Ұлттың ұлылығы оның тамыры тереңнен жайылатын наным, сенімдерінен, болмысы мен табиғатынан, ғұмырлы ғұрыптарынан көрінсе керек. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды». Абайдың жиырма төртінші қара сөзі естеріңізде ме?! Біздің халыққа ғана тән қарекет, ұлтымызға ғана жақын ұлылық – наным. Ол дегеніңіз дүниені тану, бар болмысымен қабылдау, керек десеңіз, өмірдің өзін өзгеше тану. Халқымыздың ырым-тыйымдары жетіп артылады. Оның барлығында да терең тәрбие, үлкен астар, мән бар. Табиғаттың тылсым құбылыс, жаратылыстарын да тұспалдайды, түсіндіреді…
Айна. Қолданыстағы қарапайым зат болып көрінетін, барлық үй, керек десеңіз, әр қалтадан табылатын заттың қандай сыры бар? Иә, сыры… Өз бейнеңді көз алдыңа әкелетін құралдың жасалу жолы көпке түсінікті. Қолдану реті де баршаға аян. Сымбатыңды түзетіп, келбетіңді кесікендеу үшін қажет. Үй ішінде интерьер дейді, бөлменің сәнін келтіру үшін де үлкен қабырға айналары қолданылады. Бұл тұрмыстағы қажеттілік. Қалыпты қажеттілік. Енді бір мәселе бар. Мәселе емес, мән-жайын терең түсінуге тұрарлық жағдай. Тылсым. Бұл ұғым баршаға таныс. Кейбіреулер сенім артпағанымен де, келесі біреулері тылсым күштің барына сенеді. Ал, енді қараңыз. Осы күнделікті тұрмыстағы айна тылсым дүниенің бір шеті емес пе? Сіз ойланып көрдіңіз бе? «Түнде айнаға қарсы ұйықтауға болмайды». «Жаңбыр жауып, күн күркірегенде, кісі өлімі болған үйдің айнасын жауып қояды». «Сынық айнаға қарама!» Бұл сөздерді сіздер де естіген боларсыздар. Демек, айнаның біз біле бермейтін, мәнін түсіне білмейтін құпия, тылсым сырлары жоқ емес…
Менің ұғымымда айна – қолыңа алып, келбетіңдегі кемшің тұстарды, яғни, шашың келіспей тұрса, галстугың қисық тұрса, түймең дұрыс тағылмаса соны реттеу. Менің ғана емес-ау, барлығы үшін де солай. Енді бәр мәселе, осыны қоғам үшін, халық игілігі үшін де қолданып көрсе қалай болар екен! Мұндағы айнамыз өз іс-әркетеміз бен жақсы-жаман қылықтарымыздың көрсеткіші болмақ. Айнаға қарап қисайған жағамызды дұрыстағанымыз сияқты, қоғамдағы ушықпаса да, келеңсіздік тудырған жағдайларды дұрыстауға тырысып бағайық. Себебі, өзімізден бастағанда ғана іс алға басады, нәтижесі байқалады. Айна нақтылықты көрсетеді. Олай болмағанда «айна-қатесіз» деген сөз тіркесі қолданыста жүрер ме еді?! Кезінде ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллин журнал ашып, не себепті атын «Айна» деп қойды? Ондағысы халық өз кескінін, қоғамдық келбетін көрсін дегені… Алаш баласы, айнаңа қара!
Әлия ТАУКЕНОВА.