Сенбі, Қазан 28, 2017
Негізгі > Жаңалықтар > ДАРЫН ДАРЫНЫН МОЙЫНДАТТЫ

ДАРЫН ДАРЫНЫН МОЙЫНДАТТЫ

14996543_1122045647902970_1522092949_n

Әлі ыстық-суығы басылмаған XIX халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Халық музыкасы» домбыра аталымында Дарын Құдайбергенов жүзден жүйрік шығып, Гран-При иегері атанды. Осы аталымның ең жоғары марапатын табыстаған профессор Тұрар Әлпиев  Дарынның дарынына кәсіби маман ретінде үлкен баға беріп, жас күйшінің бұдан да жоғары биіктерді бағындыратынына зор сенім білдірді.

Иә, еліміздің шығармашыл жастарына арналып екі жылда бір өтетін халықаралық «Шабыт» фестивалінде топжарып, жоғары марапатқа қол жеткізу оңай емес. Бағың да, бабың да бәсекеге түсетін шығармашылық додаға өнер өлкесінде талантымен танылған жүздеген жүйрік қатысады. Солардың соңында емес, ең алдында болу, көрермен мен әділқазыға өнеріңді мойындату – кәсіби білімің мен орындаушылық шеберлігіңе сын. Оның үстіне тылсымы терең күй жарысында.

Міне, осындай алқатопта жас талант Дарын Берікұлы Құдайбергеновтың жұлдызы жарқырап, «Шабыттың» Бас жүлдегері атанып жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Астанадағы Өнер Академиясының студенті болғанымен ол Семей өңірінің өнер мектебінен нәр алған талант иесі. Сол себепті, «Шабыттағы» қатарластарын шаң қаптырып дара келген Дарын бауырымыздың жеңісіне Семей жұрты да қуана қол соғып жатуы заңдылық.

15058585_1122045674569634_1992206810_n

Дарынның әкесі Берік Құдайбергенұлы қазақтың маңдайалды әншілерінің қатарынан болса, анасы Меруерт те өнерден құралақан емес деп естиміз. Яғни, бүгінгі бас жүлдегер бауырымыздың өнердегі сапары отбасындағы тәрбиеден бастау алғанын көреміз.

Халық руханиятының асыл қазынасы күй өнерінің өрінен көрінген Дарынды дара жеңісімен қуана құттықтап, келешекте Халық музыкасының үлкен өкіліне, қайраткер тұлғасы болуына тіектестік білдіреміз!

«Жерұйық»-ақпарат

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару