға келтіру керек? Бұның саяси басшылығы сіздерден болсын. Әскери міндет өтеу бізден болсын, – дедік.

Ақ Үй Соғыс Комитеті:

– Біз істейтін жұмыс көп. Бірақ, сіздер үкімет құрып алып бізге беріңіздер. Біз оны жоғарғы үкімет басшыларына жіберіп бекіткеннен кейін сол үкіметтеріңіз бізбен халықаралық байланыста іс істейтін болады. Үкімет пен арадағы жұмыстар сонда істеледі, – деді.

Біздің үкімет құрылымы жөніндегі ұсыныстарымыз:

1-    Біз Шығыс Түркістан ең жоғарғы өкімет бастығы Оспан деп белгіледік. Үкімет Зұңлыйы Сүлеймен Бектұр, Шығыс Түркістан әскерлерінін ең жогарғы қолбасшысы Сұлубай, Шығыс Түркістан әскери сот бастығы Көксеген Би делінді.

2-    Төрт соғыс генералы деп Қапас батыр, Келес батыр, Нұрғожай батыр, Манат батырды белгілеп бердік. Осы төрт генералға әкімшілік істерін жүргізіп отыратын кеңсе бастықтарына Қидар, Мұқай, Жақсыбай, Әбшат белгіленді.

3-    Қоғам қауіпсіздік басқармасының бастықтары Кәріп зәңгі, Әсен үкірдай, Тескенбай, Ақбай қатарлы төрт адам сайланды.

4-    Ел бастықтарына Тіркеш, Әбдірасұл, Сақсайбай белгіленді. (87)


[1] Монғолияның Оспан батыр бастаған көтерілісшілермен ынтымақ жасау үшін бұрыннан дайындалғаны байқалып отыр. Бірақ Сүгірбаев бұл ынтымақтастықтың көтерілісшілер тарапынан бастатылғанын алға тартады. Ол сонымен қатар “Халықтың Шың Сысай Өкіметіне Қарсы Ұйымы” мен “Алтай Қазақтарының Көркейю Комитеті” атында басшылық ұйтқы ұйымдастырылғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-49-бет.

[2] Маршал Чойбалсан 1944 жылы Оспан батырмен болған кездесуде “Сіздердің әділетті күрестеріңіз табыспен аяқталатын болса, Қазақ елі де біздің тәуелсіз республикамыздай бола алады”, дейді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 92-бет.

Жалғасы бар – АЗАТТЫҚТЫҢ ӨШПЕС РУХЫ

Нұрғожай батырдың Естеліктері және Оспан батыр

 Баспага дайындап ғылыми түсініктемесін жазған:  Әбдіуақап Қара

Қара Әбдіуақап 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988- 1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Европа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді.

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару