Сейсенбі, Қазан 10, 2017
Негізгі > Руханият > Өмір деген – тағатсыз бір қозғалыс

Өмір деген – тағатсыз бір қозғалыс

Өмір деген көк мұхиттың толқыны,

Бір-бірімен жатқан тулап жарысып…

Өмір толқыны қай жағадан қалай алып соғарын адам баласы біліп болмайды. Тағдырдың жазғаны деген де сол болар… Келер күннің қандай тосын сыйы бар екені де беймәлім. «Адамның басы – алланың добы» дегенді естуіңіз бар ма?!

Адам ойына нелер келіп, не кетпейді?! Бірақ, өмірімдегі дәл мұндай өзгерісті ойым тұрмақ, түсімде де көрген емеспін. Бір-ақ сәтте шығыстың қызы баянауылдық болып шыға келді. Осы күнге дейін Баянауланың көркімен шығармалардан тәнті болғаным болмаса, аяқ басып келген емеспін. Көз көріп, табан тіремеген жер мені мұнша жылы қабылдайды деп те ойламадым…

Адам баласы маңдайға жазғанын көреді. Тағдыр жолы өз бағытына өзі-ақ беттейді. Тек, мазасыз, артық сұрақтар қоймай алған беттен қайтпау керек. Жүрек қалауымен болған жағдай жауапты қажет етпейді. Қате кетсек, жолымыз өзі дұрыс бағытқа салады. Әр торап бұл мүмкіндік. Айналаңа терең үңілсең, алдыңда қаншама мүмкіндіктер жатқанын көресің. Әлем сені сүйеді! Тек, әлемге құлаш сермеп, құшағыңды аш. Ұмтыл. Жүгір. Оның құпияларына үңіл. Арманыңа ерік беріп, шабыттан. Саяхатта. Өткеннің әлегі мен ауыр жүгін тастап болашаққа, бақытты болашаққа ұмтыл. Адамға, ақша, дүниеге байланба, сонда әлем саған қажетіңнің барлығын алдыңнан тосады. «Адамның аса зор ерекшелігі – ең қиын кедергілерді жеңудегі табандылығы» екенін де естен шығармаған абзал. Міне, осы бір өмірлік қағидалар мені арманымнан адастырмай, жолымнан жаңылыстырмай алып жетті. Өмір деген – тағатсыз бір қозғалыс. Жат жерге келіп сол жердің қайнаған тіршілігіне араласу кім-кімге болса да оңай түспесі бесенеден белгілі ғой. Бірақ, өмір сонысымен де қызық.

Ата-ана, туған-туыстан, достардан жырақ жүру өте қиын. Қиналғанда жаныңа демеу болып, қолдау көрсететін ешкім жоқ. Ешкім де ешнәрсе қызықтырмайды, қолдамайды. Бірақ, бұл – менің өмірімнің жаңа бір белесі. Әр күн – жаңа адамдар, жаңа идея, жаңа мүмкіндік. Баянауланың баянды тіршілігі мені әр саладағы түрлі жаңалықтармен таныстырды, табыстырды. Қызметімді бастаған алғашқы күннен өмірім басқа арнаға ауысты. Мүлдем танымайтын адамдар ет жақыныма айналмаса да жанымды түсінетін болды. Біреу күле қараса, біреу қызыға қарайтындай дәрежеге жеттім. Оның барлығы жанымдағылар мен жақындарымның қолдауы мен қолпаштауынан. Алдымнан шыққан әр адамға, әрбіріне алғысым шексіз. Біреуі менсінбеушілік арқылы алға ұмтылуды үйретсе, екіншісі қолдауымен жоғарылуыма себепші болды…

Осындайда ұлы Абайдың мына бір өлең жолдары еріксіз ойға орала береді. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Адамның күні адаммен екенін жадымыздан шығармайық. Қолдан келсе, қолдау білдірейік! «Алғыс адамды семіртеді» дегенде қазақ қандай тапқырлық танытқан. Көңілдің марқаюы жылы жүзбен айтылған жылы сөзде. Ендеше, бірімізге біріміз жәрдемші болайық, алғысын алайық. Өмірде сізді не күтіп тұрғаны беймәлім!

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ,

“Жерұйық” блогері

 

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару