Сенбі, Қазан 28, 2017

АТАМ

Жетпістің жеті белесін бағындырған атам «Жолдауды» оқып отыр. Қоярда-қоймай отырып принтерден үлкен әріппен шығартып алған. Тапжылар емес. «Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда, осы кісінің «Жолдау» не жөні екен?» – деген сайтан ой санамда сумаң ете қалды. Сосын барып осы «Жолдауды» да жолдап отырған адам, мына кісінің түйдей құрдасы екен-ау! – деп, алғашқы пиғылымнан айныдым.

– Қап, әттеген-ай! – деді атам, сол жақ қолымен санын салып қалып.
– О не, ата?
– Нұрекең сәл сабыр қылғанда ғой.
Елең ете қалдым:
– Е, не, болар еді?
– Ертең сәрсенбінің сәтінде шыққанда жөн болар еді-ау, деймін да…
– Ой, ата-ай! Современный шалдар сіздің «сәттілік, шарттылық» дегеніңізге пысқырмайды да, – дедім.
– Е, неғып? – деді атам. Даусы ащы шықты. Мен қоя қойдым. Қитығына тидім білем. Құрдасына шаң жуытпай отыратын қашанғы әдеті. Істің арты насырға шаппай тұрғанда деп, ақырын ғана ас үйге қарай жылыстадым.

Апам терлеп-тепшіп шай ішіп отыр. Ешнәрсемен шаруасы жоқ, бейсаяси адам ғой. Бұл кісіге зейнетақысы уақытымен беріліп, сериалдары мезгілімен көрсетіліп тұрса болды. Үкіметтен де, парламенттен де одан өзге ешнәрсе талап етпейді. «Қайтсін, бізсіз де шаруалары шаш етектен ғой байғұстардың» деп бір мүсіркейді де қояды.

Бірақ кеше 21.00-де Елбасы арнайы Мәлімдеме жасайды деп естігенде:

– Жарықтық, жеті түнде не көрінді екен? Жатпай ма екен үйінде демалып, – деп қалғаны бар. Онысы сол уақытқа дәл келетін сериалы көрсетілмей қалады-ау деген қауіпі еді ғой.

“…Кремльдегі Сталиннің жұмыс бөлмесінің шамы түні бойы жанып тұратын болған. «Күн көсем әлі жұмыс үстінде!». Бұған қарапайым халық «Біздің қамымызды ойлап ұйықтамай отыр» – деп әрі қуанып, әрі қобалжиды екен. Ал бұл уақытта «күн көсем» Кунцеводағы саяжайында демалып жататын”, – дегенді бір жерден көзім шалып қалғаны бар еді. Сол есіме түсіп, еріксіз мырс еттім. Елбасы да хабарды алдын ала жаздырып қойып кешкісін ел орынға отырған кезде көрсетуі әбден мүмкін ғой?..

Елбасының шығатынын естіп алған шалы қойсын ба?

– Бәйбіше, тамағыңды жылдамдат. Ерте ішіп ала қояйық. Үлгермей қаламыз, – деп әбден дегбірін алған.

Кешкі астың кезінде:

– Апыр-ау, Нұрекең өткенде ғана сөйлеп еді ғой. Апта өтпей жатып… Не болып қалды екен, тағы? Парламентті таратып жібере ме екен? Әлде үкіметті қайтадан сайлар ма екен? – деп бар уәйімі сол болды.

Он минут бұрын теледидардың алдына жайғасқан атам, уақытты өткізе алмай әлек.

– Қай арнадан көрсететін еді?
– Білмеймін, «Хабардан» болар.
– «Қазақстаннан» көрсететін шығар? Өткенде осындағы түнгі хабарға қатысты ғой.
– Ол кісі қай арнадан көрінемін десе де қолында тұр ғой.
– Дегенмен…

Атам білгендей екен. «Қазақстаннан» көрсетті. Тым-тырыс отырып тыңдадық. Атам тіпті аузына еніп кетердей болып, емініп алыпты. Рахат бір кейіпте отыр. Өкінішке орай атамның «кайфы» ұзаққа созылмады. Он-ақ минут болды.

– Тез-ақ бітірді ғой, – деді атам айызы қанбай.
– Газеттен оқисыңдар! – деді ғой.
– М, иә. «Егеменге» шығатын болар?
– Сөйтетін шығар.
– «Егемен» Семейге қанша уақытта келетін еді?
– Білмеймін. Екі-үш күнде келіп қалар.
– Өйтпейтін болар. Елбасының «Жолдауын» жылдам жеткізуі тиіс. Халық танысуы керек қой.

Ішім қылп ете қалды. Атам таңсәріден тұрып алып:

– Бар біліп кел, газет келіп пе екен? – деп мені поштаға жұмсап жіберуден де тайынбайды.
– Жазба нұсқасы интернетте жарияланатын болар, – дедім. Ертеңгі қарбаластың алдын алып.
– Иә, солай екен ғой. Ол қашан шығатын еді?
– Білмеймін ғой, қазір көрейік…

Күнде сағат оннан соң «қой, ұйықтайыққа» басатын атам, бүгін он бір жарымға дейін жүрді. Жүргені құрсын.

– Түсті ме, түспеді ме? – деп менің зықымды шығарды.

Ол аздай таң бозынан тұрып алып:

– Балам, анауыңды қарасаңшы? Жолдау түсіп пе екен? – деп жылы төсегімнен суырғандай қылып тұрғызды.

– Түсіпті.
– Жақсы болды ғой, балам. Бірақ мынауыңнан мен оқыған құрлы болмаймын. Маған үлкен қаріптермен қағазға шығарып бер! – деп отырған отырысы еді ғой.
Отырсын енді, қашанға дейін отырар екен?

Екінші шынымды сораптап болып, үшіншісін алдыма ала бергенімде, атам да жетті.

– Үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқып шықтым.
– Үтір-нүктесіне дейін қалдырмай жаттап алмадыңыз ба?
– Оған қартайдық қой. Әттең жас күнім болғанда!.. Адамның жады тозады екен ғой.
– Осыны жазып отырған өзіңіздің құрдасыңыз ғой? Сонда ол кісінің…
– Балам, ханда қырық кісінің ақылы болады, – деді атам, менің сөзімнің соңын күтпей. Сәлден соң:
– Жолдау керемет екен! Нұрекең бәрін қамтыпты, – деді атам тамсанып.

Тап бір «Жолдауда» жазылған дүниелер күні ертең басына келіп орнай қалатындай болып…

– Зейнетақыға қосып па? – деді апам да қосанжарлап..
– Қосыпты.
– Қанша?
– Жиырма пайыз! Апам жымың ете қалды.

«Әй аңқау апам-ай! Ол жиырма пайызды инфляция әлдеқашан жеп қойғанынан хабарыңыз жоқ-ау!» – деп қоямын мен іштей.

Атам үнсіз. Ойланып отыр. Дастархан басында сәл тыныштық орнағандай болды.

– Әттең! – деді атам сәлден соң. – Әттең!
– Ей, шал! Не көрінді таң атпай «әттеңдетіп!». Апам шырт ете қалды.
– Ей, бәйбішем-ай, сен нені сезуші едің?
– Сен сезгішсің ғой. Бір үйге біреуі болады да?
– Мына «Жолдауда» жазылғандардың қалай жүзеге асқанын өз көзіммен көрер ме едім?!

Атам сәл көзін жұмып ойланып отырып барып, маған қарап:

– Соны сендерге бұйыртсын! – деді.
– Әумин! – деді апам.
– Әумин! – дедім мен де..

31-қаңтар, Семей шәрі.

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару