Жексенбі, Қазан 29, 2017
Негізгі > Поэзия > ӘР ЛҮПІЛІ ДІЛІМНІҢ – МӘҢГІЛІК МҰҢ ТАРИХЫ 

ӘР ЛҮПІЛІ ДІЛІМНІҢ – МӘҢГІЛІК МҰҢ ТАРИХЫ 

20166666

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ақынның әр жылдарда жарияланған өлеңдерінен ықшамдалған топтама ұсынамыз.

 Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды…

Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам матырдым.

Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп бәтуә,

Қаламымның ұшында ауылымның оты бар.

 

Самайымның тұсынан аққан күнді санадым.

Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату.

Азап болса, әрдайым, мен сен үшін тартайын!…

Бүршік шашып тау жақта, бал ашуда март айы.

 

Әр лүпілі ділімнің – мәңгілік мұң тарихы.

Сен ғанасың еститін,

Көре алатын!

Танитын!

Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн…

…елесіңнің ернінен қақ жарылар қара ұйқым!

 

Қақ жарылып қара ұйқым, ақтарылып ақ Өлең,

Санамдағы сәскенің сәулесіне бөленем.

Сәулесіне бөленем санамдағы сәскенің.

Сені сүю – азадан ада әлемге көшкенім!

 

Сені сүю – қуатты қорқынышым, көз ілген.

Дәл көзінің алдынан, бірге өтемін өзіңмен.

Мендің нәзік сезімге қанаты ыстық тіл басып,

жымиюың – маған мың әулиемен ымдасу!

Сенсіз қалсам, дүрлікпе пендешілік тірлікке…

сыймас,   іште құдайы күбірлеген – бұл басым.

 

***

Маған орман секілді көңіл қалың,

Сол орманнан жол таппай аңырғалы

Хат жазуды қойып ең, сағынғаным,

Міне, міне телефон шалып тұрсың!

(Көкейіңде нендейлік қалып тұр зіл?)

Парық – тылсым…

Даусың талықтырсын,

Айта берші, қайдасың?… ал ұқтыршы?

Біздің хал ма?… әзірше қол да босап,

Өзің қалай… Күн жылы?… ол – тамаша!

Сен де менен бір хабар тосқансың–ау,

Мендік сезім сөйлейді, алдамаса.

Денсаулық па?

Кей–кейде жан ауырып…

Ал, былайша – қайнаулы самауырын…

Семей қалай?… Солай де… Ертіс аман,

Бізді қойшы, баяғы Қарауылың.

Көкіректе – күй–дала, өлең – көше…

Хат болар деп тосқан ем сенен кеше.

Бәрі жақсы дейсің бе, дұрыс, дұрыс,…

Келем деген сөзіңді бер, ендеше.

Күлкі менен күдік те жүре ме бір,

(өмірбақи көңілде түнемегір!)

Қызғылт үміт ішінде – көкшіл арман,

Көкшіл арман ішінде – күрең өмір!…

Қалай? қалай… ағаң ба?… жұмысында.

Дейді бізге, «тезірек ұғысыңдар».

алло–ау,

Алла–ау, жауап бер, жалындырма,

Жаным менің тұр қазір сым ұшында!…

 

***

Хат жазбайсың, міне енді, сен де мүлде,

Оңай шығар өзіңе пендемін деу…

Екеуміздің арамыз өте қашық –

– мың сағыныш, мың күдік, ең кемінде!…

Әдемі бір әлем ең, маған арман,

Арманшылды алдымен табалар маң.

Жинасам да жаз бойы хаттарыңды,

Жыртық көңіл онымен жамалар ма?…

Түгендетіп еріксіз жоқ-барымды,

Білем, енді, осымен тоқтарыңды.

Көзге күйік болмасын, түсінерсің,

Түнге ағызып жіберем хаттарыңды.

 

***

Алдап әлі келе ме көлгір өмір,

Айтып берсең қайтеді-ау сен бір емін!

Космосқа көзелген көкірекпен,

көздеріңе өлгенше телміремін.

Көкейімде көктеген бүртікті ұғым

өлімді де ойлатпас құлдық түгіл.

Кірпіктеріңе дейін отыр санап

жабайылау, жарместеу ынтықтығым.

Мүмкін, қазір қол қысып, арқа мұздап,

Санадағы сабырды сарқамыз да,

Түйсік өшіп заматта, тіл күрмеліп,

айқай салар Үнсіздік ортамызда!…

Тамырымда бұрқанған – бүлік дер ем,

Табиғатын танитын құлық – керең!

Жазмышымның жазуын

Жалғыздығым

жазып әлден қойды ма?…

күдіктенем.

Маған, жаным, сендегі күлкі – несіп,

Қулығыңды білдірмей, іркілесің…

(Сұқтанғанын біреудің білген сайын

Сұлуланып кететін Сиқыр – осы!)

Бұл Сиқырға тиіспеуге тиіс пенде,

Бүркенбесін сөзбен де, сүйіспен де.

Бір қызғаныш сорады жүрегімді,

Күдігім мен үмітім түйіскенде.

Не десең де, бұл сезім тарқамады.

Құпиясын ашуға… қорқа ма тіл?…

Күдігімнің қап-қара күйігіне

жанарыңнан жап-жарық жан тамады!

 

***

Шексіздіктен сен де бірде оралдың,

Шексіздіктен мен де бірде оралдым…

Жанарына құйып алып ғаламды,

Біздің ортақ Тағдырымыз жаралды!

 

Ышқындырып уақыттың сартабы,

Іздегенде жан мен тәнге ортақ үн,

Биіктік боп көріндің ғой, ардағым,

Тереңдік боп, мен өзіңді тартамын!

 

Мәңгіліктің тынысы едің сен-дағы,

Мәңгіліктің тынысы едім мен-дағы.

Миымызда шыңғырыс бар, аңдағын,

және… жылы жымиыс бар, қандағы…

 

Жазмыш бізге ортақ Тағдыр жазғасын,

Шаттығымыздың нұры ойнаған көз жасын

Сақтауы үшін, маған сенген әз басың,

Сақтауы үшін, саған сенген өз басым,

 

Жылынамыз бірімізге біріміз,

Сыйынамыз бірімізге біріміз!

Алла Тағала, сіз де өзіңіз біліңіз…

Еш құдаймен бөліспейміз мұны біз!

 

 

НОСТАЛЬГИЯ?

Баяғыда. Көктем. Жаңбыр. Қолшатыр…

Әй, шіркін-ай, қанша тамшы – қанша тіл!..
Моншақ төгіп бұлаң-бұлаң бұрымы,
Қарсы алдымнан шыға келген алша-түр!

Ол да аңырып… қолшатырлы жат ұлды…
Тыңдай қалдық Аспандағы шатырды.
Менде Сөз бар, аңқып ұшар ауыздан!
Қызда – омырау әтірлі!

Есімде жоқ, бір сезімнен маспын ба?!..
Әлде, екеуміз ұқсадық па қашқынға?
Тілсіз ғана тілдесе сап,
Бағдарсыз
Жүгірген ек бір қолшатыр астында!

Соның өзі заңдылық па, тосын ба?..
Жарқ-жұрқ етіп өте шыққан жасын ба?!..
Баяғыда-а…
Көктем. Жаңбыр. Қолшатыр.
Келе жатырмын жан жарымның қасында…

***

Айбарлы адам – сол еді – ақылды адам.
Бет-жүзі де сұрапыл лапылдаған.
Қара нөпір еңіреп жаутаңкөздер,
Пысықайлар саудаға ауған кезде,
Пайда болып бойында сұмайылық,
Кетті бірге алаяқтармен, құдай ұрып.
Ұятының қалшылдап жанды қылы,
Содан бастап құлқынның болды құлы.

Саясаттың қан-жыны буған елде,
Жұлын-жүйке қозданып сумаңөрме,
Уағында, түлендік түртініс көп,
Шықты іңірге, құлқынның құртын іздеп…

Қайда барды, белгісіз.
Бір заматта,
Азулары ажал семсеріндей қайралған,
Көздері жасын ойнатқан
Кіл көкжалдар қоршауында тұр екен.
Зәресі ұшып, жаны алқымға келгенде,
Қорқауша ұлып қоя берген бейшара…

Есін жиып аңдаса,
Көкжалдар жоқ. Зым-зия.
Жердің зарын сезінуден мақұрым,
Елдің зарын ұғынудан мақұрым
О сорлы-ай!..
Тірі қалды бір жолға.
Ал, көкжалдар –
кезінде өзін тастап шыққан Көкжал-Ойлары еді өзінің.

***

Боз Даладан – не қайыр – Астанадан?
Масқара түн – ақшалы – масқара таң.
Көкәләйім, кеше гөр,
Келді өзіңе
Саясат пен саудадан қашқан Атаң.

Әулиедей түр де енді – жай ғана түр.
Ауыздағы тіл де енді – қаймана тіл.
Ақылының тағында әр адамның
Сайтан атты сатқынкер жойман отыр.

Ұятты да үн-түнсіз жалмады Ақыл.
Санадағы әр Ой да – сарнакәпір.
Жерді сатты, Сайтекең, шерді сатты.
Сатылмаған ештеңе қалмады ақыр.

Алыссақ та Сайтанмен ұдайы біз,
Аңқылдақ ұл – саудада – мінәйім қыз.
Бәрімізді Заңымыз жатқа сатып,
Құлға айналды іштегі Құдайымыз.

Тарта қалса зар-билік жазаға Ерін,
Көр де таппас түсерге мазақ өлім.
Көкәләйім, сен ғана қалдың маған –
былдыр-былдыр титімдей қазақ елім!…

 

СЕМЕЙ. ШАҺКЕРІМ ДАҢҒЫЛЫ – 86-87

Жұмыс бөлмемде – домбырам.
Бақсылансам, – даңғырам.
Шайтантиегі – Ұмайтеректен.
Ата Тегі – Байтеректен.
Еріккенімде, сөйлемей қоятын жыны бар.
Пернелерінде – Бақ Құсының үні бар.
Ішегін Сексек Ата ызып берген.
Қуанышым мен қайғымда ғана қызып берген…

Жұмыс бөлмемде, сондай-ақ,
Шүңкілдеседі қағаз бен қалам, тағы да басқа ағайын.
Терезе алдында – титімдей ерке тоғайым.
Қабырғада – немерелерімнің суреттері, жүрегімнен нұр сіңген.
Мыңдаған қария-кітаптар, күрсінген…
Бағзы заманадағы Түз Демі…
Әлем айнасы… ол – менің үстелім.
Содан көремін шөп шыққанын қай жерге.
Қай жерге жасын түскенін…

Жатын бөлмемде ұйықтап кетіп перғауындық пішінде,
Құдаймен де тілдесемін түсімде.
Сондай данамын мен, әрі түк білмейтін баламын.
Үйімнің бір қуысында пендеше күңсіп те аламын.
Бір қуысында күнәдан да жуынып-шайынам, өлімдей.
Төр бөлмемде Қыдыр отырады көрінбей.
Ол кеңістік – өзімізге де құт, елге де.
Ыңылайды ылғи көк шәугім, жан Жарым жүрген бөлмеде.
Кеселер күледі сыңқылдап…
Ал, мендік маңдайдан шалқиды ғұмыр-Жан.
Таңдайда балқиды ғұмыр-дәм.
Сылдырап уақыт ағады құбырдан…

О Жарық Дүние, осылай ғана тұрсаң – құп.
Көкірегімде Өлең көшіп жүр, Қазағымның иісі аңқып!

***

Жүрегімде дір қаққан – күнә қылы.
Қайтейін-ай, мұң екеш мұң – ақылы.
Бұл Атаңды, Айбөш-ау, білмейсің ғой –
Қазағыңның шерленген бір Ақыны.

… кек қамшысын қайралған тіспен өрдім.
Тіспен өріп, қайтейін, ішпен өлдім.
Атамекен-Жері мен Ата Тілі,
Оңғаны жоқ, саудаға түскен Елдің.

Ие болған тәңірлік өкілетке
Аталы Сөз кетті өліп көкіректе.
Мөрлімаңдай сарбаздар қасақана
Шақырады шайтани текірекке.

Не көрмеді Атаңның мына Басы,
Қазір – Көктем… гүлдеп тұр Күнә Ағашы.
Ойй,.. Айбөш-ау, не болды?…
Бұл – өзіңмен
Ойнағанда… ертек қой… жыламашы!…

 

АЯЛДАМАДА

Сен және мен, – аялдамада тұрмыз екеуміз.
Жарық сәуле жұтып Жалғаннан.
Бір аяғыңның кемтарлығын бірден аңғарғам.
Күйік шалған жүзіңді және байқағам, салғаннан.

Не болды екен саған, қыз бала?
Аялдамада – біз ғана.
Көше бойы – арқырайды кілең көктемір.
Алая Аспанға қарайды, ғимараттары құж Қала.

Дәтінің дуы дулығалы замандар үнімен сарындас,
мен бір бейтаныс ағаңмын ғой, лапылдаған жалын-Бас.
Жарымжандығыңды жаутаң көзіңмен жасырып,
азаптануың-ай, қарындас…

Безбүйрек тасбет Қала, жезүнді,
аяусыз жаныштай бере ме сендегі төзімді?!..
Ыңғайсыздана жөткірінгеніңнен төменшіктенгенің тіптен сезілді.
Көз жасым көкірек іші езілді…

Өзге жаққа оқталып қызылкөз шылымым,
өзіңді жотаммен де көре алуымның сыры – мың.
Қарашы, әне, қандай әдемі бұрымың!..
Айналадағы сұқ көздер мен сумаң сөздерден қорғансыз,
тап-таза, бейкүнә, тірі Мұң –
ішкі Нұрыңды
сүйіп тұрмын ғой мен, құлыным…

***

Ей, адамдар, ей, надандар заркүнем,
Жылқының көзіне үңіліңдерші,
Шошып кетерсіңдер ғаламат қайғы өртінен.
Біз оның құсқанатты азаттығын қос бүйірден үзеңгімен тепкілеп,
Желқанатты еркіндігін дырау-қамшымызбен қанжоса етіппіз үнемі.
Ол – малай екен, болат ауыздықты қарш-қарш шайнап кектенген.
Неге ойламаймыз обалы мен наласын?
Қожа мен малай ешқашан таппас жарасым.

Қожа мен малай…
Қақ айырылардай қарамыз.
Жартылайадам-жартылайхайуан Санамыз,
Ол да – сондай, сорлап қалған Кентавр.
Сөйте жүріп,
Мына Хайуан-Дүниеге де бас білдірмек боламыз.

Ей, адамдар, ей, надандар заркүнем,
Тірліктерің – шер кілең.
Хайуандықпен хайуанша арпалыса бергенше өлердей,
Жарасым құпиясын үйренсеңдерші,
Қияндағы тарпаңдар да сендерге өз еркімен кісінеп келердей…

 

“ҚОСАҒЫҢМЕН ҚОСА АҒАР!”

Жас жұбайларға берілер бата.

Бірде,
Бір тылсым кеңістікте,
Құдай жаратқан Періште мен Сайтан кездесті.
Әрине,
Ойы да, бойы да ерен жұпар Періштеге
Ғашық болмау мүмкін емес-ті.
– Құлым болсаң, саған тием! – деп, жалынды оған Сайтан-Қыз.
Сайтан-Қыз тозақ сасыйтын.
Періште оған көнбеді.
Алдады – алданбады.
Алтын берді – алмады.
Қорқытты – қорықпады.
Жанжалға шақырды – шықпады.
Бірақ, Ойы да, бойы да жұпар Періштеге
Ғашық болмау мүмкін емес-ті.
Ақыры, Сайтанның амалы қалмады.
Періштеге еліктей-еліктей,
Өзі де Періштеге айналды.
Екеуі солай жұпарлана отасты.
Жартылайеркектік-жартылайұрғашылық
Ғаламат ортақ Әлем жасады.
Ол – ең құдіретті Күн еді.
Шексіз Ғарыш – соның Жұпар Нұрынан.
Біздің ғарыштық Күніміз де –
жартылайеркектік-жартылайұрғашылық Періштелер ғаламы.
Біз сол ғаламның жұпар нұрынан жаралдық.
Соған қайта ораламыз.
Ең құдіретті Күнге де көшеміз.

Қызығы,
Әуелде,
Маған да бір Қыз “Құлым боласың!” – деп шарт қойған.
Өзіме еліктей-еліктей, жар болды.
Біздің де ортақ Шаңырағымыз бар, күннұрлы.
Жартылайеркектік-жартылайұрғашылық тұрмысымыз – тамаша.

Ей, адамдар,
Еркек бол, мейлі, ұрғашы,
Кез келгеніңнің санаңда Періште мен Сайтан бар.
Ақыл-Естерің жұмақ аңқысын десеңдер,
Сайтандарыңа ие болыңдар!..
Ие бола алмасаңдар, өмірлерің айналар тозаққа!
Ал, “Аспаннан түскен Кітаптар” оттамасын!…

Осылай дейді Періштем.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,

Семей қаласы.

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару